Басты ақпаратЕл тынысы

Жас кадрлар – жарқын болашақ кепілі

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда мемлекет тарапынан стратегиялық мақсаты биік түрлі жобаларды іске асырып келеді. Соның бірі «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетел асып, білім алып, елімізге қайтып келіп еңбек еткен білікті жастар жобасы екені анық.

Мемлекетіміздің ­қалыптасу, құры­лу жолында ішкі, сыртқы саясатымызды дипломатиялық түрде шешуге және сол достық қарым-қатынасымыз­ды әлемдік алпауыт мемлекеттердің алдында дәлелдеп, мемлекеттік салмағымызды нығайтып, елімізді тығырықтан алып шығатын жаңа жобалар мен реформалар қажет екені анық. Сол мақсатта бірталай жоба өз нәтижесін көрсетіп жатыр. Мысалы, сол «Болашақ» бағдарламасының өміршеңдігі мен қазақстандық жастардың шетелдік білім ошақтарында оқып, сол білімін Қазақстанның өркендеуі жолында сарп етуін алсақ жеткілікті. Қазірдің өзінде бұл бағдарлама арқылы 2023 жылда 328 жас грант иегері атанып, өз білімін шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында шыңдауда.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Жастар кадр резерві» жөніндегі ұлттық комиссия туралы ереже» 2019 жылы тамызда №141 Жарлықпен бекітілсе, негізгі мақсаты – Қазақстанның мемлекеттік құрылымын қалыптастырудағы жастар ресурсының маңызын айқындау. Сондықтан «Жастар кадр резерві» конкурсына мынандай басты шарттарды орындаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады:

Алдымен жасы 35-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Бұл түсінікті де, себебі адамның біліктілігі мен кәсібилігінің шарықтау шегі осы жасқа сәйкес келеді.

Екінші шарт – жоғары білімнің болуы. Мемлекеттің мемлекеттілігі мен оның орнығуы білікті кадрлардың әрекетіне тікелей байланысты. Ал жоғары білім сол мемлекеттің ішкі заңдарын жүзеге асырып, мемлекетті құраушы күштерді біріктіре алатындай деңгейде болғаны жөн. Демек, мұндай қызметке бару үшін жоғары білімді, білікті, белсенді болғаны дұрыс.

Келесі шарт «5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар» деп жазылған. Жас ерекшелігі бойынша 16-17 жасында орта білім мектепті бітіріп, ЖОО-ны 20-21 жасында бітірген маманның кәсіби еңбек өтілі жоқ болса, қазіргі заманда адамдармен тікелей қарым-қатынас орнататын икеміне байланысты тәжірибесі болмаса, әрине, ол мемлекеттің ішкі тәртібіне араласып, білікті қызмет атқаруы неғайбыл.

Ендігі маңызды шарттың бірі – мемлекеттік тілді білу деңгейі. Қазақстан Республикасының негізгі халқы қазақтар екені анық, сондықтан, заңымызда жазылғандай, мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ғалымдардың айтуынша, мемлекеттің тұрақтылығы мен тыныштығын сақтаудың 5 факторы бар. Олар: жер (оның ішінде шекара), тарих (сол жердегі тұрғындарды біріктіретін күш), тіл, дін (мемлекеттің негізгі ұстанымы, бізде зайырлы қоғам, дегенмен әр тұлғаның ресми бекітілген діннің біреуін ұстануына тыйым салынбаған) және діл (белгілі бір аумақ төңірегінде өмір сүруші тұрғындардың салт-дәстүрі, ырым-тыйымы). Осы тұста тілге қатысты мемлекеттік қызметке орналасушы азаматқа «мемлекеттік тілді В1 деңгейінде білетіндер қатыса алады» деп шарт қойылуын заңды деп танимыз. Себебі мұндай қызметтегі азамат қоғамның ішкі қарым-қатынасына тікелей араласушы, ҚР азаматтарымен тығыз қарым-қатынаста болып, сол қоғамның гүлдеуіне үлес қосушы болғаны абзал. Демек, ол мемлекеттік тілді ауызекі сөйлеу, ресми түсіндіру деңгейінде білгені жөн. Мұны екінші қырынан алып қарасақ, сол қызметкердің ісінің өнімді болуына да ықпалдасады. Себебі мемлекеттік тілді білу арқылы ол қоғам мүшелерімен ақпарат алмасып, пікірін тыңдап, мемлекеттік саясаттың нығаюына еңбек етеді.

