Басты ақпарат

ҮЗДІК 5 ПАВИЛЬОН

Жаз бойы ел-елді елордаға жинаған «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі соңына таяды. Көрмеге арнайы бой көтерген еліміздің «Нұр Әлем» ұлттық павильонын айнала қоршалай орналасқан халықаралық павильондар «Болашақ энергиясы» тақырыбын ашуға тырысты. Осыған орай, «Астана ақшамы» газеті ең көрнекті үздік халықаралық бес павильонның тізімін ұсынады.

Әрине, елордадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне таңдалынған тақырып салмақты, қозғаған мәселесі өзекті. Алайда, бұл – көрме тек үлкендерге қызықты деген сөз емес. Қалашықта балалар да велосипед теуіп, асыр салып ойнай алатын алаң бар. Бұл сипаттаманы Австрия павильонына қарата айтуға болады. Павильонның қақ ортасында орналасқан алып қуат машинасын іске қосу үшін келушілер әртүрлі тетіктерді басып, энергияны алудың жолдарымен танысты. «Болашақтың энергиясы – Біз және Сіз!» тақырыбын ұран еткен австриялықтар көпшілікке бұл тұжырымның растығын дәлелдеді.

Павильондар арасында табан тоздырып жүрген кезде қазақша «Жапон павильонына қош келдіңіздер!» деп иіліп сәлем беріп тұрған жапондық қызға қарап, ішің жылитыны сөзсіз. Айта кетерлігі, Жапония павильон мазмұнын қазақша әзірлеген бірден-бір мемлекет болды. Қазақ елін, қазақ тілін құрметтегеннен бөлек, жапондықтар өздері ұсынған «Smart Mix With Technology» тақырыбын аша білді. Сондай-ақ, олар кез келген нәрсеге шүкіршілік етіп, қолда барды ұқыпты пайдалану керек деген пәлсапаны ұстанатынын байқатты. «Көрмеде көрер қызық жоқ» дейтіндерге айтарымыз, Жапония сияқты технологиясы дамыған елдер сутекті жанармаймен жүретін көлікті алып келуге ниет білдіргенін жеткізгіміз келеді. Алайда тасымалдаушы әуекомпания қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оған рұқсат берген жоқ.

Швейцария павильоны әуелден-ақ халықаралық павильондар арасында үздік бестікке кіруге үміткер болатын. Энергияны үнемдеу мен оны өндіруді тамаша үлгіде көрсете білген швейцарлықтар сол саладағы өз тәжірибелерімен бөлісуде аянып қалған жоқ. Олар павильонын төрт аймаққа бөліп, күн энергиясы, сутегі қуаты мен Альпідегі инновациялық үйлерді таныстырып, картоптан да энергия алуға болатынын түсіндірді. Ал павильонның басты идеясы экологиялық таза энергияны пайдаланғанда ғана «Гүл энергиясын» сақтап қалуға болады дегенге саяды. Қорыта айтқанда, павильонның ішкі мазмұны да, сыртқы келбеті де әсем Швейцарияда болып қайтқандай әсер қалдырды.

Мойын созып, қалашыққа көз тіксеңіз, Қатар мемлекетінің павильонын бірінші болып байқайсыз. Себебі, жалт-жұлт еткен фасад бір жағынан көздің жауын алып, екінші жағынан жел энергиясының құдіретін айқын көрсетіп тұр. ЭКСПО көрмесі ел ордасы – Астанада өткізіліп жатқандықтан, бұл тақырыпты одан сайын аша түсті. Мүмкін, Сарыарқаның самал желі жаңғырмалы энергия көзі ретінде пайдаланылатын күн де алыс емес шығар. Айта кетерлігі, «Жаңа энергетикалық көкжиек» деп аталатын Қатар аймағы – астаналық сәулетші Елнар Базыкеннің жұмысы.

Әлемдегі небір жаңалықтардың отаны атанған Германия көрмеге тыңғылықты дайындалғаны бірден байқалды. «Энергия әлемді өзгерте алатынына» сенім білдірген немістер келген туристерге баламалы энергия көздеріне өтудің қажеттілігін түсіндірді. Сөзі мен ісі әрқашан да бір жерден шығатын немістер – Еуропада алғаш болып электр қуатының 85 пайызын баламалы энергия көздеріне алмастырды. Кіреберісте таратылған «smart-stick» кілті арқылы қонақтар көрме залындағы барлық интерактивті элементті іске қосты. Жаңғырмалы энергия жайлы мағлұматтарды жинап, қуатты өндіруге үлесін қосты. Нәтижесін келушілер соңғы залдағы лазерлік шоуда тамашалады. Бұл жерде де «энергияның қайнар көзі – әрбір адам», ал «көп біріксе – береке» деген ой жатыр.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button