Басты ақпаратҚоғам

Қазақ халқында буырқанып, шыға алмай жатқан потенциал бар

Жастардың шетелге кеткенінен қорықпауымыз керек

– Әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша, «еліміздегі жастардың 40 пайызы шетелге кеткісі келеді» деген ақпарат тарады. Бұл дәл жасалған қорытынды ма, шындыққа жанаса ма – ол жағын біз білмейміз… Жалпы, осы тақырыпта не ойлайсыз?
– Азаматтың ақыл-ойы, интеллектісі, өзін алып жүре алатынына, барған жерінде өмір сүріп кете алатына сенімі болса, олардың шетелге барып тұруына өз басым қарсы болмас едім. Қазіргі жаһандану кезінде ол табиғи процеске айналған. Әрине, біз кейде «елін тастап, жерін тастап кетті» деп ренжіп, байбалам саламыз. Бірақ сәл көзімізді ашып шындыққа тура қарайтын болсақ, онда біз бәрібір сол бүкіл­ғаламдық процестен тысқары қала алмаймыз. Сондықтан, өзге елдер секілді мидағы шекараны тезірек бұзуымыз керек.
Мысалы, Маңғыстау облысы еліміздегі ішкі миграция жағынан ең артта келе жатқан аймақ. Өйткені, бізде бәрі қалаға емес, керісінше ауылға қарай тартады. Мысалы, мен республикалық деңгейдегі маман болсам да, әке-шешем ылғи «ауылға қайтсаңшы» деп отырады. Ешқашан «Алматыға не Астанаға барсаңшы, сен респуб­ликалық деңгейдегі мамансың ғой, ауылда не істеп жүрсің?» демейді. Кезінде бес жыл Атырауда бір шетелдік компанияда жұмыс істедім. Халықаралық деңгейдегі маманбыз, қызмет ететін орнымыз халықаралық компания болған соң, онда жалақымыз да, жағдайымыз да өте жақсы еді. Бірақ соның өзінде бес жыл бойы қоңырау шалған сайын ата-анам «ауылға қайт» деумен болды.
– Бірақ сол Маңғыстау қазақшылығы жақсы сақталған аймақ қой.
– Иә. Өйткені, біз бір шетте қалған өз алдына бөлек арал секілдіміз. Ақтау қала болғандықтан, Ақтаудың шеңберінде орысша болады. Одан бір шақырым алыстасаңыз, бәрі қазақша, тек қана қазақша сөйлейді.
Енді қараңыз, қазір ХХІ ғасырдамыз ғой. Біз неге тұйықталып қала беруіміз керек? Милардың, өз қолы өз аузына жеткен адамдардың шетелге кетуі, біріншіден, табиғи процесс, екіншіден, ол қалыпты, тіпті қажет нәрсе. Бәлкім, кейін қандай да бір салдары болатын шығар. Бірақ қазір оған шек қоймағанымыз дұрыс. Мысалға айтатын болсақ, әлемдегі 10 ІТ маманының 9-ы – үндіс. Солардың бәрі Америкада жүр. Мicrosoft компаниясының басшысы Сатя Наделла – үндіс, Googlе компаниясының басшысы Сандар Пичай – үндіс. Олар да эмигранттар. Кремний алқабы дейміз ғой ІТ-дің отанын, сол жердегі мамандардың көпшілігі – эмигранттар. Ол жақта неліктен қазақтар жүрмеуі керек? Неге дамыған елдерде – Еуропа елдерінде, Жапонияда, Германияда, Швейцарияда, оңтүстік Кореяда, ішкі Қытайда, Канадада қазақ мамандары жүрмеуі керек? Неге әлемнің ең озық автомобиль өндіретін елдерінде, ең озық ІТ технологиясы өндірісінде, тағы басқа жерлерде қазақтар қызмет етпеуі керек? Өз-өзімізге тығыла бергеннен не табамыз? Біреу­лер бұл жерге патриотизмды сылтау қылуы мүмкін, шетелге барып тұрып, жұмыс істеп, шетелде өмір сүріп көргеннің патриотизмге ешқандай зияны келмейді. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деп, өз-өзімізбен тұйықтала берсек, біз дамымай, артта қаламыз.
– Жастардың шетелге кеткісі келетін себебін, біріншіден, әлеуметтік жағдай, екіншісі, жемқорлық деп көрсетіпті. Яғни, біздің елде тамыр-таныссыз өсе алмайтыны жастардың көңілін көншітпейтінге ұқсайды. Бұл екеуінің негізі бар деп ойлайсыз ба?
– Иә. Бірақ бұл жерде таяқтың екі ұшы бар. Жеке азаматтың көзқарасы, өзінің пайымы жағы­нан келгенде, кез келген адамның кетуге құқы бар. Өзінің отбасын қайда барып асыраймын десе де, еркінде. Әлеуметтік жағдай дегенге келсек, мен өз басым осы уақытқа дейін Қазақстанда жүріп, күнін көре алмай қиналып қалғаннан шетелге кеткендерді көрген жоқпын.
– Олардың рухы жетпейтін шығар?
– Рухы да, білімі де, санасы да жетпейді. Сөздің шынына келгенде, Қазақстанда күнін көре алмай жүрген адамның «қой, мен бәрінен шаршадым, шетелге кетем» дегенін ешқашан естіген жоқпын. Керісінше, тойған, көзі ашық, ненің не екенін білетін, барған жерінде өмір сүріп кете алатын, өзіне сенімді мамандардан көп естимін. Менің айналамда, шетелге көшіп жат­қандардың көпшілігі сондай. Демек, тұрмыс дегенді өте бұлың­ғыр себеп деп есептеймін. Ал жемқорлық… Негізі, бұны кеткісі келетіндерден емес, кеткен адамдардан сұрау керек.

