Басты ақпаратРуханият

Батырдан қалған жәдігер

Астанадағы Әскери-тарихи музейде халқымыздың бірегей батыры, XVIII ғасырдағы қазақ сарбаздарының ту ұстаушыларының бірі болған Абылай хан тұсындағы дала дипломаты Қожаберген Жәнібекұлының шапанын музейге қабылдау рәсімі мен белгілі ғалым Бақыт Еженханұлының Қытай деректері бо­йынша жазылған «Қожаберген батыр» атты кітаптың таныстырылымы өтті.

Қазақы шежіремен өргенде, Абақ керейдің шұбарайғыр атасынан тараған Қожаберген Жәнібекұлы – қазақ-жоңғар соғысында ерен ерлік көрсеткен қаһарман. Оның есімі өз заманындағы Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Көкжарлы Барақ, Ер Жәнібек секілді игі жақсыларымен қатар аталған. Кейбір деректерде батырдың манжы-қытай генералдарымен кездесіп, Қазақ хандығы атынан дипломатиялық келіссөз жүргізгені, қытайлармен «Жылқыға – жібек» саудасын жасауға ықпал еткені айтылады. Тіпті баһадүрдің жоңғар ханы Әмірсанамен жақсы қарым-қатынаста болып, оған ел билеушісі өзінің Мұлтыр деген ұлын өкіл бала етіп бергені де жайында әңгіме бар.
Жалпы, Қожаберген батырдан артында көп жәдігер қалған. Айталық, оның жорықта ұс­таған ақ туы Моңғолия­дағы ұрпақтарының қолында болса, музейге тапсырылып отырған шапаны Қарағанды об­лысы Қарқаралы ауданы Қаршығалы ауылдық округіне қатыс­ты Көктас ауылында тұратын батыр әулетіне жиеншар Бақыт Теңселұлы деген азаматтың үйінде сақталған. Оның айтуынша, бұл құнды дүниені көзінің қарашығындай сақтап, кейінгіге аманаттап кеткен әжесі Шәмшия Кемиекқызы екен.


Ал ғалым Бақыт Еженханұлының батыр туралы оқырманға жол тартқан кітабында Қожаберген Жәнібекұлының өмірі, жорық жолдары тың деректермен өрілген. Жинақтың таныс­тырылымында академик Дихан Қамзабекұлы «Бақыттың еңбектерін жақсы білеміз. Оның бәрі ғылыми жүйелілікпен жазылған. Кітапта батырға байланысты, сол дәуірге қатысты материалдар мұқият сарапталған. Одан көп дүние алуға болады. Соған көңіліміз толып отыр» деп авторға ризашылығын білдірсе, белгілі тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлы батыр туралы өз білгендерін жұртшылыққа жеткізді.
Қожаберген бабамыз туралы біршама мәліметтер орыс тарихшылары Г. Потанин, Н. Аристов еңбектерінде кездеседі. Моңғол мұрағатында біразы жинақталған. Ғалым Бақыт Еженханұлының сөзіне зер салсақ, батырдың өмірі жайындағы деректер Цинь патшалық дәуіріндегі мәнжу тілді архив құжаттарында жақсы сақталған. Оның 70-ке жуығы жинаққа енді. Бұл кітап батыр туралы ғана емес, сол кезеңдегі қазақ өмірінің тыныс-тіршілігі, көрші елдермен байланысы, дипломатиялық қарым-қатынасы ғылыми зерттеулермен нақты дәлделденген.
Түйіндей келгенде, Әскери-тарих мұражай тағы бір құнды мұрамен толығып, тарих қатпары ашыла түскендей болды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button