Басты ақпаратРухани жаңғыру

Ұлттық өнерді телеарналар неге аз ұлықтайды?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жақында жариялаған «Қазақ­стан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халықтың жаппай қолдауына ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалғастырып қана қоймай, оны жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажеттігін атап көрсетті. Күні кеше ғана шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы арқылы жаңа жобаларды ұсынып, оларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастыратынын айтты. Соның ішінде аталмыш бағдарламаның жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасын цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Кейінгі жылдары ұлттық музыка өнерінің насихаты кемшін соғып тұрғаны – ащы ақиқат. Бұл салаға тиісті көңіл бөлінбеген соң, даулы мәселелер де көбейіп барады. Мәселен, халық композиторы Сегіз сері (Мұхамедқанапия) Шақшақұлына қатысты әртүрлі әңгімелер шыққанына біраз уақыт болды. «Сегіз серінің атына көп халық әндері негізсіз телініп кетті… Мұндай адам тарихта болмаған… Сегіз сері ән шығармаған, жырау, батыр адам болған…» се­кілді сөздерді талай естідік. Бұ­ған керісінше, кейбіреулер «Гау­һартас», «Наз­қоңыр», «Ғайни», «Алқоңыр», «Ақбақай» сынды белгілі әндерді Сегіз серіге телиді. Кімдердікі дұрыс, кімдердікі бұрыс екені әлі анықталмаған.
Биыл күй атасы – Құрманғазы­ның туған жылына байланысты біраз пікірталас туды. Мәдениет және спорт министрлігі күйшінің туғанына 200 жыл толды деп, Алматыда концерт өткізді. Бел­гілі күйші Шәміл Әбілтай осыған қарсы уәж келтіріп, осы жылы Құрманғазының 195 жылдығы екенін айтты. Астанада да, күйшінің кесенесі орналасқан Ресейдің Астрахань өңірінде де кейінгі мерейтойлық датаға байланысты шаралар ұйымдастырылды.

Ұлттық өнердің насихатында телеарналар үлкен рөл атқаратыны анық. Телеарналардағы белгілі бір салмақты, салиқалы бағдар­ламалар арқылы да шындыққа бір табан болса да жақындауға болады. Қазақ телевизиясына биыл 60 жыл толды. Соның заңды мұрагері «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап 100 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға көшті.
Кезінде бұл телеарнадағы «Асыл мұра» атты әдеби-сазды бағдарламаға бай­ланысты «Жәні­бек ән салады, Ақселеу тамсанады» де­ген сөзді көрнекті ақын Жарас­қан Әбдірашұлы айтып, бұл сөз халық арасына тарап кет­­ті. Илья Жақанов, Жарқын Шәкә­рім сынды зерделі музыка зерт­теушілердің де тұщымды бағдарламалары болды. Кейінгі жылдары бұл жағы сұйылып кетті. Ақан Әбдуәлі жүргізген «Телқоңыр» бағдарламасы ғана жыртықты жамағандай еді, оның өзі тоқтап қалды.
Белгілі жазушы Смағұл Елу­байдың «Ел боламын десең, теле­экраныңды түзе» дегенін халық біледі. Сол сөз бүгінгі күні әлі де өзекті болып отыр. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы мерейтойына байланысты «Алтын қордан» бұрынғы бағдарламаларды алып, әр демалыс сайын көрсетіп жатыр. Бірақ бұл теңізге тамған тамшыдай ғана.
Қазір телеарналар төріне эстра­­да шығып, ұлттық музыка өнерінің басы босағада қалғанын, төл өне­ріміз өз еліңде өгей баланың күйін кешіп отырғанын осы өнер өкілдерінен жиі естіп жатамыз. «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қариннің өзі мұны мойындайды.
Ұлттық телеарнадан қазақ музы­касына қатысты «Інжу-маржан» жобасының түсірілімі басталды. Онда әр өңір өнер­паздары, барлығы 120 адам екі-екі шығармадан орындайды. Сонда бас-аяғы 240 туынды көрерменге ұсынылады. Бірнеше жыл бұрын «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» жинақтары жарық көрді. Музыка зерттеушілері әндеріміз бен күйлеріміз одан да көп екенін айтады. Оның сыртында жырларымыз, термелеріміз бар. Бір бағдарламада оның бәрін қамту мүмкін емес. Бұл үшін тиісті түсірілімдерді ұйымдастырып, «Інжу-маржанды» халыққа бір­­неше жыл бойы ұсыну керек. Немесе осы сияқты басқа бағдарламалар қолға алынуы тиіс.

