Білім

Жан-жақты дарын

Тәлім, білім, тәжірибе жинақтап, ізгіліктің жолына түсу, адамшылықтың, ар-намыстың туын асқақтата ұстау, ойын оюлап өрнектеп жеткізу, ғылымның тас қиясына өрмелеу, ортаңа, қауымыңа жақсылықтың сәулесін шашу екінің біріне бұйырған сый емес. Солай десек те, бір өзінде кісілік келбет, көркем мінез, өзіне тілегенді өзгеге тілейтін таза жүрек, мейір­бандық пен тегеуірінділікті тізгіндеп ұстаған ұстаздық, бірегей тұжырымы мен көзқарасы бар ғалымдық, қысқасы, өрі-қыры бірдей қадірлі азаматтың бірі – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті экономика факультетінің деканы Серік Биханұлы Мақыш.

Белгілі ғалымның өмір жолы мазмұнды мағынаға толы деп айтуға болады. Ауылда өскен өрен жасынан еңбекке араласып, жоғары оқу орнына түскенше, ауылда сақпаншы, жылқышының көмекшісі секілді түрлі қара жұмыстың қазанында қайнады. Сөйтіп жүріп, қазыналы қариялардың нақылға толы әңгімелерін тыңдап, өскен топырағының тарихына қанып, ел ішіндегі абыройлы азаматтардың асыл қасиеттерін бойына сіңіре білді. Одан кейін жас оғыланның алдында темірдей тәртіп пен төзімге баулитын әскери өмір, қызығы мол студенттік шақ, ғұламалар дәрісі, білім бақшасы гүлдерінің хош иісі, бір сөзбен қайырғанда, рухани жетілуге құлшыныстар әлемі тұрды. Оның бойындағы еңбекқорлық, ізгілік, жанашырлық, ұлтқа деген қамқорлық қасиеті оны өзгеден ерекшелендіріп тұрады. Мәселен, 2019 жылдың ақпанында елордамызда бес періште отқа жанып кеткенде, Серік Биханұлы екі өкпесін қолына алып, сол балапандардың рухына Құран оқытып, садақа берді. Содан соң Мәскеудегі мемлекеттік әскери мұрағатынан Екінші дүниежүзілік соғысқа кеткен атасы Мақыштың 1943 жылдың ақпанында мерт болғаны туралы мәліметті іздеп тауып, Нижний Новгород облысы, Старая Русса ауданы Ильмень көлі жағасындағы зиратына барып Құран бағыштауы, я болмаса ғылыми жетекшісі, ақылманы академик Ғабдығапар Сейтқасымовтың өмірі мен шығармашылығын толғаған «Өнегелі өмір» кітабының шығуына бастамашыл болуы да бір кісіге жүк боларлық іс. Сондай-ақ ғалым 2017-2019 оқу жылында экономика факультетінің барлық білім беру бағдарламаларының бакалавриат және магистратура, докторантура деңгейлері бойынша НААР және FIIBA тарапынан халықаралық аккредитациядан 5-7 жылға өткізуде факультеттің алты маман даярлайтын кафедраларының қызметін ұйымдастыра білді. 2015-2016 оқу жылында «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 93 қадамына қатысты ҚР Есеп комитетінің мемлекеттік аудит мамандығын енгізуге қатысты тапсырысына сәйкес, ол экономика факультетінің деканы ретінде қысқа мерзім ішінде университет базасында 2016 жылы қаңтарда «Мемлекеттік аудит» мамандығы бойынша оқу-әдістемелік бірлестігін ұйымдастырып, кеңес құрамын жасақтады. Аталған мамандық бойынша үш деңгейде: бакалавриат, магистратура және докторантураны жүргізуге лицензия алуға тікелей атсалысты.
Сонымен қатар экономика факультетінің халықаралық байланыстарының нығаюына үлес қосты. Астана экономикалық форумы аясында университетіміздің базасында халықаралық ғылыми конференциялар, форумдар ұйымдастырды. Әсіресе Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде халық­аралық жиынға келген Нобель сыйлығының лауреаттары Роберт Ауманн, Финн Кидланд, Кристофер Писсаридес, Джон Нэш, Эдвард Прескотт, Роберт Манделл, Сэр Джеймс Миррлис, Джордж Фицджеральд Смут ІІІ, Эрик Маскин, Мухаммад Юнус, Эдвард Прескотт, Ре Квон Чунг, Пол Ромер, С.Фишер дәріс оқып, отандық ғалымдармен жүздесіп, пікір алмасты. Осы іс-шараның жоғарғы деңгейде өтуіне Серік Биханұлы ұйытқы болды. Тығыз байланыстың нәтижесінде олармен қарым-қатынас нығая түсіп, оның жалғасы достыққа ұласты.
