Басты ақпаратҚоғам

Астана мен баспана немесе пәтер алудың қандай жолдары бар?

Еліміздегі әрбір екінші адамның ай сайын банк қарызын қайтарып жүруі – қазіргі таңда үйреншікті жағдай. Тіпті соңғы кезде бір басында бірнеше несиесі барлар банкке мүлде қарызы жоқтарға таңдана қарайтынды шығарған. Алайда алмақтың да салмағы бар екені белгілі. Бұл тұрғыда баспаналы болудың жолында ипотекалық несиеге ие болған тұтынушылар тарапынан сол қарыздарының қайтарылуы қандай деңгейде және ипотека бойынша меншік пәтерге қалай қол жеткізуге болады деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

НЕСИЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚАРЖЫ ЕМЕС

Миллионнан астам тұрғыны бар елордаға әр өңірден қоныс аударушылар саны жыл санап арта түсуде. Ал олардың басым көпшілігі пәтер жалдап, кейбірі туыстарының үйінде, кейбірі жатақханаларда тұрады. Әрине, меншік баспанаң болмаса, қиын-ақ. Дегенмен, «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, cонда да тастамаймын астанамды» деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, арман қуып Астанаға келген әрбір адамның осынау әсем қалада тұрақтап қалғысы келетіні анық. Сондықтан кейбіреулер мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына жүгінсе, кейбірі ипотекалық несие арқылы үй алуды көздейді. Ипотека арқылы пәтерге ие болып жатқандар саны да аз емес бүгінде. Солардың бірі – астаналық Олжас есімді азамат.

– Ипотека бойынша тоғыз пайыздық үстемеақымен бір бөлмелі пәтерге ие болдық. Қарыздан құтылуға енді алты жылдай уақыт қалды. Ай сайын 100 мың теңгеден төлеп жатыр­мын. Бір жақсысы, үй өзімдікі болып қалады. Әйтпесе, пәтер жалдап тұрсаң да сол қаражат, тіпті одан да көп кететін еді. Ипотека арқылы үй алудың тағы бір тиімділігі ешқандай алаяқтарға ұрынбайсың, банк бәрін заңды түрде жасап береді. Жалпы, қолма-қол ақшаға үй алуды әркімнің шамасы көтере бермейді. Ал банк көмектеспесе, Астанадан баспаналы болу тіптен оңай емес, – деген Олжас, – тек банктің ипотекалық несие алу кезінде ұстайтын пайыздары бар. Мысалы, банкке салған ақшамды қолға алу үшін сексен мың теңгенің шамасында қаражат төледім. Ал кассадағы ақшаны басқа есепшотқа аудару үшін жүз мың теңгедей төлейді екенсің. Осындай кішігірім қыз­меттердің өзіне 150 мың теңгедей қаржы жұмсалды, – деді тағы бір сөзінде.

Сөз арасында Олжас ипотека қарызын қайтару ол үшін қиын емес екенін тілге тиек етті. Алайда бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты несиені уақытында өтей алмай, қарызға батып жүргендер де жоқ емес. Солардың бірін де сөзге тартып көрген едік. Асқар есімді азамат:
– Жеті жыл бұрын ипотека бойынша екі бөлмелі пәтер алған болатынбыз. Ол кездегі жұмысымның жалақысы жоғары еді. Бірақ былтыр денсаулығыма байланысты басқа жұмысқа ауысуыма тура келді. Алайда қазіргі алатын жалақым несиені төлеуге жетпейді. Онымен қоса, бала-шағамның ішіп-жемі, жүріс-тұрысымыз тағы бар. Ал несие қайырымдылық қаржы емес, оны қайтармасам, баспанасыз қаламыз. Сондықтан екі бөлменің бірін басқа адамдарға жалға беруге мәжбүрмін, – деп мұңын шақты.

