Басты ақпарат

«Жанұяға» 23 мың адам жүгінді

Бір жылдан бері Нұр-Сұлтанда «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы жұмыс істейді. Онда елордадағы отбасылар құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек алады. Орталық жұмыс табуға, кәсіптік оқудан өтуге, әлеуметтік және тұрғын үй бағдарламалары туралы ақпарат алуға, сондай-ақ оларға қатысуға көмектеседі.

Ашылған күннен бастап орталыққа 42 017 сауал бойынша 23 039 өтініш келіп түсті. Адамдар қойған сұрақтардың көп бөлігі атау­лы әлеуметтік көмек – 22 620, мемлекеттік жәрдемақы – 6 278 және тұрғын үй – 3 020 мәселелеріне қатысты.
Орталықта 12 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының жұмысы ұйымдастырылған. Онда «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, қала әкімдігінің әкімшілігі, жұмыспен қамту орталығы, тұрғын үй қоры, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қоры, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, қазпочта, құқық қорғау органдары және басқа да құрылымдардан кеңес алу мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ «Жанұяда» «Кәсіпкер ана» аналарға өз бизнесін дамытуға көмектеседі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мұнда өз бизнесін бастауда қолдау таба алады. Ол үшін бизнес құру тәжірибесімен бөлісетін табысты әйелдермен Self Made мотивациялық бизнес-тренингтер өткізіледі.
«Жанұя» орталығының алаңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің қоғамдық қабылдауы да ашылды. Азаматтарды кесте бойынша қабылдауды аудан басшылары, басқармалар мен басқа да ұйымдардың басшылары жүргізеді.
«Қиындыққа кезіккен жанұяларға көмек көрсететін орталықтың басты мақсаты – отбасыларға психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсету. «Жанұяда» 70-тен аса мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Орталықта рухани құндылықтарды дамытуға, қайырымдылық, көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралар, сондай-ақ көп балалы аналарға арналған бос орындар жәрмеңкелері мен семинар-тренингтер өткізіледі» дейді «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының директоры Әйгерім Тәңірбергенова.
Естеріңізге сала кетейік, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының жұмысы 13 мамырдан бастап қайта жанданды. Қабылдау санитарлық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады. Бұл ретте орталықтың барлық қызметтерін онлайн режимде немесе 57-87-00, 57-88-88 нөмірі арқылы алуға болады.

Бақыт ТОҚСАНБАЕВА, көпбалалы ана

«Орталыққа тәжірибелі мотивторлар келіп, тренингтер өткізеді. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік. Өз бизнесімді бастау үшін өзімнің күшті және осал тұсымды анықтадым. Осындай шара ұйымдастырылмаса, бизнес бастау мен үшін қол жетпес арман болып қала беретін еді. Тәжірибелік сабақтар маған бизнес-жоба жайын қарастыруға септігін тигізді. Күйзелістен арылып, жаңаша ойлауға үйретті. Шешім қабылдауға көмектесті. Тұлғалық қасиеттерімді талдау арқылы өз бағытымды, өз саламды таңдай алдым. Алдағы уақытта кәсібімді ашып, қоғамға пайдамды тигізгім келеді. Арманыма қол жеткізу жолында көмектескен, шабыттандырған «Жанұя» орталығына алғыс білдіремін»

Айнұр МАРАТОВА, қала тұрғыны

«Басыма қиындық түскенде қайда барып, кімнен көмек сұрауды білмедім. Содан құрбым «Жанұя» орталығына барып көруге кеңес берді. Оған дейін қолдау орталықтарының барынан бейхабар едім. Маған орталық аяққа қайта тұруға, өмір сүруге үйретті. Үш баламен жұмыссыз, үйсіз қалғанымда пана болды. Мамандық бойын­ша жұмыс табуға көмектесті. Қазіргі таңда пәтер жалдап тұрамын, балаларым не ішемін, не жеймін демейді. Толықтай аяққа тұрдым. Тәжірибелі мамандардан психологиялық, заңгерлік тұрғыдан кеңестер алып, рухани мықты адамға айналдым. Орталық мамандары құрметке лайық»

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button