Мемлекеттің мемлекеттілігі мен оның орнығуы білікті кадр­лардың әрекетіне тікелей байланысты. Ал жоғары білім сол мемлекеттің ішкі заңдарын жүзеге асырып, мемлекетті құраушы күштерді біріктіре алатындай деңгейде болғаны жөн. Демек, мұндай қызметке бару үшін жоғары білімді, білікті, белсенді болғаны дұрыс

Ендігі ретте өтініш бергендердің ішінен іріктеу кезінде келесідей талаптар ескеріледі. Құжаттарды қабылдауға қоса, ол азамат «Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті» болғаны дұрыс. Бұл қазіргі қоғамға аса қажет дағды екені айтпаса да түсінікті болар деп ойлаймыз. Ақпарат ағыны жедел қарқынмен дамып, өзгеріп жатқан тұста оны сұрыптау, «fake» ақпаратты анықтау, оны халыққа шынайы ретімен дұрыс ұсына білу әр мемлекеттік қызметшінің мемлекеттің ішкі тұрақтылығы жолында қызмет етуіне көмектеседі.

Шетелдік ғалымдардың айтуынша, теориялық білімді оқып, түсіну дағдыларынан басқа (hard skills), икемді (soft skills) дағдылары қазіргі заманда аса қажет. Бұл қай салада болмасын ескерілуде. Мұндай дағдылар ­қарым-қатынас дағдылары: топпен (командада) жұмыс істей білу, өз ұстанымын дәлелдей түсіндіре білу. Демек, бұл жағдайда эмоционалды интеллект пен эмпатия сияқты, басқалардың сезімін түсіну және өз сезімін бақылау қабілеті жатыр.

Көптеген адам ақпараттың ағынына қарсы тұра алмай, өз уақытын дұрыс басқарып, зейінді тиімді ауыстыра алмай жатады. Ал бұл адамдармен тікелей қарым-қатынас жасау­да аса қажет. Себебі мемлекет ішінде кезек күттірмейтін жағдайлар мен жағдаяттар орын алғанда, дұрыс жоспар құра білетін мамандар алтынмен пара-пар. Әрі қазіргі заманауи ауыртпалық тудырып жатқан мәселенің бірі – күйзеліске төзімділіктің болу-болмауы. Адам өмірінің түрлі кезеңінде жедел бейімделу көбінесе күйзеліссіз өтпейді, сол себепті адамның онымен күресе білуі, сонымен бірге жұмыс істей білу қабілеті бірінші орынға шықпақ. Ал шын мәнінде күйзеліске төзім болмаса, қандай жақсы маман болмасын, өз жұмысын ұзақ уақыт сапалы түрде орындай алмайды. Сондықтан мемлекеттік қызметке тұру шартының келесісі – «Ситуация­лық жағдаяттарды (есептерді) шешу». Бұл офлайн форматта іске асатын талап аса маңызды екені айтпаса да түсінікті деп санаймыз. Себебі нақты өмірде болған оқиғаларды біліп, талдамай, алдында өткен жағдайлармен танысып, оларды шешіп үйренбесе, ҚР азаматтарымен мемлекеттік қызметке кіруші адам нәтижелі еңбек етуі неғайбыл.

Одан кейін «Құзыреттерді бағалау; Сараптамалық комиссияда сұхбаттасу; Ұлттық комиссияның отырысы» сияқты шарттар бар. Бұл шараның көбі адалдық сақтау мақсатында Qaztest орталығындағы тест тапсырмалары мен тәуелсіз комиссия мүшелері арқылы бағалануда. Сайтта да мемлекеттік тілді меңгеру тестін қалай тапсыруға болатыны, жастар кадр резервіне іріктеу тәртібі, қатысу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі, басқа да ақпарат ашық жариялануда. «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне қатысушылар үшін ақпарат пен «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» кезеңіне қатысушылар үшін ақпарат нұсқаулық ретінде беріліп те отыр. Демек, бұл «Жастар кадр резервіне» қатысты ақпараттар мен атқарылатын шаралар нақтылық пен әділеттілікке құрылғанын білдіреді.

Жалпы мемлекеттік қызметке қатысты ақпарат ХХІ ғасырда еркін, шынайы түрде қолжетімді екенін айту керек. Елге қызмет етушілер алдымен халыққа қыз­мет етіп отырғанын ұмытпай, қызметті алушылардың құқығы мен мүддесін ескере білуі, көрсетіліп отырған мемлекеттік қызмет түрінің нақтылы уақыты мен ережелері ашық та айқын болуы керектігіне назар аударып жүр. Сондықтан әлеуметтік желілерге салынған ақпарат та кез келген қазақстандық азаматқа қолжетімді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттың қолжетімді, сапалы да сауатты кері байланысын қамтамасыз етілуіне септеседі. Себебі шынайылық пен адалдық әрқашан ақиқатқа жетелемек. Жалпақ тілмен айтқанда, «төрешілдік» не бюрократиялық қағазбастылық та қазіргі ақпарат ағыны жедел қарқынмен дамушы қоғамға қажет емес.