ҚАРЫЗДЫ ҚАЙТАРУ – ПАРЫЗ

Осы орайда жеке сот орындаушыларына хабарласқан болатынбыз. Бірақ ғаламторда тізімі жарияланған астаналық 90 жеке сот орындаушысының басым көпшілігі бұл мәселемен айналыспайтындықтарын жеткізді. Солардың ішінде тек Құрмет Дүйсенов ипотека қарызын қайтару мәселесі бойынша жұмыс істейді екен. 2011 жылдан бері осы мәселемен айналысып келе жатқан жеке сот орындау­шысының айтуынша, қазіргі таңда ипотека қарызын қайтаруда клиенттер тарапынан аса үлкен мәселе жоқ көрінеді.

– 2015 жылдан 24 сәуірінен бастап ҚР Ұлттық банкі бекіткен қаулы бойынша тұтынушыларға жеңілдетілген пайыздармен қайта қаржыландыру мүмкіндігі берілуде. Осындай мүмкіндіктің арқасында ипотека қарыздарын қайтармау мәселесі азайып, бұл тұрғыда жеке сот орындаушыларының да жұмыстары жеңілдеді. Тіпті еліміздің басқа өңірлерінде осы мәселе бойынша әріптес­теріміздің жұмыстары тоқтатылыпты. Яғни, қазіргі уақытта ипотека қарызын қайтармайтын мәселені жоқ деп есептеуге де болады, – дейді Қ.Дүйсенов.

Алайда бұл мәселе бойынша ҚР Ұлттық банкі Астана қаласы филиалы директорының орынбасары Ғалымжан Әріпжановтың өз уәжі бар. Аталмыш мәселе төңірегінде Ғалымжан Әріпжановтың жұмыс кабинетіне арнайы барып сұхбаттасқан болатынбыз. Оның келтірген дерегіне сүйенсек, ағымдағы жылдың ақпан айындағы көрсеткіш бойынша 1,1 млн адам несиенің уақытын 90 күнге кешіктіріп, олардың банкке өтелмеген қарызы 1,5 триллион теңгені құраған. Бірақ бұл ақпарат жалпы несие бойынша. Әріпжанов мырза осы өтелмеген қарыздың қаншасы ипотека бойынша екенін ашып айтпады. Өйткені мұнда несие­лерді бөліп-жарып қарамайды екен. Соған қарағанда, ипотека қарызын қайтару мәселесі, расымен де, бір жолға қойылған сыңайлы.Сонымен қатар, Ғалымжан Әріпжанов сұхбат барысында клиенттердің несиені қайтармаған жағдайда, оларға қандай шара қолданылатыны туралы да айтып өтті.

– Несие қарызын қайтармаған жағдайда алдымен банк тұтынушысының мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақылардан басқа барлық есеп-шоттарының 50 пайызы жабылады (қазіргі таңда 50%, бұрын 100% болатын). Сондай-ақ, банк пен клиент арасындағы келісімшарт негізінде кепілдікке қойылған жылжымайтын мүлік банкке қайтарылады, – дейді өз сөзінде Ғ.Әріпжанов.

Кейбір ақпарат көздерінің дерегіне сүйенсек, соңғы бір айда Қазақстанда ипотека алушылардың саны 12 пайызға төмендепті. Неге екені белгісіз, еліміздің барлық өңіріндегі тұрғындар ипотекадан бас тартып жатқан көрінеді. Мамандар мұндай жағдай 2012 жылы да орын алып, несие көлемі 15 пайызға дейін төмендегенін айтады. Ипотекалық қарызы азайған өңірлердің алғашқы үштігінде Қарағанды облысы тұрса, онда ипотекалық қарыз 20.8 пайызға немесе 43.6 миллиард теңгеге азайған. Ал екінші орында ипотекалық қарызы 19.3 пайызға немесе 253.9 миллиард теңгеге төмендеген Алматы қаласы тұр.

Сол сияқты Қызылорда облысының тұрғындары да ипотекадан бас тартып жатыр екен. Алғашқы үштікті қорытындылап тұрған қызылордалықтардың ипотекалық қарызы 18.9 пайызға төмендеген.

