Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ НАҚЫШПЕН АЙШЫҚТАЛҒАН «iTYS» МЕССЕНДЖЕР



1111

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация­лар қызметінің кеше өткен кезекті брифингінде «Айтыс» («iTys») атты тұңғыш қазақстандық мессенджердің таныстырылымы болды. Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев пен аталған жобаның жетекшісі Дәуіт Шайхисламов қатысқан басқосуда мобильдік қосымшаның артықшылықтары кеңінен таныстырылды. Олардың айтуынша, бұл «Whatsapp» атты әлемге белгілі мес­сенд­жердің қазақстандық баламасы болмақ. Яғни, «iTys» тұңғыш рет қазақстандық мамандар жасап шығарған, жедел хабар алмасуға арналған ұлттық жоба.

«iTys» орыс және ағылшын тілдерінде ғана емес, ең бастысы, қазақ әліпбиінің барлық әріптерін пайдаланып, мемлекеттік тілде хабар алмасуға болатындығымен ерекшеленеді. Бұл оны қазіргі кезде қолданыста жүрген белгілі мессенджерлерден даралап, әрбір қазақстандыққа арналған, толықтай ұлттық ІТ-өнім ретінде таныта алады. Жаңа отандық өнім қазақ тілін қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық ортаға бейімдеу туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген міндеттерге толығымен сай келеді» деді басқосуда Азат Шәуеев. Оның айтуынша, «iTys» қосымшасының ең басты ерекшелігі – оның ұлттық мәнерде айшықталған, мемлекеттік тілде қолдануға болатын эксклюзивті интерфейсі мен мәзірі.

«Мобильдік қосымшадағы барлық смайликтер қазақтың ұлттық нақышында жасалған. Сонымен қатар, мұның тағы бір маңызды қыры – басқа мессенджерлер сияқты қолдану үшін төлем талап етпейді. Кез келген адам оны «iTys.kz» сайтынан тегін жүктеп алып, тегін қолдана алады. Осының барлығы хабар алмасуға арналған тұңғыш қазақстандық мобильді қосымша – «iTys»-ты тек тартымды, қызықты етіп қоймай, Қазақстанның кез келген тұрғыны үшін мейлінше қолжетімді етеді» деді А.Шәуеев жиын барысында.

«iTys» жобасының тағы бір ерекшелігі – онда жеке хаттардың құпиялылығын сақтауға мүмкіндік беретін хабарламаларды автоматты түрде өшіру функциясы бар. Мұндай қызмет әлемдегі бірде-бір мессенджерде жоқ. Сонымен қатар оны жетілдіруге әрбір қазақстандық өз үлесін қоса алатын халықтық мессенджер болып табылады.

Айта кеткен жөн, қазіргі таңда қосымшаны жүктеу «Android» операциялық жүйесі бар смартфондар үшін қолжетімді. Жобаны жасаушылар желтоқсан айында «iOC» платформасына шығуды көздеп отыр.

Асхат Райқұл

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button