Денсаулық

17 жедел жәрдем көлігі табысталды

Бас қалада жедел жәрдем көліктерінің саны артты. Тұңғыш Президент күніне орай қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жедел медициналық жәрдем стансасына 17 жаңа көліктің кілтін салтанатты түрде табыстады.

Биыл қалалық әкімдік пен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен «103»-тің автопаркі 31 реамобильді көлікпен толықтырылды. Әр машина пациенттің денсаулық жағдайын бақылау мен тасымалдау үшін заманауи техникамен жабдықталған. Жыл соңына дейін тағы табысталуы керек 35 көліктің 17-сі бүгін берілсе, енді жақын арада 18 көлік әкелінбек.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен, яғни Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы орган «Сарыарқа АвтоПром» және «Astana Motors» компанияларымен бірлесіп, елордадағы жедел жәрдем автопаркін жаңарту мақсатында осындай заманауи көліктермен қамтамасыз етіп жатырмыз. Бұл көліктердің барлығы Қазақстанда жасалған» деді Бақтияр Мәкен.
Оның айтуынша, жедел жәрдем автопаркі 100 пайыз жаңартылған соң ондағы қазіргі қолданыстағы көліктер қалалық емханаларға беріледі.
«Жалпы, қазіргі уақытта да жедел жәрдем бригадалары шақыртуларға дер кезінде үлгеріп жатыр. Көліктер де жеткілікті. Алайда келер жылы қаладағы барлық емхананы осындай жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Себебі емханалардың өзінде арнайы жабдықталған көліктер болса, сол ықшам аудандардағы шақыртуларға жедел жетуіне ықпал етеді» деді елорда әкімінің орынбасары.
Бүгінде 100-ден аса медицина қызметкері еңбек ететін Нұр-Сұлтан қаласының жедел жәрдем қызметінде 118 автокөлік бар.

 Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button