Басты ақпаратМәдениет

Жастарға жол сілтеген

Елордадағы Сәкен Сейфуллин мұражайында Абай күніне және Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай «Абай мен Шәкәрім» көрмесі ашылды. Сондай-ақ Халықаралық жастар күніне арналған «Болашаққа үміт, жастарға сенім» атауымен кездесу өтті.

Көрменің ашылуында Абай мен Шәкәрімнің туыстық қатынасы мен байланысы туралы әңгімеленді. Абайдың ағасы Құдайбердіден туған Шәкәрім жеті жасында жетім қалып, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған. Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай еркелетіп өсірді. Ол жөнінде ақын өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты еңбегінде жазып кеткен. Шәкәрімнің өлеңге деген зеректігін байқаған Абай өз қамқорлығына алды.

Шәкәрімнің өзі кейiнiрек былай деп жазды: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағылым алып, әртүрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім».

Кездесу қонақтары болған «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені маманы Қайыржан Күзембаев пен маман-әдіскер Қайрат Шағиев жүздесуді Абайдың «Мен ескінің соңы едім, Ол болашақтың басы еді» және «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деп тұздықтап, хакім жастарға жол сілтегенін айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button