Басты ақпаратРуханият

Арқаның абзалы

Жуырда  ҚР Ұлттық  академиялық кітапханасында «Арқаның абзалы» атауымен белгілі ақын, жазушы-публицист,  Қазақстанның  еңбек сіңірген  қайраткері  Нұрғожа  Оразды еске алу кеші өтті.

Былтыр 10 желтоқсанда ҚР елордасының Алатаудан Ар­қаға көшіп келгеніне 20 жыл толуына орай аталмыш кітапханада «Астана» залы ашылған еді. Оның негізгі қорын Нұрғожа Ораз жинаған 3500-ден астам кітап, өзінің төл еңбектері, қолжазбалары құрады. Қалам­гердің портреті, жазу үстелі, тұтынған заттары да осы жерге қойылды. Бұл бекер емес. Осыдан екі жыл бұрын 84 жасқа қараған шағында дүниеден озған жа­зушы ғұмырының жартысы­нан көбін Ақмола–Астана өңі­рінде өткізіп, осы өлке руханиятына зор еңбек сіңірді. «Тың өлкесі» газетінде қызмет етіп, ұзақ жыл Жазушылар одағының алдымен облыс­аралық, кейіннен облыстық бөлімшесін басқарды. Астана ауысқанда, жергілікті жеті ақсақалдың бірі болып қаланың символдық кілтін Елбасыға тапсырды. Бұл оқиға ел тари­хына және шаһар шежіресіне алтын әріптермен жазылды. «Сарыарқа» журналы және кейін «Жаңа Сарыарқа» болып өзгерген бұл басылым арқылы маңызды ұлттық мәселелерді көтерді.
Кешке жиналған қауым қаламгердің мұрасымен, қолданған заттарымен танысты. Өзіміз жазушымен студенттік жылдардың қызығын бірге кешкен жан досы, қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиев сыйлаған домбыраға ерекше назар аудардық. Тұманбай ақын бұл домбыраны өзі өмірден өтерінен аз уақыт бұрын ғана тарту етіп, шанақ­тың төменгі тұсына «Нұр­ғожама. Достығымызға – 60 жыл. Өз Тұмашың. 25.07.2011» деген белгі соқтыр­ған. Қаламгердің көзін көрген, қызметтес болған іні-қарындастары азаматтың асыл бейнесін еске алып, естеліктерді жаңғыртты. Солардың бірі медицина ғылымдарының докторы Ерболат Дәленов тебірене сөйледі.


«Кезінде «Тіл және мәдениет» қоғамында Нұрғожа ағамен жақын араластық. Сол кезде ағамыздың тазалығына, көпшілдігіне, табандылығына, батылдығына, сөйте тұра жұмсақтығына тәнті болдым. Болмысы, жүріс-тұрысы ерекше еді. Мен ол кісіні дана адам санаймын. Неліктен? Ағамыз саналы өмірін тың өлкесінде өткізіп, Сарыарқаны жырлап өтті. Бірде «Целиноград тың өлкесінің ғана емес, келешекте Қазақстанның астанасы болады» дегені бар. Айт­қаны айдай келді.
Нұрғожа аға өте қамқор жан болатын. Өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдары ауыр бол­ғаны белгілі. Сол кездері жас ақындар, жас жазушылар, жас ғалымдар еңбектерін қайда шығарарын білмей қалды. Соларға «Сарыарқа» журналынан орын берді. Қазір олардың көбісі үлкен азаматтарға айналып, беделді қызметтерді істеп жүр. Ағаның ақыл-кеңесі бәріміздің жадымызда. Әсіресе, «Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда біреуге өкпелеп жатамыз, болмашы нәрсеге көңіліміз қалып жатады. Сол не керек?» деген сөзі есімнен кетпейді. Аға қаламгер ғана емес, қайраткер де еді. Осы қалаға еңбегі әбден сіңді. Өмірі мәнді де, мазмұнды болды» деді ол.
Нұрғожа Ораз С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) оқығанда заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің алдынан дәріс тыңдады. Ал жыр жинақтарына, қазақ жерін отарлау саясатының ащы шындығын әшкерелеген «Қаракүйік» романына, тарихымыздағы бұрмаланған деректер жөніндегі «Талқандалған тарихат» кітабына Ғафу Қайырбеков, Тұрсынбек Кәкішев, Кеңес Нұрпейісов, өзге де белгілі қаламгерлер, әдеби сыншылар мен тарих­шылар кезінде жылы пікірлерін білдірді. Кеш барысында осы туралы да айтылды. Астана медицина университетінің студенттері ақынның өлеңдері мен оған арнауларын оқыды. Соңында қаламгермен алпыс жылға жуық тату-тәтті өмір сүрген жары Айман Қожахметқызы жиналғандарға алғысын жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button