Басты ақпаратЖаңалықтарТуризм

Тың тыныс

Астанада «Франция – Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасының ай сайынғы отырысы аясында «ЭКСПО-2017 – Қазақстан туризмі дамуының жаңа қарқыны» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Францияның Қазақстандағы елшісі Филипп Мартине, «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Францияның бас комиссары Паскаль Лоро, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Майнура Мур­замадиева, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев және бірқатар француз компанияларының өкілдері қатысты.
Аталмыш жиында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің нәтижесі, «Болашақтың энер­гиясы», туризмді дамыту тұрғысын­дағы жасалып жатқан жұ­мыс­­тар сөз болды.
Еліміздің экономикасын кө­теруде, сол сияқты, француз­дық компаниялардан инвес­тиция тартуда 40-тан аса ком­­­панияны біріктіріп отыр­ған «Франция–Қазақстан» сауда-өнеркәсіптік палатасының үлесі зор. Қазақстандағы үшін­ші шетелдік ин­­вестор, Қазақ­станның ал­тыншы клиенті және жетінші өнім берушісі болып та­бы­латын Францияның биз­несмендері өз капиталдарын инфрақұрылым, те­ле­коммуникация, құрылыс материалдарын өндіру мен жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, металлургия салаларына құятынын айта кету керек.
– Франция – Қазақстанмен стратегиялық әріптестік орнату жөніндегі келісімге қол қойған Еуропалық одақ құ­ра­­мындағы елдердің ішіндегі алғашқы мемлекет. «ЭКСПО-2017» көрмесіне Фран­ция­ның белсенді қатысуы екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа дәуірінің бастамасы деп ойлаймын. Қазір Қазақстанда туристік сектор әлеуетін арттыруды жүзеге асырудың маңыздылығы жоғары. Бұл тұрғыда Қазақ елінің мүмкіндігі мол. Осы елде өткізіліп жатқан ауқымды шаралардың арқасында әлем елдері халқының Қазақстанға келуге деген қызығушылықтары одан әрі арта түседі деп ойлаймын, – дейді «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Францияның бас комиссары Паскаль Лоро. Өз кезегінде, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев «ЭКСПО-2017» көрмесі елорданың дамуы жолындағы тарихи кезең екенін атап өтті.
– Бүгінде Астана халық­аралық ауқымды шараларды өткізетін орталыққа айналып отыр. Биыл еуразиялық кеңістікте тұңғыш рет бірегей оқиға орын алды. Ол – мау­сым-қыркүйек айларында өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі. Бұл – елорда туристік клас­терінің дамуына сүбелі үлес қосқан қала тарихындағы ең ауқымды шара. 96 күн ішінде 115 ел мен 18 халықаралық ұйымдар өздерінің сан саладағы технологиялық жетістіктері мен инновация­лық жобаларын қазақстандықтар мен әлем елдерінен келген туристердің назары­на ұсынды, – деді Ермек Аманшаев. – Биылғы жазда Астанаға 5 миллион шетелдік мейман ат ізін салса, оның 2,5 миллионы – ЭКСПО көрмесін тамашалау үшін арнайы кел­гендер. Айта кету керек, ЭКСПО-ның ашылуына дейін заманауи технологиялармен жабдықталған «Нұрлы жол» вокзалы салынды. Сонымен қатар, әуежайда халықаралық рейстерге арналған жаңа терминал ашылды.
Сондай-ақ, өз сөзінде тур­операторлардың қызметі өткен жылмен салыстырғанда 78 пайызға өсіп, қонақүйлері меймандарының 3 есеге артқанын атап өткен қала басшысының орынбасары елордадағы мейрамханалар мен қонақүйлерден түсетін салық төлемі де былтырғымен салыстырғанда 3 есеге көбейгенін жеткізді. Сонымен қатар, ол ЭКСПО көрмесі кезінде 500-ден аса шаралардың ұйымдастырылғанын да тілге тиек етті.
– Қазіргі уақытта шетелдік кеңесшілермен бірлесе отырып, Астана қаласының 2020 жылға дейінгі туризмді дамыту стратегиясы жасалды. Бұл стратегия елорданың туризм саласын жаңа деңгейге көтереді деп үміттенеміз. Қазіргі уақытта Астананың инфрақұрылымы туристерді қабылдауға және барлық деңгейдегі шараларды өткізуге толық дайын. Алайда біз әрі қарай да алға ұмтылатын боламыз. Бүгінгі шара да екіжақты тәжірибе алмасып, Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді ­Е.Аманшаев сөз соңында.
Ал «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев «ЭКСПО-2017» көрмесінің арқасында Астанаға алыс-жақыннан толассыз келіп жатқан туристердің осы қарқынын бәсеңдетіп алмау керектігін атап өтті.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button