ТІЛШІДЕН ГӨРІ ТҰТЫНУШЫҒА АҚПАРАТ КӨП

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда ипотекалық несие­ні төл валютамыз – теңгемен қазақстандық сегіз банк алғашқы жарнасыз ұсынады екен. Алайда несиені рәсімдеу кезінде жылжымайтын мүлік түріндегі қосымша кепіл талап етілетін көрінеді. Егер де тез арада ипотека қажет болса, бірақ алғашқы жарна болмаса, онда банкке тағы бір жылжымайтын мүлік нысаны кепілге қойылып, оның құны алғашқы жарнаның көлеміндей болуы шарт. Мұндағы алғашқы жарнаның орнына кепілдікке қойылатын жылжымайтын мүлік, яғни жекеменшік үй немесе көп қабатты тұрғын үйдегі пәтеріңіз қаланың ішкі жақ бөлігінде орналасуы қажет. Ал саяжайлар мен ауыл-аймақтағы және қала сыртындағы үйлер кепілдікке жарамсыз болып саналады. Сол сияқты кейбір банктер ипотеканы тек жалақылық жоба қатысушыларына немесе белгілі бір тұрғын үй кешендеріне ғана беретін көрінеді.

Банктерге газет тілшісі ретінде хабарласып, мамандармен сұхбат құру, белгілі бір тақырып бойынша ақпарат алу – қиынның қиыны. Екінші деңгейлі қай банк болмасын, алдымен Алматыдағы бас басқарманың рұқсат беруі керектігін бір айтса, сауалдарды жазбаша жіберуіңді тағы сұрайды. Егер сұрақтарды электронды мекенжайларына жөнелтіп, қоңырау шалсаң, жауаптың дайындалып жатқанын, толық дайын болуы үшін әлі де бірер күннің керектігін айтып, уақыт созады. Ал егер сауалдар конвертпен жіберілсе, онда 15 күн қаралады екен. Қысқасы, банктен жедел ақпарат алу үшін тұтынушы ретінде хабарласқаныңыз ләзім. Жалпы, ипотека арқылы пәтер алғыңыз келсе, банктердің call-орталықтары операторлары баспаналы болудың біршама шарттарын түсіндіріп, керек ақпаратқа қанық болады екенсіз. Осы орайда еліміздегі екінші деңгейлі бірнеше банктің call-орталығына телефон соғып, операторлардан ипотека жөнінде, соның ішінде жас отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлерге қандай жеңілдіктердің қарастырылатыны туралы, бастапқы жарна мен үстемеақының қанша пайызды құрайтынын сұрадық. Алдымен «Қазақстан Халық банкі» АҚ-тың call-орталығына қоңырау шалдық.

– Біздің банктен ипотекалық несие алу үшін жалақыңыз 150 мың теңгеден кем болмауы керек. Қарыз 3 жылдан 30 жылға дейін беріледі. Егер несиені ең аз кезең – 3 жылға алатын болсаңыз, онда үстемеақы 14 пайызды құрайды. Ал 15 жылдың үстемеақысы – 14,5 пайыз, максималды кезең 30 жылдікі 15 пайыз болады. Банк бөлімшесіне жеке куәлігіңізбен барсаңыз, менеджер қандай құжаттар керектігін түсіндіріп береді. Жас отбасыларға арналған бағдарламалар жоқ. Ал мемлекеттік қызметкерлерге тек кепілсіз несиелерді рәсімдеуде ғана 3 пайыздық жеңілдік қарастырылады, – дейді оператор тұтқаның ар жағынан.
«Банк ЦентрКредит» АҚ-та жас отбасыларға арналған бағдарлама қарастырылыпты. Оператордың айтуынша, 35 жасқа толмаған заңды некедегі ерлі-зайыптылардың 15 пайыз­дық үстемеақымен 20 жылға дейін ипотекалық несие алуларына мүмкіндіктері бар. Егер жас отбасы мүшелерінің зейнетақы қорларының ай сайын құйылып жатқаны расталса, бастапқы жарна 30 пайызды, расталмаса, 35 пайызды құрайды екен. Сонымен қатар, аталмыш банк жүйесінде қайталама ипотекалық нарық, яғни бұрыннан пайдаланылып келе жатқан тұрғын үйлер мен жаңадан салынып, пайдаланылуға енді беріліп жатқан тұрғын үй кешендеріне бөлек-бөлек бағдарламалар қарастырылғанын айтады оператор.

