ЖАСАМПАЗДЫҚ ПЕН ТАБЫСТЫҢ ТҰҒЫРЫНДАЙ
Кеше екі күндік «Конституция: тұрақтылық, бейбітшілік және қоғамдық келісім» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Конференцияның жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Парламент депутаттары, бірқатар министрлер, мемлекеттік органдардың басшылары, шетелдер мен халықаралық ұйымдардан келген қонақтар қатысты.
– Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен әзірленген ел Конституциясы мемлекет дамуының негізіне айналды. Саяси сара жолмен келе жатқандығымыз соның айқын белгісі, – деген Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы жүктеген міндеттерге тоқталды.
Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков Ата заңның мемлекетіміздің өркендеуіне, тұтас халқымыздың уайымсыз өмір сүруіне берген мүмкіндіктері жайында әңгімеледі.
Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясы төрағасының орынбасары Евгений Танчев өзі қызмет етіп отырған ұйымның құттықтауын жеткізді.
Әділет министрі Берік Имашев «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында ұлттық құқықтық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі Конституцияның рөліне тоқталды.
Бас прокурор Асхат Дауылбаев прокуратура органдарының қоғамдағы тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің конституциялық негіздерін сақтау жолында атқарып отырған жұмыстарынан хабардар етті.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқылары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров еліміздегі уәкілдікте халқымыздың конституциялық құқыларының бұзылмауы және мемлекетіміздегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сақталуы үшін не істелініп жатқанын баяндады. Елімізде қоғамдық келісімнің үлгісін қалыптастыру жөнінде сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оның сөзін толықтыра түсті.
Саясаттанушы, Ресей Федерациясы Ұлттық стратегия институтының халықаралық бағдарламалар жөніндегі директоры Юрий Солозобов Қазақстан өз Конституциясын қабылдаған уақыттан бері жасампаздық пен табыстың жолымен келе жатқандығын атап өтті. Ол да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне жоғары баға берді.
СҮБЕЛІ СӨЗ
Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Ата заңда – мемлекеттің қалыптасу бағыттары көрсетілген. Азаматтардың құқылары мен бостандықтары айқындалған. Қазақтың өзі қабылдаған Конституция ел дамуына жол ашты. Елбасы Ата заң арқылы Қазақстанды мықты мемлекетке айналдырды. Елімізде бірлік пен татулық орнады. Экономика мен демократия дамыды. Отандастардың бойына қазақстандық патриотизмнің рухы себілді. Ең бастысы – Қазақстан тәуелсіз мемлекет екенін әлемге танытты.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Махаббат Бекбосынова еліміздегі әйелдердің құқыларын қамтамасыз ету деңгейін саралады. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік туралы стратегиясы қай салада болмасын нәзік жандылардың белсенділігін арттырды. Оның куәсі – мемлекеттік билік органдарында соңғы жылдары әйелдердің екі есе көбейгендігі. Мәселен, Қазақстанда қазір 87 мың шамасында мемлекеттік қызметкер бар. Ал, олардың 55 пайызы – әйелдер. Парламенттің төменгі палатасында қызмет ететіндердің 25 пайызы – әйелдер. Бұл – ЕҚЫҰ кеңістігіндегі орташа көрсеткіштен асып отыр» деді ол.
Конференция бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