Басты ақпаратЕлорда тынысы

Бас қала жан-жақты даму үстінде

Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қала әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Соның ішінде инфрақұрылым, қоғамдық көлік, білім беру, абаттандыру, көгалдандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, жастарды жұмысқа орналастыру бағыттарындағы маңызды жұмыстармен таныстырып, депутаттармен қаланы дамыту мәселелерін талқылады.

Астанада халық санының жылдан жылға артуына байланысты мектептерді салу аса маңызды мәселе болып отыр. Қала басшысы 2027 жылға дейін елордада 200 мыңға жуық оқушыға арналған 80 мектеп салу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл жұмыс мектептерге шамадан тыс түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, болашақта орын тапшылығы мәселесін толықтай шешеді. Орта білім беру орындары қаланың барлық ауданында, соның ішінде елді мекендерде де салынады.

Бас қаладағы бірте-бірте шешімін тауып жатқан тағы бір маңызды мәселе – көлік кептелісі. Өткен жылы Ұлы Дала даңғылының бойындағы жаңа көпір ашылып, А62 көшесінің бойында, А91 көшесінен Астана – Қарағанды тас жолына дейінгі учаскеде жол салынды. Бұл бірнеше көшедегі көлік қозғалысындағы жүктемені азайтты. Ал жақында ғана Тәуелсіздік даңғылының бойындағы көпірдің құрылысы аяқталып, жол ашылды. Бұл төрт жолақты автокөлік көпірі жолдардағы кептелісті едәуір азайтып, сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, «Нұрлы жол» вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешітімен, Байтұрсынұлы, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен қосып, қосымша көлік байланысын қамтамасыз етті. Ал келесі жылы Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылына дейінгі жалғасын салу басталады. Бұл жұмыс қаланың жаңа бөлігіндегі Мәңгілік ел және Қабанбай батыр даңғылдарында, Түркістан, Керей-Жәнібек хандар және Айтматов көшелерінде көлік ағынын сейілтеді. Сондай-ақ 2024 жылы Кенесары көшесінің басында «Газмашаппаратура» ауданында жаңа көпір құрылысын бастау жоспарланған. Қазір жобалау жұмысы жүріп жатыр.

Елордада ең өзекті мәселе – тұрғындарды баспанамен қамту. Бұл мәселені шешу үшін әлеуметтік тұрғын үй құрылысы, апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерден халықты көшіру, құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала әкімі өз сөзінде кезекте тұрғандардың әртүрлі санаттарындағы 1,4 мың отбасыға тұрғын үй берілгенін атап өтті.

Жеңіс Қасымбек Астанада көгалдандырылған орындар көбейетінін айтты. Биыл коммуналдық қызметтердің, ағаш отырғызуға және экоакцияларға белсенді қатысқан тұрғындардың еңбегінің арқасында қалада 45 «жасыл мекен» пайда болғанын жеткізді. Жалпы 1 млн астам жасыл желек отыр­ғызылып, 165 қоғамдық кеңістік пен аула абаттандырылды, Президенттік саябақ қайта жаңартылды.

Елордада 230 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар екенін айтқан Жеңіс Қасымбек бұл салада жарты миллион адам жұмыс істейтінін атап өтті. Шағын және орта бизнеске жүйелі қолдау көрсетіліп, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы және индустриялық парк аумағында әртүрлі бағдарламалар бойынша преференциялар, гранттар мен кредиттер беріліп жатқанын, қажетті инфрақұрылым құру жұмысы жүргізілуде екенін жеткізді.

Тұрғындарды жұмыспен қамту жайына тоқталған қала басшысы «JOLTAP» бағдарламасы бойынша 3,5 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылғанын атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button