Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Төсбелгі тағуға ұялатын болдық…

Кеше Алматыдағы бір таныс ақсақал хабарласып «төңірегіміздегі жұрттың бәрі «Қазақстанның құрметті азаматы», «Қазақстанның қаһарманы», «Жаңа Қазақстанның парасатты тұлғасы» дейсің бе, әртүрлі атақ алып, кеудесіне медаль тағып жатыр. «Түйе мінген Құдайға бір табан жақын» дейді, елордада жүрсің ғой, сол медальдан маған да біреу алып берсеңші, тойға барған шалдардың жанында ұялмай отырайын» деген өтініш білдірді.

Соңғы кездері ауылдағы аңқау ағайынға медаль сатып ақша табатын қулар көбейді. Бұрын қызмет істеген зейнеткерлерді, жұртқа бет-беделі бар ақ сақал, қара сақалдары, одан қалса арзан атаққа жаны құштар жастарды жағалайтын олар әртүрлі қоғамдық бірлестік атынан ат үркетін түрлі атақ пен медаль таратып, ақша жасап жүр. Ал өтірік атаққа есі ауған ағайын ол атақ пен медальды қандай ұйым беріп жатқанымен шаруасы жоқ, кеудесіне жылтыраған темір таққанына мәз болып, алды сол көк тиын құны жоқ марапатты «жуып», той жасауға дейін барады. Шын марапатқа лайық, әбден іріктеуден өткен адамдарға марапат құзырлы органдардың бұйрық-қаулысымен, тіпті Мемлекет басшысының Жарлығымен берілмей ме, жоқ, әлде медаль сатуды кәсіп еткендер оңай қаржыға кенеліп жүре бере ме?! Қазір ауылда да, қалада да кеудесіне медаль таққандар және соны таққысы келетіндер барған сайын көбейіп келеді.

Әрине, еліміздің заңдарында қоғамдық ұйымдар атынан түрлі марапат беруге тыйым жоқ. Бірақ «Қазақстанның құрметті азаматы», «Қазақстаның қаһарманы», «Қазақстанға еңбегі сіңгені үшін» және әр саланың үздігі атағын кім көрінген беріп, иттің ұлы байқотанға медаль таға берсе, Ақорданың арнаулы бұйрығымен берілетін жоғарыдағы шын атақтардың не қадір-қасиеті қалады?! Қоғамдық ұйымдар «Қазақстанның құрметті азаматын», «Қаһарманын» қалай, нені өлшем етіп анықтайды?

Марапат пен медальды кім көрінген, кез келген ұйым бере берсе, шынайы марапатқа көлеңкесін түсіріп, беделін төмендетеді. Сондықтан мемлекет бұл мәселеге назар аударғаны дұрыс. Бір ауыз сөзбен айтқанда, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Қазақстанның қаһарманы», «Қазақстанның құрметті азаматты» атақтарын сатуға, қоғамдық ұйымдардың беруіне заңмен шектеу қоймаса, ертең шын марапатты тағудан да ұялатын күйге түсеміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button