Қала тіршілігі

ЖӘРМЕҢКЕДЕ – МОЛШЫЛЫҚ



Өткен сенбі және жексенбі күндері елордада Алматы және Ақтөбе облыс­тары ауылшаруашылық жәрмеңкесіне қатысып, 1 млрд теңгенің өнімін ұсынды. 

Алматы облысының үш қаласы мен 19 аудан орталығынан келген шаруалар 2800 тонна өнімін жеткізді. Жәрмеңкеде 250 ауыл шаруа­шылық тауар өндірушілері көкөніс, жеміс-жидек және бақша дақылдарын әкелді.Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бес­кемпіровтің айтуынша, «ЭКСПО-2017» халық­аралық мамандандырылған көрмесі кезінде Астанаға 19 мың тонна өнім жеткізу жоспарланып отыр.

kbb_1155-kopirovat

– Біз күн сайын 7 мың тонна өнім тасымалдайтын дистрибью­торлық компания­лармен жұмыс істейміз. Ал жылжымалы жәрмеңкелерде шаруалар 12 мың тонна өнім әкеледі. Мұндай шаралар облыс кәсіпкерлері үшін аса тиімді. Астанадағы аптап ыстыққа қарамастан, тауар өндірушілер жәрмеңкеге шығып отыр. Барлық өнімдер рефрижераторларда сақталады. Қазанға дейін жалғасатын жәрмеңкеге үш рет қатыспақшымыз, – деді ол.

Соңғы кезде картоп бағасының шарықтап кетуіне байланысты қала тұрғындарын қандай сұрақ мазалағанын анықтау қиын емес. Жәрмеңкеде алматылықтар бір келі картоптың бағасын 180 теңгеден 210 теңгеге дейін сатты. Әдеттегідей, құлпынай, шие, балық және сүт өнімдері жоғары сұранысқа ие болды. Көтерме бағамен сатып алушылар да көптен кездесті дейді облыс әкімдігінің өкілі. Ал Ақтөбе облысы картоптың бағасын 230 теңге деп белгілепті. Бір келі қияр – 200, қызанақ – 400, пияз – 160, қызылша – 130 теңге.
Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасы өнімдердің бағасын бағамдап, санитарлық талаптардың орындалуын жіті қадағалады. Басқарманың азық-түлік өнімдері қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ризагүл Мүсілімова тауарлар тек толық тексерістен өткеннен кейін сауда сөрелеріне қойылады дейді.

kbb_1153-kopirovat

Сондай-ақ, қасиетті Рамазан айын­да Алматы облысының тауар өндіру­шілері жетім балалар, жалғызбасты қарттар және көмекке мұқтаж отбасыларға қолғабыс етті. «Мейірімділік М» қоғамдық қоры бастаған шаруалар оларды ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне шақырып, жеміс-жидек пен көкөністерді, аспаздық өнімдерді тегін таратты.

– Қолдан келгенше қаржылай көмектесіп қана қоймай, мұқтаж аналар мен жетім балаларға әлеуметтік қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарды жұмысқа орналастырамыз. Ал бүгінде бізге Алматы облысының әкімдігі қол ұшын созып, балаларға деп арнайы жеміс-жидек пен көкөнісін алып келіпті. Жалпы дағдарыс орталығының қорында 9 бала бар, – дейді «Мейірімділік М» қорының төрайымы Айгүл Сейілова.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button