Жаңалықтар

Ерекше қажеттілігі бар балаларды қуантты

  Кеше «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары ­Бақтияр Мәкен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры елордадағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға сыйға тартқан 11 инвоарбаны тапсырды.Шараға жиналғандарды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаған қала басшысының орынбасары бұл мейрамның мән-маңызына тоқталды. Қазақстанның Тұңғыш-Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен еліміздің аяққа тұруына қосқан үлкен үлесін, Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының сабақтастығын атап өтті.
– Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға зор көңіл бөліп отыр. Қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, ерекше қажеттілігі бар балаларға жаңаша көзқараспен қараймыз. Бүгіндері қаламызда 26714 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрса, соның 5570-і – балалар. Қала әкімдігі олардың әлеуметтік жағдайына әрдайым сергек қарайды. Желтоқсан айының басында «Қайырымды қала» атты арнайы қайырымдылық акция­сын бастадық. Оның аясында көптеген әлеуметтік жобаларды қолға алдық. Соның бірі – осы шара. «Samruk Kazyna» ұлттық әл-ауқат қоры мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мұқтаж азаматтарға қамқорлық танытып, үнемі қол ұшын созады» деген Б.Мәкен аталған қордың көмегімен қалада атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Белгілі бизнесмен Қайрат Боранбаев та жиі азаматтық танытып, көмегін беріп тұрады. Параолимпиадалық орталықтың бой көтеруіне септігін тигізді. Енді меценат қалада инватаксидің жетіспеушілігіне байланысты қосымша тағы осындай 10 көлік сыйға тартпақ. Бұйыртса, жаңа инватаксилер қаңтар айында тапсырылады. Осыны айтқан қала басшысының орынбасары «Жанұя» отбасын қолдау орталығының азаматтарға беріп отырған жәрдемі туралы айта келіп, инвоарбаларды тапсыру рәсімін өткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button