Басты ақпарат

ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ КҮНІ

Кеше «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен корольдігінің Ұлттық күні мерекесі атап өтілді. Салтанатты шараға ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров, аса жоғары мәртебелі Глочестер герцогы Ричард ханзада қатысты.

– Биыл Қазақстан мен Ұлыбритания арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толды. Осы жылдары екі жақты әріптестік серпінді даму жолына түсті. Ұлыбритания Қазақстанның сауда әріптестерінің үздік ондығына кіріп, еліміздің экономикасына құйған тікелей инвестиция көлемі жағынан алтыншы орынды алып отыр. Екі жақтың мәдени байланысының да деңгейі жоғары. Қазақстанның студенттері Ұлыбританияда білім алып жатыр. Британия мектептері Астана және Алматы қалаларында жұмыс істеп тұр. Британия әдебиетінің Қазақстандағы танымалдығы бөлек әңгімені қажет етеді. Елімізде Шекспирді білмейтін бірде-бір адам, «Гарри Поттерді» оқымаған бірде-бір бала жоқ. Ұлыбритания – салт-дәстүрді сақтап, құрметтеу жағынан Қазақстанға жақын мемлекет. Біз британдықтар сияқты шай ішкенді жақсы көреміз, – деген Ерлан Хайыров Ұлыбританияның жаңартылатын энергия көздері бағытындағы жетістіктеріне тоқталды.
Оның айтуынша, тұңғыш электртурбинасы мен алғашқы су электрстансасы ХІХ ғасырдың соңында Ұлыбританияда пайда болды. Ал 2016 жылдың қорытындысы бойынша Біріккен корольдік энергия­ны тиімді пайдаланатын мемлекеттердің үздік бестігіне енді.
Глочестер герцогы Ричард ханзада өз тарапынан Орта Азияда тұңғыш мәрте өтіп жатқан «ЭКСПО» көрмесіне қатысуды өзіне мәртебе санайтынын атап өтті. Вице-министр сөзін дәлелдей түсіп, өткен сәуірден бастап Ұлыбритания 1880 жылдан пайдаланған тас көмірден бас тартып, мұны жаңартылатын энергия көздеріне алмас­тырғанын айтты. Халықаралық көрме алғашқы мәрте ата-бабаларының бірі Альберт ханзаданың қалауымен 1851 жылы Ұлыбританияда өткенін, оған 6 миллион адам қатысқанын еске салды.
– Тұңғыш «ЭКСПОНЫ» өткізудің бірден-бір мақсаты сол уақытта мемлекетаралық еркін сауда-саттық қарым-қатынасты жолға қою, ұлттар арасында экономикалық байланысты күшейту болды. Осыны «ЭКСПО-2017» көрмесінен де күтеміз. Алғашқы «ЭКСПОҒА» 25 мемлекет қана қатысты. Ал осы көрмеге 100-ден астам елдің қатысуы Қазақстан үшін үлкен жетістік деп айтуға болады. Тұңғыш «ЭКСПОНЫҢ» игілігін әлі де көріп отырмыз. Бұл күндері Лондонға саяхаттап барсаңыздар, оның іздерін көресіздер. Мысалы, Империялық колледж, «Альберт» корольдік холын, Жаратылыс тарихы музейін айтуға болады. Астанада «ЭКСПОДАН» қалатын нысандар болашақ ұрпаққа да қызмет ететіні көңілге қуаныш ұялатады. «Астана» халықаралық қаржы орталығына британдық сарапшылар Лондон тәжірибесін ұсынды. Қазіргі таңда Қазақстанда британдықтар қатысатын 500-ден астам компания тіркелген. Олардың көбісі мұнай-газ және тау-кен салаларында жұмыс істейді, – деді Ричард ханзада.
Салтанатты шараның соңы концертке ұласты. Онда қонақтар Лондон заманауи балет театрының өнерін, Манчестер университетінің физика департаменті ұсынған технологиялық шоуды тамашалап, шотландиялық үрмелі аспаптардың үніне құлақ түрді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button