Серік Мақыш біліктілігін арттыру мақсатында әлемнің жетекші университеттерінде халықаралық семинарлар мен тренингтерге қатысып, ғылыми тағылымдамадан өтіп, тәжірибесін байытты. Ғалымның бүгінге дейін 85-тен аса ғылыми еңбектері, оның ішінде: 8 оқулық, 13 оқу құралы және 3 монографиясы мен Скопус – 5 Томсон – 1 мақаласы жарық көрді. Аталмыш еңбектерінің ішінде жоғары оқу орындарының экономикалық студенттері үшін өзінің жеке авторлығымен мемлекеттік тілде алғашқылардың бірі болып жарық көрген бірнеше оқулықтары мен оқу құралдары бар. Дәлірек айтқанда: «Ақша айналысы және несие», «Коммерциялық банктер операциялары» оқу құралдары, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесімен оқулық ретінде ұсынылған «Банк ісі» оқулығы, сондай-ақ «Коммерциялық банктің қызметін басқару: жағдайы мен болашағы» атты монографиясы осы салада оқитын студенттердің қолынан түспейтін оқулыққа айналған.
Бір жағынан Серіктің жасынан С.Зиманов, Я.Әубәкіров, К.Сағадиев, Е.Түркебаев, С.Сатыбалдин секілді академик ағаларынан алған тәлім-тәрбиесі оның жақсы азамат болып қалыптасуына әсерін көп тигізді. Ол нархоздың «Қаржы және несие» мамандығын аяқтағаннан кейін, 1994-2002 жылдар аралығында сондағы «Банк ісін ұйымдастыру» кафедрасында қызмет істеп, «Валюталық операциялар», «Ақша, несие, банктер», «Инвестицияны қаржыландыру және несиелеу», «Халықаралық валюта-несие қатынастары», «Банктік маркетинг», «Банктік менеджмент», «Ақша-несиелік реттеу» пәндерінің бағдарламаларын жасап, қазақ және орыс тілінде студенттерге дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргізді. Жас ұстаз үшін бұл шеберлік пен білім мектебіне айналды. Аудиторияда ғылым жайында өрелі ой айту – нағыз өнер. Мінекей, ол біліктілікке, білімділікке, шешендікке, шеберлікке осылайша жаттығып, ұстаздық жолға мықтап түсті. Ұстаз тұлғасы қандай дегенде, әл-Фараби сипаттағандай, «ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеу керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет, өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін су тәрізді». Са­йып келгенде, тәлімгерлік, үйретушілік ісіндегі Серік Мақыштай ұстаздың ұстанымы да жоғарыда айтқан оймен үйлеседі.
Серік Биханұлы – жаны нәзік, ана тілінің уызына қанған азамат. Оның жалынды жүрегі сырға, жырға толы, әрбір әннің мөлдіреген қасиетін терең түсініп, өзі де әнді тамылжытып шырқайды. Әсіресе «Екі жирен», «Нұрикамал», «Дударай», «Абылай аспас Арқаның сары белі», «Ақ бақай», «Қарғам-ау», «Гәкку» әндерін орындағанда бір жасап қаласың. Тіпті Эйфель мұнарасының ұшар басынан «Гауһартас» әнін орындап, Париждің өнерге іңкәр жұртын қайран қалдырды. Сөйтіп, ұлы әнші Әміренің рухын жаңғыртқан. Праганың төрінде «Назқоныр» әнін сыңғырлатып сұңқылдатқан. Иә, оны сахараның сандуғашы, лебізі, мінезі, өнері, әдебі, бір сырлы, сегіз қырлы болмысы бір-біріне сайма-сай Ұлы даланың бір жарқын сәулесі дерсің!
Ал Серік Мақыштың «Ауылым, Алматым, Астанам» атты ғұмырнамалық хикаятын оқығанда жер-судың тарихына, ата-тек шежіресіне жетіктігі де айқын танылады. Мәселен, Байқоңыр петроглифтері, Бұланты шайқасы, ұлы бабасы Абылай ханның кеңесшісі Нияз би Тілеу­ліұлы жөніндегі деректері оның ұлттық тарихи санасының жоғары екендігін дәлелдейді.
Қорыта айтқанда, ұстаздық пен ғалымдықты, адамшылық пен парасаттылықты пір тұта білген азаматқа өмір жолында абырой биігін тілеймін!

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері,
филология
ғылымдарының
докторы, профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button