Жаңа жобаның таныстыры­лымында Ерлан Қарин төл өнер өкілдерімен кездесті. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында екінші жыл жүріп жатқан «Men qazaqpyn» мегажобасы туралы сөз сабақтады. Ашығын айтқанда, телеарнадағы ұлттық музыкаға қатысты ха­лықтың ықыласына бөленген жалғыз осы бағдарлама ғана болып отыр. Телеарна басшысының айтуынша, «Men qazaqpyn» әр аймақта жүрген дарынды жас өнерпаздарды қолдауға бағыт­талған. Ал «Інжу-маржан» ар­қылы халық белгілі әнші, күйші, жыршы-термеші, жыраулар өне­рімен қайта қауышады. Бұл жобаның тағы бір мақсаты – майталман өнерпаздарды телеарнаға жазып алып, таспаны «Алтын қорда» сақтау. Сонда олардың өнері тасқа басылғандай болып, ертеңгі ұрпаққа да жетеді.
Жобаның «Інжу-маржан» атауы әлі нақты бекітілмеген, болашақта өзгеруі мүмкін. Таныстырылым­да белгілі қаламгер, жыршы-жырау Баянғали Әлімжанов «Ха­лық қазынасы» деген атауды ұсынып, Ерлан Қаринге базынасын жеткізді.
«Кеңес кезеңінің өзінде, партия, үкімет деп қорқытқан заманда ағаларымыз «Халық қазы­насы», «Терме» деген хабарларды үзбей жүргізіп отырды. Сол кезде «Бес ғасыр жырлайды» аталатын хабарды түсірдік. Күніне үш хабардан түсіріп, сол кезде осындай атаумен кітап шықты. Өзім осы бағдарламаның авторы-жүргізушісі болдым. Бүкіл Қазақстанның жыршы-жырауларын түсіріп едік. Жел­тоқсан көтерілісі кезінде бұл ха­бардың төңірегінде жүргендер қудалауға ұшырады. Мен ол уа­қытта Алматыдан көшіп кет­кенмін, маған тиіскен жоқ. Ал тәуелсіздігімізді алғаннан кейін «халық қазынасы -жыршы-жырауларды шығарсаңдаршы» деп өзім бармаған телеарна басшысы жоқ. Әруақ, рух жырда жатыр. Кешегі «Көшпенділер» фильмі неге нашар болып шықты? Фильмді түсіргендер Мәшһүр Жүсіптің әруағынан аттап кетті. Аңыздың бәрін шетке ысырып, шетелдіктерге еліктеді. Жыр тірілсе, халықтың рухы оянып, көтеріледі» деген Б.Әлімжанов қазақтың аңыздарына арналған «Атадан қалған аңызым» атты тележобаның нұсқасын телеарна басшысының қолына тапсырды.
Биыл фонограманы тыюға, ұлттық өнерді телеарналарда ұлықтауға байланысты би­лік органдарына белгілі өнер қайраткерлері хат жазған. Хатқа барлығы 66 адам қол қойды. Соның арасында танымал әнші Сәуле Жанпейісова да бар. Алайда бұл хатқа бірде-бір жауап болмаған. Сәуле Стаханшылқызы «Інжу-маржанды» соның бір жауабы ретінде ұғатынын жеткізді. Кейбір ұлтқа керек бағдарламалардың рейтинг бермеді деген сылтаумен эфирден алынып тасталатынын айтып, «Інжу-маржан» солардың кебін киіп қалмай ма деп алаңдаушылық білдірді.
«Мен қала, облыс орталықтары түгілі алыс аудандар, ауылдарға гастрольдермен баратын әншімін. Сонда өзімді танымайтын адамдар да бар екен. Танымаған соң, концертке кел­мейді. Өнерпазды насихаттауда телеарналардың үлкен үлесі бар. Қанша жылдардан бері телеарналарда мүлдем жоқпыз деп айтуға болады. Онда көрінбеген соң, бізді білетін ел іздейді, білмейтіндер, әрине, іздемейді. Менен бір облыс басшысы «Тұрсынбек Қабатов гастрольмен келгенде халық жаппай барады ғой, сіздерге неге келмейді?» деп сұрады. «Тұрсынбек күні-түні эфирден түспейді, ал біз шықпаймыз» деп жауап бердім» деген ренішін жеткізді С. Жан­пейісова.
Бұған «Інжу-маржанды» қолға алғанда рейтингке қарамадық. Рейтингті ойласақ, бұл жобаны бастамайтын да едік. Бұл – басы ғана. Үлкен жаңалықтар әлі алда. Алдағы үш-төрт ай шамасында мұны сіздерге ұсынамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр бастамасы – маған үлкен сыйлық. Себебі Мемлекет басшысы бастай алмай отырған жобаларымызға жол ашып беріп отыр» деді Е.Қарин.
Енді оның айтқанының нақты іс жүзінде орындалғанын күтеміз. Ұлттық өнерді ұлықтайтын күн баяғыда келді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button