Саясат

ҰЛТТЫҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАСЫ

Президент

Таяуда орталық басылымдардың бірінен мынадай бір ақпаратқа кезіктім. Екі жүз жылдық тарихы бар АҚШ конституциясының қолмен жазылған нұсқасы әр қалада 1952 жылға дейін сақталып келген екен. Қолжазбаны дайындаған Пенсильван бас ассамблеясының қатардағы қызметкері Джейкоб Шаллусқа бар жоғы 30 доллар көлемінде сыйақы берілген көрінеді. Бұл құжат сәл кейін Вашингтондағы ұлттық мұрағатқа тапсырылып, мұқият қадағалауға алынған.

Жәй күндері қолжазбаның бірінші және төртінші беттері оқ өтпейтін арнаулы шыны қорапқа салынып, көпшіліктің назарына шығарылып отырады. Қағаздың сапасын сақтау үшін қорапша іші гелий және су буымен толтырылған. Түнде қағаз беттері жерасты қоймасына түсіріліп, оларды атом жарылысына төтеп бере алатындай шамада жасалынған бес тонналық есіктің арғы жағында сақтайды. Конституцияның толық мәтінімен дүйім ел тек жылына бір рет, 17 қыркүйекте, яғни, осынау құжатты құрастырушылардың қол қойған күніне орай таныса алады.

Әрине, біз өз Конституциямызға мұндай жоралғы жасап отырғанымыз жоқ. Алайда, бұл қазақстандықтар елдің Ата заңына құрметпен қарамайды дегенді әсте білдірмейді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Оразақын Асқардың «Ата заңым» атты өлеңінің мына бір шумағында айтылғандай:

«Әлемге ел пейілін таныстырған,
Заңым – ең адамгершіл,
халықшыл заң.
Тілім тұр онда айтыста әділ жеңіп,
Мәртебе мемлекеттік алып тынған.
Қорғалар елім тұтас, жерім бүтін,
Қол сұғып ешкім сырттан
айтпас үкім.
Заңда айқын міндеттерім,
құқықтарым,
Ақтайтын ел үмітін, ана сүтін».

Сайып келгенде, 1995 жылы қабыл­данған еліміздің ең басты құжаты Қазақстанның сан ғасырлық тарихында жаңаша бір даму сатысына көтерілуінің айрықша да айтулы уақиғасы болды. Мемлекет пен жеке адам мүдделерін барынша жақындататын, біріктіретін демократиялық, зайырлы, құ­қықтық, әлеуметтік ерікті қоғам құруға толықтай жол ашылды. Экономикада нарықтық қарым-қатынастарды, саясатта саяси-идеологиялық сан алуандылықты орнықтыруға мүмкіндік туды. Мемлекеттің негізгі әрі бірден бір құндылығы ретінде адам, оның өмірі, құқы мен бостандығы құқықтық тұрғыдан толық мо­йындалды.

Ең маңыздысы, Конституция белгіленген мақсаттардың көпшілігіне бүгіндері Қазақстан қол жеткізіп отыр. Айталық, зайырлы мемлекет ұстанымын берік ұстанған Қазақстанда дін мемлекеттен бөлектенгенімен, қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуде ұлт­тық ізгіліктермен, дәстүрлермен және заңдылықтармен қатар діни құндылықтар да маңызды орын алады. Қазір елімізде 130 этнос өкілдері мен 17 конфессия бейбіт қатар өмір сүруде. Осындай ымыра-бірліктің, алғаусыз тірліктің арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен тағаттылық нық орнығып, экономика саласында әлем таңғаларлық оң өзгерістер орын алуда. Нақтырақ айтсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кезіккен қиындықтарды абыроймен еңсере алдық. Біз Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысынан және соңғы әлемдік дағдарыстан шал­дықпай өттік. Қаржылық дағ­дарыс белең алғанына қара­мастан, соңғы үш жылда зейнетақыны екі еседей өсірдік.

Бәрімізге белгілі, қазір Батыс елдерінің кейбір мемлекеттерінде дефолт қыспаққа алып, еңбекақы мен зейнетақы азаюда, зауыттар өндірісі тоқтап, кәсіпорындар жабылуда. Ал, Қазақстанда 2010 жылдан бері Үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасы жүзеге асырылып келеді. Осы жылдары 672 нысан пайдалануға беріліп, 69 мың жұмыс орны құрылды. Бұл үрдіс енді индустрияландырудың екінші кезеңінде, яғни, 2015-2019 жылдары өз жалғасын табады.
Жалпы, ішкі және сыртқы саясатымызды сауатты жүргізе келе, «қазақ» деген ұлтты, «Қазақстан» атты жаңа тәуелсіз мемлекетті дүние жүзіне паш етіп, күллі әлемге таныта білдік. Соның нәтижесінде алпауыт мемлекеттер Қазақстанды посткеңестік аумақта бірінші болып нарықтық экономикасы бар мемлекет ретінде мойындаумен қатар еліміздің тәуелсіздігіне, ше­карасының тұтастығына, бей­біт­шілігіне кепілдік беретін құжатқа қол қойды. Мұнан соң Қазақстан қазба және басқа бай­лықтарды экс­порттауға халық­аралық дең­гейде шек қоятын «Джексон-Венс» қара тізімінен сызылды да, өзінің әлемдік рынокқа кедергісіз шығуына мүмкіндік алды.

