Басты ақпаратРуханият

Сан қырлы Сейдахмет

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде офлайн және онлайн форматта қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған көрнекті қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың 90 жылдығына арналған «Қазіргі қазақ спорт журналистикасы және медиакоммуникация мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын оның атындағы аудиторияның ашылу салтанатымен, деректі фильмнен үзінді көрсетумен басталды.

Конференцияны кіріспе сөзбен аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықов ашып, қаламгердің шығармашылығы мен оның қазақ спорт журналистикасының қалыптасуына сіңірген еңбегіне тоқталды. Газет редакторы болған кездегі тақырып қою шеберлігін, материалды жеріне жеткізіп, қызықты да тартымды етіп жазғанын айтып, сонысымен қалам ұстаған кез келген адамға үлгі көрсеткенін атап өтті. Осы жиынның мәні мен маңызын кеңінен толғады. Сейдахмет Бердіқұлов атындағы аудиторияның ашылуына қолдау көрсеткен Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорына, оның басшысы, белгілі меценат Исламбек Салжановқа алғысын айтты.

Одан кейін Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловтың құттықтауы оқылды. Бердіқұловтың бешпетінен шыққан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ҰҒА академигі, белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлы естелігін айтты. Ол ардақты ұстазының 16 жыл «Лениншіл жас» газетін басқарғанын, осынау кезең ішінде қазақ журналистикасында екі мектеп қалыптастырғанын, алғашқысы жазу шеберлігінің мектебі болса, екіншісі қазақ спорт журналистерінің мектебі екенін атап өтті. Оның осы екінші мектебінен Несіп Жүнісбайұлы, Дүрәлі Дүйсебай, Қыдырбек Рысбек сынды шынайы шәкірттері шыққанын, өзге шәкірттері ерекше стиль іздеуді, тосын тақырып қоюды, кейіпкерді аялай білуді, мақаланы тартымды етіп жазуды, өмір мен юморды үйлестіруді үйренгенін айтты.

Бердіқұлов идеяға бай адам болған. Оның тұла бойы идея еді. Жазушының жолжазбалары мен очерктері кезінде оқырман іздеп жүріп оқитын дүниелерге айналған. Сол себепті қазіргі журналистер Бердіқұловтың еңбектерін жата жастанып оқып, одан көп нәрсе үйренсе, қалың оқырманның ықыласына бөленіп, нағыз майталман қаламгерге айналар еді

«Сейдахмет Бердіқұлов батыр бас редактор болды. Ешкімнен ықпады. Туын жықпады. Сарбаздарын әркез қорғап жүрді. Ол аса батыл, қажырлы қайраткер болды. Бір кезде Алматы қаласының басшысы болған, біз білетін жердегі Шулико ма, әлде «шығысым батыс боп кетті» дегендей, кейінгі версиядағы Соломенцев пе, мәселе онда емес, шікірейген шоң шенеунікке елдің көзінше «Саусағыңызды шошайтпаңыз, бізді құртқан осы сұқ саусақтар» деу үшін де арыстанның айбаты, жолбарыс­тың жүрегі керек шығар» деді Бауыржан Омарұлы.

Белгілі қаламгер, ғалым, ҰҒА академигі Уәлихан Қалижанұлы Сейдахмет Бердіқұловпен «Жас Алашта» бірге істеген кезін еске алып, оның қаламгерлігі мен қайраткерлігіне тоқталды.

«Бердіқұлов идеяға бай адам болған. Оның тұла бойы идея еді. Жазушының жолжазбалары мен очерктері кезінде оқырман іздеп жүріп оқитын дүниелерге айналған. Сол себепті қазіргі журналистер Бердіқұловтың еңбектерін жата жастанып оқып, одан көп нәрсе үйренсе, қалың оқырманның ықыласына бөленіп, нағыз майталман қаламгерге айналар еді» деді академик.

Оның сөзін жалғаған мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер, ғалым, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов Сейдахмет Бердіқұловтың қаламгерлігімен қоса қайраткерлігін, оның басшылық қызметін, редакторлығын жан-жақты әңгімелеп берді.

Сейдахмет Бердіқұловтың шәкірті, жазушы, журналист Несіп Жүнісбайұлы ұстазы қайталанбас тұлға болғанын, оны еліміздегі нөмір бірінші журналист санайтынын, Бердіқұловтың адами болмысын, журналистерге жанашырлығын, қамқорлығын айтып, ұстазымен бірге қызмет еткен жылдарын, онымен бірге өткізген уақытын еске алды.

«Кешке үйге кетіп, таңертең жұмысқа келгенде бір идеяны тауып келеді. Бірден шақырып алып тапсырма беретін. Ол кісі журналистикада құдірет адам болды. Жазғандары қандай! Сол кезде «Лениншіл жас» газеті 300 мың тиражға жетті. Қазақ баспасөзінде ондай тиражға жеткен газет болған жоқ. Осының бәрі Сейдахмет ағаның керемет ұйымдастырушылық қасиеті еді. Ол кісі спорт журналисі ғана болды дегендер қателеседі. Спорт журналистикасы ол кісінің мың өнерінің бірі болды. Ол кісінің жазғандары қандай! «Тұйғын» повесі қандай!» деді Несіп Жүнісбайұлы.

Тағы бір шәкірті Қыдырбек Рысбекұлы Сейдахмет Бердіқұлов негізін қалаған қазақ спорт журналистикасының бүгінгі аяқалысына тоқталды.

«Сейдағаңды қазақ спорты атты ғажап саланың көшбасшысы, рухани көсемі десек, артық айтқандық емес. Ұстазымыз ұлтымыздың ақтаңгер ұлдары Шоқыр Бөлтекұлы, Хамза Мұхамеджанов, Октябрь Жарылғапов, Ғұсман Қосанов, Тимур Сегізбаев, Әбдісалан Нұрмаханов, Олег Түсімханов, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, тағы басқа саңлақтар туралы керемет тартымды, көркемдік қуаты күшті, сезімге толы дүниелер жазды» дей келе, ұстазының кейіпкерлері туралы жазған мақалаларын талдады.

Филология ғылымдарының докторы Серік Негимов Сейдахмет Бердіқұловтың әдебиет­ке сіңірген еңбегі туралы сөз сабақ­тады. Оның сөзін жалғаған ­әдебиеттанушы ғалым Рақымжан Тұрысбек әдеби шығармашылық мұрасына тоқталды. Белгілі қаламгер, Egemen Qazaqstan газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан саналы ғұмырында көпке үлгі болған қаламгер-қайраткердің шығармашылығы мен басшылық қыры, адами және ұстаздық болмысы туралы ойын ортаға салды. Конференцияға онлайн арқылы қосылған Парламент Сенатының депутаты, Шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары ассоциациясының төрағасы Нұртөре Жүсіп Бердіқұловтың қазақ журналистикасын дамытудағы өлшеусіз еңбегі туралы айтты.

Жиында қазіргі қазақ спорт журналистикасының өзекті мәселелері сөз болды. Мәселен, белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы Оңайгүл Тұржан спорт журналистерінің тіліне тоқталды. Соңында қарар қабылданды. Онда келесі жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Сейдахмет Бердіқұловтың оқуларын өткізіп, жинақ дайындау, студенттерге жазушы атындағы стипендия тағайындау көрсетілген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button