Қала тіршілігі

Жайлы орта қалыптасады



Биыл елорданың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға 62,8 млрд теңге бөлінді. Қазірге дейін бұл қаржының 49 млрды немесе 80 пайызы игерілді. Қалған қаражат жыл аяқталғанша игеріледі. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясы кезінде осылай деп мәлімдеген қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов тұрғындарға жайлы қалалық ортаны қалыптастыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.«Бөлінген қаржы 66 жобаны жүзеге асыруға бағытталды. Оның 12-сі осы жылы толығымен аяқталады. Бұған қосымша, алдағы үш жылдық бюджетте тиісті жұмыстарға 92 млрд теңге қарас­тырылған. Соның ішінде республикалық бюджеттен – 66 млрд, жергілікті бюджеттен – 26 млрд 2020 жылы – 44,9 млрд теңге, 2021 жылы – 28,4 млрд теңге, 2022 жылы 18,9 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр» деді Е.Қизатов.
Атқарылған жұмыстарға тоқ­талған ол «Ильинка» тұрғын алабында жолдар мен инженерлік инфрақұрылым салынғанын жеткізді. Бұл жұмыс үшінші кезек бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, 10 шақырым жолға асфальт төселіп, 4 шақырымнан астам коллекторлық кәріз жүйесі салынды. «Оңтүстік-Шығыс» ауданының оң жағында абаттандыру жасалды.
«Бұл нысан 10 жылдан астам уақыт қараусыз қалған еді. Қажет жұмыстар осы жылдың ортасында қайта жандандырылып, жыл аяғында аяқталды. Абай даңғылынан бастап, С.Сейфуллин көшесіне дейінгі К.Күмісбеков көшесін қайта құру жұмыстары орындалды. Биыл «Линейный» саябағы, Ботаникалық бақ, «Жерұйық» саябағындағы теннис орталығы пайдалануға берілді. Баршын көшесі бойымен инженерлік желілерді салу аяқталып келе жатыр. Бұл жұмыс электрэнергиясымен, сумен, су бұру жүйесімен 70 пәтер мен 200 коттеджді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазір колонкаларды монтаждау жүріп жатыр» деді қала әкімінің орынбасары.
Бұған қоса, Алматы және Сарыарқа аудандарында су құбыры мен кәріз жүйесін жаңғырту жалғасып жатыр.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button