Қазақ елі бүгінгі таңда әлемдік нарықта бидай сатумен аттары шыққан алтылыққа кіреді, ал ұн экспорттаудан үш жыл қатарынан алдына жан салмай келеді. Мәселен, дүниежүзілік нарықтағы ұн экс­портының бір жылдық көлемі 11,5 млн тонна болса, осының 19 пайызы біздің елдің үлесінде. Ал, ішкі нарықтағы өзіміздің жылдық тұтынымымыз 2,681 млн тоннаға пара-пар. Яғни, бұл жылына әр қазақстандыққа 167 келі ұн өнім­дерінен келеді деген сөз.

Сөз жоқ, кез келген қоғамдағы сияқты біздің жас мемлекетімізде де өз шешімін күтіп жатқан өзекті мәселелер жеткілікті. Жұмыс­сыз­дықпен күресу, инфляцияны тежеу, еңбек өнімділігін арт­тыру, шикізаттан гөрі қайта өңдеуге ден қоя отырып, отан­дық бәсекелестікті күшейту, та­рифтерді реттеп, ба­ғаның шектен тыс өсіп кетуіне тосқауыл қою – солардың бір парасы ғана. Сонымен қатар, қоғамдағы орын алып отырған жемқорлық, парақорлық, жағымпаздық, көз­бояушылық, тамыр-таныстық тәрізді кеселдерді түбегейлі жою да бүгінгі күн тәртібіндегі мін­­­деттердің бірі. Осы орайда, кем­шіліктерімізді термелеп, бір-бірімізге түрлі айыптар тағып, істің байыбына бармай қызбалыққа салынаты­нымыз жасырын емес. Иә, осын­­дай шығашап сезімге бой ал­ды­ратындардың да туған ел бо­­лашағына, балаларының ер­те­­ңіне шын жүректерімен алаң­дай­тындықтары түсінікті жәйт. Дегенмен, туындаған мәселе дабы­рамен емес, сабырмен, тек заң­дылық шеңберінде шешілуі тиіс. Ең мәдениетті қоғам – заңмен өмір сүретін қоғам десек, Эммануил Канттың «Мемлекет дегеніміз – құқыққа бағынған адамдар ұйымы» деген сөзі ойға оралады. Ендеше, құқықтық тәр­биенің күшейтілуі қажет.

Неге американдықтар өз елінің Негізгі заңына аса ыждағат­ты­­лықпен әрі мақтаныш­пен қа­райды? Себебі, сәби туғаннан бастап отбасында, балабақшада, мектепте оның бойына құқықтық мәдениетті қалыптастыру бас­ты міндет болып саналады. Американдық фильм­дерде: «Сіз адвокат шақыруға құқылысыз, еш нәрсе айтпауға құқылысыз. Әр айтқан сөзіңіз өзіңізге қарсы қолданылуы мүм­кін…» деген сөздердің айтылатыны әркімге етене таныс. Негізгі заң оларда АҚШ мемлекетінің қарқынды дамуының бірден-бір кепілі ре­тінде дәріптеледі. Ал, аме­рикан аза­маттығын алар тұста: «Сіз аме­рика конституциясына сенесіз бе?» деген сұрақ қойылады. Яғ­ни, конституция Америкада құдды бір екінші «Інжіл» тәрізді баға­ланады. Олай болса, біздер де әрбір қимылымызды конституция та­лаптары шеңберінде жүзеге асыра отырып, заңдылықтары мүлтіксіз сақталатын құқықтық мемлекетті орнатуға атсалысуы­мыз қажет. Сонда ғана біздер Ата заңымызда белгіленген биік межелерді бағындыра аламыз.

Ең асыл мұратымыз еңселі ел болу еді. Кейінгі екі ғасыр ішінде ғана қазақтың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтеріліске шыққаны соның дәлелі. Мұнан 23 жыл бұ­рын қазақ жерінде атқан тәуел­сіздік таңы Алтай мен Атырау және байтақ Сарыарқа арасын алып жатқан дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабамыздың қасиетті күре­сінің заңды жемісі, нақты нәти­жесі емес пе? Сондықтан да тәуел­сіздіктің бәрімізге артар мін­деті мол. Енді еңселі ел болу­дың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәу­летіміздің тасуы да өз қолымызда. Оған Ата заңымыз кепіл.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button