Талапты жастар өздері еліктейтін жиынтық образ іздеп жүр

– Қазіргі технократ жастардың қарқынына қарап кейде өзімізді артта қалып кеткендей сезінетініміз бар. Расында, олардың көбінің ойлауы, пайымы, тіпті тілі де өзгешелеу. Бұл не? Технократтармен арадағы рухани алшақтық па?
– Қалып кеткендей сезіну… ол өте жақсы сезім. Мен сол сезімнен өзім ләззат алам. Себебі, ол өсуге итермелейді. Өз-өзіне көңілі толмау, адамның әлі де ұмтылуға, ізденуге потенциалы бар дегенді білдіреді. Жалпы, адам үшін өз бойына, өз ішіне үңілу, өзін-өзі салыстыру жақсы нәрсе ғой. Әйт­песе, «маған жететін ешкім жоқ, аларымды алып болдым, берерімді беріп болдым, мен мықтымын» дейтін болса, ең жаман мінез – сол.
– Сіз бір жолы инстаграм парақшаңызға «темір-терсекті шашып тастап, анау не, мынау не деп бәрін сұрап, үйретіп отыратын ұстазым болса ғой» деп жаздыңыз. Сонда сіздердің алдарыңызда шынымен жол көрсететін ешкім жоқ па?
– Олай деп айтсам, «онда мені не үшін ағалап жүрсің?» деп кейбір ағаларым ренжіп қалуы мүмкін. Бар. Тәрбие беретін, жол көрсететін, ағаларымыз бар, құдайға шүкір! Бірақ біз жиынтық образ іздеп жүрміз. Мысалы, мен дінге, технологияға, оқу-білімге жақын адам болсам, сәл кішкене бунтарлық мінезге, өзгеше ойлауға бейім болсам, демек осы жақтардан жиынтық образ іздеймін. ІТ маманы ретінде өзіміз үлгі алатын ағамыз бар шығар. Оқымысты ретінде де үлгі алатын екінші бір ағамыз бар шығар. Діннен бетке ұстар тағы бір ағамыз бар шығар. Бірақ жас адамға шашыраңқы емес, біртұтас образ керек. Қазір басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген жастар көп. Олар біреуден үйренгісі келеді, біреудің бойындағы барлық қасиетін бойына сіңіріп, соған ұқсағысы келеді, бірақ кімге ұқсау керегін білмейді.
Меніңше, қазақ халқында бір буырқанып, шыға алмай жат­қан потенциал бар. Бізді бұратана халық деп атады ғой. Бірақ қазақ даласынан Әлихан Бөкейхандай азаматтар шықты. Думаға депутат болған. Кезінде пролетарлардың көсемімен бір деңгейде тұрған. Жаханша Дос­мұхамбетов, Халел Досмұхаметов… Олардың бәрі өте жоғары интеллигенция өкілдері еді. Оқымаған, малдың соңында жүрген қазақтан сондай жігіттер шыққан болса, ХХІ ғасырда қандай қазақтар шыға алады? Оқу тегін, интернет, технология бар кезде… қазақ қандай болуы мүмкін? Міне, осыны ойлап, ішкі потенциалын қазақ халқы әлі шығара алмай, толық пайдалана алмай жатыр деп ойлаймын. ХХІ ғасыр қазақ халқының ғасыры болуы керек деп есептеймін. Біз соған жету үшін барынша ашылуымыз керек.
– Ашылу үшін мидағы да, өмір сүрер ортадағы да шекараны бұзу керек дейсіз ғой?
– Қараңыз, бір жерлесіміз елден кетіп, ертең Pfizer лабораториясында мықты лаборант болар. Әлемдік ауруды тойтаратын бір препарат ойлап табар. Қазақ ғылыми зерттеу институтында да 2 млн теңге айлық алып жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ мәселе айлықта ғана емес қой. Егер адамның миы локалдық емес, жаһандық деңгейде жаратылған болса, біздің «мықты мамандарды шетелге жібермеуіміз керек» дегеніміз бұлбұл құсты торға қамап ұстағанмен бірдей емес пе?

