Қала мен Сала

Ескі көлік кезексіз қабылданады

Тозығы жеткен көліктерді утилизациялау бағдарламасы бойынша еліміздегі қабылдау бекеттері әр сенбі сайын ашық есік күнін өткізеді. Бұл туралы «ӨКМ операторы» ЖШС баспасөз қызметі мәлімдеді.

Негізінде, көлік өткізу үшін auto.recycle.kz сайтына кіріп, кезекке тұру қажет. Бірақ сенбі сайын өтетін ашық есік күндерінде көлік тапсырушы азаматтар кезекке тұрмай-ақ өз аймағындағы қабылдау бекеттеріне барып, көлігін өткізе алады. Ең бастысы, көлік құралын есептен шығарып, тиісті құжаттарын апарса болғаны. Ал электронды жүйеде кезек алып қойғандар көлігін белгілеген уақытта да тапсыра береді.
Ашық есік күні маусым айының соңына дейін жалғасады. Сонымен қатар мамыр айындағы мереке күндерінде де қабылдау бекеттері демалыссыз жұмыс істейді.
Бағдарлама бойынша жеңіл және қоғамдық көлік пен жүк көліктері қабылданады. Жеңіл көліктерді ақшалай 150 мың теңгеге немесе жаңа көлік сатып алуға жеңілдік беретін 315 мың теңгенің сертификатына айырбастауға болады. Ал жүк көліктері жеңілдік сертификаты бойынша 550 мыңнан 750 мың теңгеге дейін қабылданады.
Ескі көліктер Қарағанды облысындағы зауытқа жеткізіледі. Істен шыққан көлік құралдары сол жерде қайта өңделеді. Зауыт іске қосылғаннан бері 70 мыңға жуық көлік қайта өңделген.
Тозығы жеткен көлік құралдарын қабылдау бағдарламасының басты мақсаты – отандық паркті жаңарту, автокөліктерден экологияны бұзатын улы газ көлемін азайту. Сондай-ақ қазақстандық автоөндірісті ынталандырып, қайта өңдеу саласының инфрақұрылымын қалыптастыру.
Ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы іске қосылған 2016 жылдан бүгінге дейін ел азаматтары 94 мыңнан аса автокөлік тапсырыпты. Соның 4 мыңға жуығы – елордалық. Оларға 11 млрд теңгеге жуық қаражат төленген.
Жалпы, утилизация бағдарламасымен көлік тапсырудан еліміз бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұрса, одан кейінгі орында Алматы мен Қостанай қалалары тұр. Ал Нұр-Сұлтан қаласы 11 орынға жайғасыпты. Жыл басынан бері елордалықтар 150-ге жуық көлік өткізіпті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button