Мәдениет

«Тыныштық күзетшісінің» тағдыры

Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» драмасының премьерасы өтті. Туынды Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналды. Спектакльді аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев сахналады.

Бұл шығарманың дәл осы театрда қойылуында бір заңдылық бар. Жазушы осындай атаумен алдымен әңгіме жазды. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген соң, өнер адамдарын қызықтырды. Соның ішінде әйгілі әртіс Әнуар Молдабеков әңгімені пьесаға айналдыруды ұсынды. Бас кейіпкер Демесіннің бейнесін өзі сомдағысы келетінін айтты. Алайда арада көп уақыт өтпей актер өмірден озып кетіп, арманына жете алмады…
Ал М.Әуезов театрының сол кездегі көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетов авторға ресми хат жазып, шығарманы сахнаға лайықтауды өтінді. Актер мен режиссердің өтінішін жерде қалдырмаған қаламгер екі айдың ішінде пьеса жазып шықты. Спектакльді аталмыш өнер ордасында Сәулебек Асылханов қойды. Бас кейіпкерлерді Қазақстанның халық әртістері Тұңғышбай Жаманқұлов пен Гүлжан Әспетова сомдады.
Міне, арада бірталай жыл өткен соң, осы қойылымның дүниеге келуіне тікелей себепші болған сахна суреткері Әзірбайжан Мәмбетовтің аты берілген театрда бұл туынды жаңғырып отыр.
Спектакль желісі бас кейіпкер Демесіннің (Бейбарыс Асқарбеков) айналасында өрбиді. Кішкентайынан қасірет шеккен оны ауыл жұрты «жынды», «есалаң», «әумесер» деп атап кеткен. Ол болса қысы-жазы үстінен көнетоз солдат шинелі мен әскери бас киімді тастамай, өзін «тыныштық күзетшісі» деп атайтын.
Драмада соғыс жылдарындағы ауыл тіршілігі, тылдағы еңбек суреттеледі. Әйелдер мен балалардың иықтарына түскен ауыртпалық айқын көрінеді. Бірақ жанры драма болса да, Дулат Исабековтің қаламына тән юмор қоса жүреді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button