Бізде дамудың біраз заңдылығы бұзылған

– Бір сұхбатыңызда «барлық салада мықты мамандар тапшы» депсіз. Онда бізде жұмыссыз жүргендер неге көп?
– Бірде Ұлттық арна директоры Ерлан Қарин: «бізге тек республикалық деңгейдегі, өзіміздің елдегі телеарналармен ғана емес, әлемдік деңгейдегі арналармен тайталасуға тура келеді. Себебі, әр қазақ телеарнаны қосқанда «Қазақстан» арнасымен қатар BBC, CNN арналары да шығады» деді. Яғни, бір теледидардан Ұлттық арна да шығады, әлемдік арналар да шығады. Көрерменде таңдау бар. Әлемдік деңгейдегі дүниелерді көрсе де, республикалық деңгейдегіні көре ме, олардың өз еркі. Ал ХХІ ғасырда кім артта қалып кеткен бағдарламаны көргісі келеді? Сіздің алдыңызда айфон және мен жасап шығарған, 30 секундта батарейкасы отырып қалатын, интернеті дұрыс ұстамайтын отандық смартфон тұрса, әрине, айфонды аласыз. ХХІ ғасыр деген – осы. Бұл – ащы шындық. Біз «қазақ өнімі», «отандық өнім» дей бергенмен, супермаркетке барғанда өзіңіз де баға мен сапа жағынан қайсысы тиімді болса, соны таңдайсыз. Отандық өнім деген көңіліңізден шықпаса, тұтынушы ретінде бәрібір одан бас тартасыз. Өйткені, сіздің оған моральдық құқыңыз бар.
Сол секілді бізге қазір ұсынылатын талаптар да әлемдік деңгейде. Жұмысқа кірсеңіз де, басқа маман болсаңыз да солай. Мысалы, батыста жасалып жатқан күрделі жобалардың бәрі халықаралық маңызы бар жобалар. Сондықтан, ауылдан шыққан құрылысшының өзінен олар халықаралық деңгейдегі маман деген сертификат талап етеді. Тиісінше, мықты мамандар жоқ дегенім осыдан шығады. Яғни, біз көп салада әлемдік деңгейдегі мамандарға зәруміз.
Екінші жағына келсек, бізде мамандық таңдауда қателескендер көп. Екінің бірін түртіп қараңыз, дипломы басқа да, істеп жүрген жұмысы басқа.
Қазақстанды, жалпы, тендер жайлаған. Өйткені, бізде экономиканың негізгі қозғаушы күші мемлекет болып тұр. Экономиканың негізгі рөлі, кілті мемлекеттің қолында. Мемлекет – драйвер. Дамыған елдерді қарасаңыз, ірі-ірі компаниялар өз саласын дамытып алған. Мысалы, «Tesla», «Amazon», «Virgin Atlantic» деген компаниялар өзара ғарыштық нарықты бөлісіп жатыр. Олар өздеріне қажет мамандарды өздері дайындайды. Өз векторын өздері жасайды. Оларға АҚШ немесе өзге мемлекеттер бәлкім рег­ламент бойынша талап қояр, алайда кәсіби даму жағынан «былай жасаңыздар, былай жасаңыздар» деп талап қойып отырған жоқ. Автомобиль өндірісімен айналысатын ірі компаниялар да сондай. Google да солай. Яғни, әрқайсысы өз саласын алып, дамытып, соның драйвері болып жатыр. Ал Қазақстанда экономиканың негізгі драйвері мемлекеттің қолында. Тендер шешеді.
– Яғни, бізде тендердегі талап орындалса болды ғой?
– Иә, тендердегі талап орындалса болды. Бұл экономиканы жайлап, біртіндеп өлтірудің жолы деп ойлаймын. Яғни, қуатты экономикалық, тіпті мемлекетке өзінің ережесін жүргізетіндей деңгейдегі компаниялар бізде әлі шыға қойған жоқ деп есептеймін. Бізде дамудың біраз заңдылығы бұзылған.
– Экономикада драйвер мемлекет болып отыр деді­ңіз. Даму заңдылығы бұзыл­ғанын айтып отырсыз. Оны өзгерту үшін мықты мамандар, мықты компаниялар құрылуы керек пе? Жеке аза­маттардың құлшынысы қажет пе?
– Иә, солай болуы керек. Бірақ, бәрібір қайта айналып келіп мемлекетке мұқтаж боламыз. Себебі, біз, жекелеген азаматтар қолға алсақ та, ол процесс ұзаққа созылар еді. Жүйемен күресу керек, халықпен, қоғаммен жұмыс істеу керек. Сыртқы факторлармен күресу керек. Соның арасында бала-шағаны бағу керек… Әсіресе, әлемдік бәсекелестермен күресу оңай емес. Қазір, мысалы, бізге Microsoft кіріп жатыр ма, кіріп жатыр. Apple кіріп жатыр ма, кіріп жатыр. Ресей, Украина, Белоруссия, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония – бәрінің ІТ компания­лары кіріп жатыр біздің нарыққа. Бәсеке жоғары. Демек, мен жалғыз өзім осылардың бәрімен күресуім керек. Осы кезде мемлекет дем берсе, бұл жердегі күрес­тің уақыт интервалы азаяр еді. Мен, мысалы, жалғыз өзім шаршап-шалдығып, шашыма ақ түсіп жүріп жетістікке жететін жиырма жылдық межеге мемлекет қолдауымен екі-ақ жылда жетуім мүмкін. Тиісінше, ол мемлекеттің өзіне де пайда болар еді. Сондықтан, оның да бір ара-жігін ажырату керек шығар…

