Қоғам

Жақсының жағасынан алмайық

Осы дүниені жазуға бір сапта жүрген әріптесімнің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы себеп болды. Қаламдас досым елге сыйлы, танымал ақын ағамыздың журналиске берген сұхбатындағы: «Иә, казиноға баратыным рас. Кейде оған ұтуға немесе тынығу үшін барам» деген сөзі үшін оны теріс атқа мінгізіп, «қазір пайғамбар жасынан асқан ағаларымызда бұрынғы қариялардың бойындағы қазақы қасиет азайып барады» деген сыңайда шымшып өтеді. Осыны басқа әлеуметтік желі қолданушылары іліп әкетіп, абыройлы азаматты біраз «жерге» апарып тас­тайды. Оның ішінде ғайбат айтылған пікірлер де бар. Жалпы, адамды жақын біл­мей сыртынан сөз айту адам­гершілікке лайықты мі­нез емес.
Бала күнімізде біз де қазақы тәрбиенің қайнары саналған ата-әжелерімізді көріп өстік. Олар қанша дегенмен көшпенді дәуірдің шет жағасын көрген, қазақылықты берік ұстаған жандар болды. Қазір заман, уақыт өзгерді. Енді алпыстағы аға-апаларымызға дәл солардай болмады деп кінә тағу да дұрыс емес. Бабаларымыз «заманына қарай адамы» дегенді бекер айтпаған.
Кейінгі кездері әлеуметтік желіде осы бір жағымсыз қылық жиі байқалады. Есімі елге белгілі бір азамат сәл сүрініп кетсе, бірден мұқатуға немесе артық-ауыс айтқан пікірі үшін кекетуге дайын тұрамыз. Неше түрлі пост жазып, табалап шыға келеміз. Оның бұған дейін елге жасаған қайырымын, жақсылығын көрмейміз. Жұмыр басты пенде болғаннан кейін кез келген адам өмірде шалыс баспай, қателеспей тұра алмайды. Осындайда халқымыздың: «Жапалақ мақтанса, жардан қоян алдым дер. Жаман мақтанса, жақсының жағасынан алдым дер» деген сөзі ойымызға оралады.
Жалпы, бұл әдет – отаршылдықтан қалған ескі дерттердің бірі. Отыз жылға жуық азат ел болсақ та бұдан құтылған жоқпыз. Қайта үдеп бара ма деп қорқамын. Қазақтың талай игі жақсыларынан осылай көз жазып қалдық.
Белгілі әнші Тоқтар Се­ріков орындайтын бір термеде: «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды. Жүрген соң күнде жүріп бауырында, Таулардың биіктігі байқалмайды» деген оралымды шумақтар бар. Осында қаншама мағына, ой жатыр. Сондықтан жақсының жағасынан алмай, оның қадірін тірісінде бағалай білейік.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button