Жаңалықтар

Ырысты шаһардың ынтымақ тойы



Қазақстан халқының бірлігі күнін астаналықтар қызу тойлады. Ең үлкен мерекелік шара қаланың қақ төріне қоныс тепкен «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда өтті.

Онда елордадағы этномәдени орталықтар жеке бұрыштарын жасап, салт-дәстүрлеріне қатысты заттарын көрмеге шығарды. Ұйымдастырушылардың бірі, «Астана жастары» еріктілер корпусының қызметкері Ұлан Мәжит осынау мейрамға 20-дан аса этноорталықтан 300-дей кісі атсалысқанын айтты. Қатарларды аралап жүріп, айыр қалпақты ағайындарымыз ұсынған жәдігерлердің жанына аялдадық. Қырғыз этномәдени бірлестігінің мүшесі Жаңылмырза Тәліпбайқызының түсіндіруінше, мұнда олардың қомуз музыкалық аспабы және койнок, элечек, кементай секілді киімдері бар екен. Сөреден «Манас» жырын да көзіміз шалды. Ал «Лад» республикалық славян қозғалысының өкілі Василий Ильцов бізге орыстың танымал кәдесыйына айналған матрешканың тарихын баяндап берді. «Бұл ойыншық 1890 жылдары пайда болған. Оның алғашқы нұсқасы Хонсю аралынан әкелінген» деді ақсары жігіт. Қызылды-жасылды ағаш қуыршақтарға көпшіліктің де ықыласы ерекше секілді.

Бұдан соң, Тәуелсіздік сарайының алдына тігілген аппақ шатырдың келесі беткейіне барып, түрлі ұлттың тағамдарымен таныстық. Ұзындығы 50 метр үстелге жайылған дастарқанға қойылған корейлердің кимбабынан, дүнгендердің сыпанынан, армяндардың аганцынан ауыз тиіп, аспаздардың әңгімесін тыңдадық. Дастарқан басына қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев та келіп, тіл үйірер тәттілерден дәм татты.
Дүбірлі думан қалалық алаңда, «Бәй­терек» түбінде, Студенттер саябағында жалғасты.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button