Әлемді өзгертетін – адуындар

– Қазір роботтар жасалып жатыр. Технология барынша дамуда. Тіпті, жасанды құрсақтан тірі жан өндіріп шығарамыз деп отырған ғалымдар да бар… Біз бұрын роботтан қорқушы едік… Шексіз даму құдайсыздыққа апармай ма?
– Қолдан адам жасағысы келетіндердікі шексіз дамудан емес, адамның дандайсуынан деп есептеймін. «Міне, мен роботты өз қолыммен жасадым, құдай солай жасай ала ма?» деу – күпірлік. Ол даму емес, дандайсу, кері кету. Айталық, ХХ ғасыр басындағы ұшақ қандай еді, қазіргі ұшақтар қандай? Ұшақ ретінде ештеңе өзгермегенімен, олардың мүмкіндігі, параметрі артты, технология дамыды ғой. Даму – шексіз. Кейбіреулер сол дамудан құдайды, табиғат заңдылығын көріп, таң қалуы мүмкін. Ал келесі біреулері дандайсып кетеді. Жалпы таза материалистер ғылымның түбіне түскен сайын құдайды жоққа шығара берсе, имандылары ғылымның түбіне түскен сайын тамсана береді.
Бірақ шексіз даму дандайсуға апаратыны анық.
Біз кейбіреулерді «мықты маман, білімді, оқымысты, керемет инженер» деп мақтап жатамыз. Осы тұста Құраннан бір мысал келтірейін. Дін тарихында біреу болған. Ол сұмдық ғалым, сұмдық білімдар еді. Бірақ ең соңында тозаққа жіберіліпті. Оның аты – шайтан. Исламда «періштелер нұрдан, шайтан оттан жаратылған» дейді. Шайтан әуелде періште болмаса да сұмдық білімге құштар болған екен. Өте ақылды, құдайға құлшылығын да мінсіз жасайды, өзі данышпан болыпты. Алла Адамды жасап, періштелерге, Ібіліске: «Адамға сәжде жасаңдар» дегенде, шайтан: «мен оттан жаратылдым, ол балшықтан жаратылды, қалай оған сәжде қылам? Ол дым емес қой, түк білмейді ғой, ал мен қанша құлшылық жасадым, менің білетінімді мына тұрған жерде ешкім білмейді» деген екен. Ол білімді соншалық аккумуляция жасап жинаған. Бірақ дандайсыған. Сосын ашуланған Алла тағала оны «лағынеттелдің» деп, тозаққа жіберіпті. Әп-сәтте. Әйтпесе, ол ең сүйіктісі, ең білімдісі еді ғой… Айтайын дегенім, білімді адамдарды мақтағанда, бағалағанда қандай білім де адамшылықтан, тәрбиеден биік емесін ұмытпауымыз керек. Кез келген адам қандай мықты болса да, шайтаннан мықты емес. Оның қулығына, интеллектісіне жететін интеллект жоқ. Айналып келгенде бәрібір біз ізгілік, тәрбие жөнінде айтатын болсақ, «тәрбиесіз берілген білім адамзатқа қауіпті» деген Әл-Фарабидің сөзін ұстануымыз қажет.
– Қазір сізге ерік, мүмкіндік берілсе, қай елге барып үйренер едіңіз?
