Мәдениет

Жалының барда жарқылда!

Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жас әртісі, кино және дубляж актері, композитор, «Серпер» жастар одағы сыйлығының лауреаты Олжас Жақыпбектің «Жастығым барда…» деп аталған концерт-спектаклі өтті.

Бұл айтулы кеш биылғы Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Көрермендер Олжасты «Туған елдің түтіні» атты фильмдегі ұнамды рөлі арқылы жақсы біледі.
Ол Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмамдағаннан кейін, 2012 жылы бас қаладағы Қаллеки театрына актер болып қабылданды. Содан бері осы өнер ордасының сахнасында қойылған спектакльдерде үлкенді-кішілі рөлдерді ойнап, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Әсіресе, оның заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» драмасындағы бас кейіпкер – Түнекті келісті сомдағаны көрерменнің есінен кете қойған жоқ. Бұл рөлі үшін ол өткен жылы Орталық Азия елдерінің VI халықаралық фестивалінде «Дебют» аталымымен марапатталды. Олжас – театрға ғана емес, киноға да елеулі үлес қосып жүрген актер.
Кеште дарынды актер жұртшылыққа бойындағы бар өнерін ұсынды. Театрдың камералық оркестрінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән салып, түрлі музыкалық аспаптарда ойнады. Сомдаған рөлдерінен үзінді көрсетті. Сондай-ақ оның өнердегі әріптестері Айгүл Иманбаева, Айнұр Бермұхамбетова, Дастан Оразбеков, Мархаба Сәби, Ерден Жақсыбек, Айнұр Бабаева Олжастың жазған әндерін орындап, келген қауымға көркем көңіл күй сыйлады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button