– Сол сияқты бізде стандартты ипотека бар. Яғни, қайталама нарығы бойынша зейнетақы қорыңыз болса, бастапқы жарна 30 пайыз, ал болмаса 50 пайыз болуы шарт. Несие 15,5 пайыздық үстемеақымен ең ұзағы 15 жылға дейін беріледі. Ал жаңа тұрғын үй кешендерінен пәтер алатын болсаңыз, онда алдымен тұрғын үйдің қандай материалдардан, қай құрылыс компаниясының салғаны жайлы анықтау керек. Ал мемлекеттік қызметкерлерге, өкінішке қарай, жеңілдіктер қарастырылмаған, – дейді оператор тағы бір сөзінде.
Ал АТФ банкі операторының айтуынша, аталмыш банк мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында халыққа тиімді жоба ұсынып отыр екен.

– Біздің банк ағымдағы жылдың басынан бері «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 6 айдан 15 жылға дейін 16 пайыздық үстемеақымен несие алуға мүмкіндік жасап отыр. Оның тиімділігі сол, 16 пайыздық үстемеақының 10 пайызын ғана тұтынушылар өтейтін болады. Ал қалған 6 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. Тек пәтер құнының 30 пайыздық бастапқы жарнасы алдын ала төленуі керек. Ең бастысы, сіз алатын пәтер жаңадан тұрғызылып жатқан тұрғын үй кешендерінен болуы шарт. Мұндағы минималды сома 300 мың теңге болса, максималды сома Астана мен Алматы қалаларында 20 миллионға дейінгі, ал басқа қалаларда 15 млн теңгеге дейінгі қаржыны құрайды. Бұл бағдарлама бойынша несие алуға 21 жастан зейнет жасына дейінгі адамдардың мүмкіндігі бар, – деген оператор, – егер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 7 млн теңгеге үй алатын болсаңыз, айлық өтемақы 102 809 теңгені құрайды. Сіз оның тек 67809 теңгесін ғана төлейсіз. Қалған 35 мың теңге мемлекет тарапынан төленеді. Осылайша, 10 жыл бойы мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Мұнда жалақыңыз 80-90 мың теңгеден кем болмауы қажет, – дейді.

Ал бұл банктегі әдеттегі ипотекалық несие 6 айдан 15 жылға дейін беріледі екен. Егер ипотека бойынша алатын пәтер кірпіш, панель, монолит сияқты құрылыс материалдарынан салынса, 1960 жылы және одан бұрын тұрғызылған тұрғын үйлер жарамсыз боп саналады деседі. Ал егер саман, қамыс сияқты құрылыс материалдарынан салынса, тұрғын үйдің пайдаланылуға берілген кезі 1986 жылдан бері болуға тиісті. Несие алу үшін жалақы мұнда бар болғаны 45 мың теңгеден кем болмауы керек екен. Оператор аталмыш банкте жас отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған арнайы бағдарлама қарастырылмағанын айтады. Сондықтан да мемлекеттік қыз­меткерлер мен жас отбасыларға жалғыз үміт – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі. Ол жүйе қаншалықты тиімді? Бұл – бөлек әңгіме.

ipoteka-broker-moskva-kopirovat

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА МҮМКІНДІГІ

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша банк тұтынушыларының ипотекалық қарызын қайтаруға қол ұшын беру мақсатында субсидиялар беріле бастады. Бұл тұрғыда республикалық бюджеттен жылына 10 миллиард теңге қаржы бөлінеді екен. Осының нәтижесінде 8 мың банк тұтынушысы 120 миллиард теңгені қамтитын ипотекалық несие арқылы баспаналы болатын көрінеді.