– Америкаға барып, білімімді дамытып, тәжірибемді сынап көргім келеді. Халықаралық білім гранттары бола ма, әйтеуір бір жолын табуға болатын шығар. Бірақ мен бұған әлі жете мән берген жоқпын. Күйбең тірліктерден шыға алмай жүрмін.
– Америка демекші, «Марс­қа ел қондырам» деген Илон Масктың мақсатына Тоқтар Әубәкіров ағамыз күмәнмен қарайтынын жасырған жоқ. «Ет пен сүйектен жаралған адам өзге планеталық бола алмайды» деді. Сіз не дейсіз?
– Дәл қазіргі біз білетін Марс, бізді оқытқан Марс бойынша онда адам баласы тұра алмайды. Бірақ Илон Маск ерекше жаратылған адам ғой. Ондай мұзжарғыш адамдар әрдайым өзгеше ойлайтын болады. Мысалға, Стив Джобс 1984 жылы «мен әр үйге компьютер жеткізіп берем» дегенде «мынаның есі дұрыс емес» деп қараған ғалымдар болған. Digital Equipment компания­сының бастығы Кен Олсон «Адамдарға дербес компьютер не үшін керектігі маған мүлдем түсініксіз» деген. Ал Билл Гейтс «640 килобайттан артық жад не үшін керек екені менің ақылыма сыймайды» деген еді… Тағы бір технология компаниясы IBM-ның басшысы тіпті «бұл әлемде бес компьютерден артық компьютер сатылмайды» деген болатын. Ол NASA-ға, анаған, мынаған компьютер жасап берсек, сол бесеуі әлемге жетеді деп есептеді. Ал қазір әр үйде екі-үш компьютерден бар. Демек, әлемді өзгертетін – осындай бунтарлар. Қажет болса, олар өзін құрбандыққа шалады…
Илон Масктың идеясының қызығын біз көрмесек те, артымыздағы ұрпақтарымыз көретін шығар.
– Өткенде математик Мұхтарбай Өтелбай ағамыз «ғылым мен техниканың шексіз дамығанынан адам пайдадан гөрі зиянын көп көре ме деп қорқам» деді.  Зиянын көрмеу үшін неге көңіл бөлу керек?
– Дәрі-дәрмектің жанама әсері болатыны сияқты, кез келген нәрсенің жанама әсері болады. Ғарышты игерудің жанама әсері – біз азон қабатын жыртып алдық. Қазір фейзбукке қарасаңыз «көптен басым ауырып, балтырым сыз­дап жүр еді, мына дәрігердің арқасында жазылдым» деп жазғандарды көрмеуіңіз мүмкін. Ал бір адам өзіне сай қызмет алмаса, «бұлар жемқор, тамыр танысын ғана емдейді, ақшаның шетін көрсетсең ғана жүгіреді» деп, бүкіл фейзбукті төңкеріп жібереді… Шын мәнінде, күн сайын мың­даған адам дәрігердің рахатын көріп отыр ғой. Қаншама жол-көлік оқиғасына ұшырағандарды дәрігерлер аман алып қалып жатыр, басқасын айтпағанда. Демек, техника, технология дамуының адамға зияны емес, пайдасы көп. Біз қай жерде соның игілігін көріп келе жатқанымызды өзіміз сезбей де қалып жатырмыз.

Әңгімелескен,
Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button