Әрине, бұл талаптардың сырт қараған адамға еш қиындығы жоқ, қарапайым күнделікті шарттар қатарын құрайтын талаптар болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұлардың әрқайсысының өзіндік стратегиялық қызметі мен кадр таңдауда атқаратын ерекше қызметі бар. Ол мемлекеттік мүддеге адал және болашағының жарқын болуына қызмет ететін өз ісінің шынайы мамандарын таңдау маңызды екенін айтқымыз келеді. Әуелде мемлекеттік тілді меңгеру тесті мен әртүрлі логикалық және кәсіби сұрақтардың нәтижесінде өз мамандығы мен мемлекеттік стандарттардан басқа ел мүддесіне қызмет етеді деген 30 жас кадр іріктеу сараптамасының қорытындысымен таңдап алынған-ды. Алғашқы кадрлық резервке алынған қыз­меткерлердің ішінде шетелдік тәжірибесі бар, халықаралық экономика саласына қызмет еткен, Қазақстан мен шетелдік компанияларда тәжірибеден өткен білімді де білікті мамандар іріктеледі.

Мемлекеттік қызметте меритократия, яғни төменнен жоғары лауазымға ауысу сипаты да нақтыланып, іске асуда. Себебі осы жылдан бастап «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізілген болатын. Осыған орай, агенттік төрағасы елордадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттерімен кездесуде ЖОО-ны GPA 3,33-пен бітірген түлектердің арасынан қазіргі кезде 78 азамат аудандық және ауылдық аймақтарда конкурссыз төменгі лауазымдарға таға­йындалғанын айтып, агенттік «үміткерлерге онлайн және 24/7 режимінде конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін «Е-қызмет» жүйесі базасында мемлекеттік қызметке іріктеу процесін толық цифрландыру бойынша жұмыс жүргізуде» екеніне баса назар аударды.

Болашақ ел қызметшілері адалдық сипатын осы мемлекеттің қызметке орналасу барысында сезініп, түсінуі үшін, келешекте өз қызметінде пайдалануы үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу тәртібі және «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жү­йесінде іске асырылып отырған пилоттық іріктеу жобасының мәселелері» қарастырылған болатын. Осы отырыста жаңаша үлгідегі қанатқақты жобаның ерекшеліктері де қарастырылып, айтылған болатын. Ол ерекшелік – «үміткерлер кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен онлайн режимінде бос лауазымдарға конкурстарға қатысуға мүмкіндігі» бар. Әрі ең бастысы адалдық сақталып, шынайылық болуы үшін «адам факторының әсерін болдырмау үшін кандидаттарға ID нөмірлері беріледі және осылайша олардың деректері иесіз болады». Демек, мемлекет қызметкерлері өз білігі мен саналы қабілетіне орай қызметке тағайындалады. Бұл мемлекеттің де гүлденуіне апаратын жол екені айқын.

Елімізде кадрларды даярлау, халыққа еңбек ету, жастарға мүмкіндік беру, табиғатымыз­ды қорғау, т. б. жобалардың барлығының жалпы мүддесі мен мақсаты – мемлекет болашағының жарқын болуына, Қазақстан Республикасына адал және риясыз қызмет ететін, ұлттық құндылығымызды жоғары бағалай білетін, халықаралық дипломатия тәжірибесінде ел мүддесі мен саяси қарым-­қатынастың артықшылығы мен кемшілігін кеңінен сезінетін жан-жақты стратег жастардың іріктелуі деп санаймыз.

ҚР Президентінің ел мүдде­сіне қызмет етуші жобаларын іске асыру мақсатында көптеген құзыретті органның қызмет ету үлгісі мен мақсаты өзгерді және сол өзгеріс біраз салада нақты нәтиже бере бастап, үдерісті өзгерістер іс жүзінде көзге көріне бастады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істер агенттігі қаншама жылдық еңбек өтілінде кадрлық резервтерді жұмысқа қабылдау барысында үнемі академиялық адалдықты өзінің қызметтік міндеті ретінде ұстануда. Мемлекеттік қызметке тайындалған қызметкерлерді таңдауда ең әуелі елдің қамы мен мемлекет болашағы болу керек екені түсінікті. Сондықтан соңғы жылдары мемлекеттік маңызы артық деген білікті мамандар іріктелуде. Бұл бүгінде ел бірлігі сынға түскен уақытта өз ұстанымы мен тұғырына берік қызмет ете білген адалдық пен ар тазалығы ретінде танырлық бағыт деп түсінеміз.

Гүлшира ШОЙТАНОВА, Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаменті персоналмен жұмыс істеу бөлімінің басшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button