Айтпайын-ақ деп едім!

Тыйымды да тыңдай жүр



Жаз келсе елімізде суға кетіп қайтыс болатындардың саны артады. Алдыңғы күні елордада тағы екі бала суға кетті. Қайғылы жағдай Бейсекова көшесі бойындағы көпір маңында орын алған. Астаналық құтқарушылар оқиға орнына жедел жеткенмен, балаларды ажалдан аман алып қала алмады. Өкінерлігі, оқиға болған жағалау – төтенше жағдай қызметкерлері ақпараттық стенд пен шомылуға тыйым салынған белгі орнатқан, шомылуға тыйым салынған жер.

[smartslider3 slider=3105]

Қазіргі уақытта елорда аумағында шомылуға рұқсат етілген үш учаске бар (Орталық саябақ, «Три пескаря» және «Столичный двор» демалыс базасы) болғанмен, жұрттың көбі, әсіресе балалар, ол жерлерге көп бара бермейді. Есесіне қаланы қақ жарып ағып жатқан өзеннің кез келген жеріне шомыла беру дағдыға айналған. Қатердің қайнары осыдан басталады.

Тек астанада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде шомылуға болмайтын, тыйым салынған орындар аз емес. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 116 жағажайда шомылуға тыйым салынған. Алайда көп адам мұны елемейді. Соның салдарынан өңірде өткен шомылу маусымында 35 адам суға батып кетсе, биыл, міне, шомылу маусымы басталмай жатып 3 адам суға кеткен.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметіне жүгінсек, шомылу мезгілінде жыл сайын 1,5 мыңнан аса адам апатқа ұшырап, оның 500-ге жуығы көз жұмады екен. Бұлардың 90 пайызы суға шомылу үшін жабдықталмаған немесе шомылуға тыйым салынған су айдындарында суға кетеді. Әрине, суға кетудің бұдан басқа да себебі бар: балалардың суға кетуі көбіне ересек адамдардың қарауынсыз суға шомылуымен байланысты болса, ал ересек адамдардың оқыс жағдайға ұшырауы өзіне-өзі сенуі, өз күші мен мүмкіндігін асыра бағалауы, судағы қарапайым жүріс-тұрыс қағидаларын сақтамауы сияқты себептерге қатысты. Сондықтан шомылу мезгілінде кім-кімге де сақтық қажет. Шомылғалы жатқан су айдындардың қауіпті жері мен ерекшелігін білмей тұрып суға секіру өте қауіпті. Себебі жабдықталмаған орындарда батып кеткен діңгектер, темір кесектері, шыны және тағы басқа заттар болуы мүмкін. Жақын жерде жүзіп бара жатқан катерлерге, кемелерге және моторлы қайықтарға жақындау да аса қауіпті екенін ескерген жөн. Қысқасы, өз басымыздың амандығы үшін тыйым салынған орындарға шомылуды доғару керек. Өйткені қатердің алдын алуға жауапты мекемелер тыйымды текке салмайды. Яғни сол арада бұрын қайғылы жағдай болғаны және шомылуға қолайсыздығы себептермен ты­йым белгілерін қоятыны айтпаса да түсікті. Ендеше тілсіз жау тынысымызды үзбесін десек, тыйымды да тыңдайық.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button