Мәдениет

Эрмитаж жәдігерлері

Еліміздің Ұлттық музейінде «Эрмитаж күндері» өтті. Астаналықтар мен қала қонақтары кезекті мәрте Ресейдің әйгілі музейінің жәдігерлерін тамашалауға мүмкіндік алды.

Ұлттық музейдегі «Эрмитаж күндері» жобасы Қазақстанда 2015 жылғы 1 желтоқсанда басталған болатын. Биылғы бұл жоба «Шығыс және Батыс: Эрмитаж топтамасынан ескі қару-жарақтар» көрмесінің жабылуына орай ұйымдастырылды.
«Бұл шара – барлық жағынан тығыз байланыс орнатып үлгерген Қазақстан мен Ресей Федерациясының өзара ынтымақтастығының көрсеткіші. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрменің аясында ұйымдастырылған «Шығыс пен Батыс: Мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақтар» көрмесі көпшілікті қызықтырғаны сөзсіз. Аталған көрмеге келгендер қару-жарақ өнерімен және олардың тарихымен танысуға мүмкіндік алды.
Ұлттық музейде «Эрмитаж күндері» – белгілі бір мерзім аралығында дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын шара. Осының нәтижесінде Эрмитаж бен Ұлттық музейдің өзара байланысы нығаюда. Әлемге әйгілі Эрмитаждан үйренеріміз, үлгі алатын дүниелеріміз жетерлік» деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан.
Оның сөзін жалғаған Эрмитаждың бас директорының орынбасары Светлана Адаксина «Осы шараның барысында Эрмитаждың ҚР Ұлттық музейімен мәдени, шығармашылық және достық қарым-қатынасы арта түсті. Бұл байланыстың біз үшін маңызы зор. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ұйымдастырылған Эрмитаждың қару-жарақтар көрмесі осы қарым-қатынастың нақты дәлелі деуге болады. Осы жолы Эрмитаж мамандары дәріс­тер оқып, музейіміздің жаңалықтарымен және кейінгі жылдардағы жетістіктерімен бөлісті. Бұл жолы біз Эрмитаждың «Юпитер» залын алып келдік. Оның жәдігерлерін виртуалды түрде тамашалай алдыңыздар» деді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button