Осылайша, «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы еліміздегі тұрғын үй құрылыс саласының дамуына да қосымша мүмкіндік бермек. Бұл тұрғыда Қазақстан ипотекалық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Руслан Кәкім әлеуметтік желіде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспанаға қол жеткізудің жолы жайлы жазбасымен бөлісіпті. Қаржы компаниясындағы лауазым иесі: «Соңғы кездері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша субсидиялау белгілі болғалы бері, маған мұнда «Ең тиімді жолмен қолжетімді баспананы қалай сатып алуға болады? Қандай банкке жүгінген дұрыс? Қандай несиелендіру шарттары тиімді?» деген сұрақтар жиі қойылады. Сондықтан арнайы жазба жариялайын деп шештім» деп жазыпты Facebook әлеуметтік желісіндегі өзінің жеке парақшасында. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспаналы болғысы келетіндер Қазақстан ипотекалық компаниясының немесе осы бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетіп жатқан банктердің қызметіне жүгінуі керектігін жазған Руслан Кәкім: «Бүгінгі таңда ең тиімді қолайлы бағада ипотекалық өнім ұсынушының бірегейі – Қазақстан ипотекалық компаниясы (ҚИК).

Бұл компания Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірге қызмет жасайды» депті жазбасында. Сонымен қатар, ол ипотекалық заемдардан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша субсидияланатын бұл несиенің ерекшеліктеріне де тоқталып өтіпті. «Бұл жерде банкті өзіңіз таңдайсыз. Кез келген әріптес банкке барып, қызметіне жүгіне аласыз.

Арнайы бағдарлама субсидиясына қатысу барлық банкке ұсынылған, әзірге 7 банк өз келісімін беріпті. Ал Банк ЦентрКредит пен АТФ Банкі осы бағытта қазір құжаттарды қабылдауды бастап кетті, – деген Р.Кәкім, – алған қарызыңыз шетелдік валюта, мәселен, доллардың курсына тәуелді болмайды. Қарызды теңге түрінде тіркетесіз, оған доллар бағамындағы, инфляция көрсеткішіндегі немесе базалық сыйақы мөлшерлемесінің және қайта қаржыландыру ставкасындағы өзгерістер әсер етпейтін болады» депті тағы бір сөзінде. Өзінің жазбасында АТФ банкі call-орталығының операторы айтқан барлық ақпаратты қамтып өткен Қазақстан ипотекалық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары субсидиялауды қосып алғанда жалпы қарыз ақшаның өсімақысы қарапайым несиелермен салыстырғанда әлдеқайда аз болатынын тілге тиек етіпті.

Сондай-ақ, субсидиялау бағдарламасы шеңберінде банктердегі қосымша комиссия түрлерінің алынып тасталғанын, мысалы, арызды қарағаны үшін, заемды бергені үшін, оны есептеп, ұйымдастырып бергені үшін және басқа да қызметтер үшін алынатын комиссиялардың болмайтынын, ал алынуы тиіс комиссиялар тізімі заң жүзінде бекітіліп көрсетілгенін жазған Руслан

Кәкім: «Бұл бағдарлама бойынша кім заем ала алады? Егер бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламаларға тек әлеуметтік әлжуаз топтағы адамдар қатыса алса, енді субсидиялау бағдарламасы бойынша жекеменшік компания жұмысшыларынан бастап, мемлекеттік қызметкерлерге дейін барлық азамат теңдей өз мүмкіндігін сынап көруге қабілетті» дейді жазбасында.

Әрине, банктерді бір-бірімен салыстырып, артық-кемін жіпке тізе жарыстырудан аулақпыз. Тек қолда бар ақпаратты көзі қарақты оқырманға ұсындық. Қай банкке жүгінсеңіз де, өз таңдауыңыздың еншісінде. Сондай-ақ, жалпақ жұртты жаппай несие алуға шақырып, банктердің жарнамасын да жаңғыртып жатқанымыз жоқ. Дегенмен, ипотекалық несиеге, мейлі қарызға алса да, бастысы, барлық адам баспаналы болсын деп тілейміз!

Нұрдәулет КӘКІШЕВ,
журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button