Елорда тынысы

Жасыл желек 2,5 есеге көбейді

Бүгінгі таңда елордалық Урбанистика орталығы мен қала әкімдігі Астананы көгалдандыру бойынша жарғы әзірлеп жатыр. Қаланы көгалдандыру жарғысы желтоқсан айында Астана мәслихатының отырысында қаралады. Жаңа құжат елордаға қандай өзгеріс әкеледі? Осы сауалға қатысты С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры Гүлмира Сатыбалдиева айтып берді.

Мемлекет басшысы жылдың басында Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте қала тұрғындарының демалысына қолайлы жағдай жасау маңызды екенін және елорданы абаттандыру ісіне баса назар аударатынын айтты. Президент әкімдікке үш жылдың ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуді және алдағы бес жылда елордамыз жасыл шаһарға айналуы керек деген тапсырма берді.

Мемлекет басшысының бақылауына өткен мәселе енді көгалдандыру жарғысы арқылы жүзеге аспақ. Жаңа құжат барлық инстанциялар, оның ішінде өнеркәсіптік және коммерциялық объектілер, тұрғын үй кешендері, сауда және бизнес-орталықтар өкілдері тарапынан сапалы көгалдандыру және осы саладағы мәселелерге ерекше назар аудару құралы болады. Құжатта көгалдандыру жұмысына ережелер, талаптар, нормалар мен ұсыныстар жазылады.

«Бұл құжат Астана қаласында жүйелі түрде көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Ормандар мен жасыл өсімдіктер ғаламшардың «өкпесі» болып саналады, себебі ауаның құрамындағы оттегінің мөлшері тікелей өсімдіктерге байланысты. Жарғыда мына мәселелер ескерілсе деймін. Елордада жасыл желек санын арттыру үшін оның климаты ескеріліп, төзімді ағаштар мен басқа да жасыл өсімдіктер таңдалуы тиіс. Сонымен қатар  таңдалған түрлерге қажетті жағдайлар ескерілуі керек, себебі оларды отырғызу талаптары, күтіп-баптау ерекшеліктері басқа болады. Бізде алдын ала топырақтың құрамын анықтау, оны тыңайтқыштармен байыту, отырғызу орнын құрылыс қалдықтарынан тазарту жұмыстары ескерілмей жатады. Көгалдандыру жұмыстар жүргізу барысында мамандар мен ғалымдардан кеңес алып немесе бірлесіп жұмыс жүргізген дұрыс» дейді биология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Сатыбалдиева.

Сарапшы-ғалым өз сөзінде, елордада күтіп-баптау жұмыстары тек суарумен шектелетінін де айтты.

«Дамыған елдерде, қала немесе елді мекеннің тұрғындары әр отырғызылған ағашқа қамқорлықпен қарап, оны күтіп баптауға өз үлесін қосады. Ал біздің қалада көктемде көп ағаш отырғызылады, бірақ күтіп-баптау жұмыстары тек суарумен шектеледі. Отырғызылған ағаштарға алғашқы бірнеше жыл күтіп баптау жұмыстарын жүргізу қажет. Cебебі тамыр жүйелері дамыған кезде, қажетті суды олар топырақтан өздері сорып алады және де жерасты суларын бір деңгейде ұстап тұруға өз үлестерін қосады.  Ағашқа жауын-шашынмен келген және топырақтың құрамындағы ылғал жеткілікті. Ал енді қалалық жағдайда ағаш тек шектеулі ортада өседі. Демек суару мәселесін ойластыруымыз қажет. Ағаштарды және жасыл өсімдіктерді суаруда тазартылған тұрмыстық суларды қолдану керек. Сонымен қатар дамыған елдердің тәжірибесіне жүгініп тамшылатып суару технологиясын енгізуді жоспарлауға болады» деді Гүлмира Сатыбалдиева.

Биыл елордада құрылыс салушылар тарапынан жасыл желектерді отырғызу 2,5 есеге ұлғайды. Қала бойынша 100 000-нан астам жасыл желек отырғызылды. Бүгінгі таңда жасыл желектерге жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша елорданың бір тұрғынына көгалдандыру алаңы 14 м2 құрайды. Мақсат – оны бірнеше жыл ішінде 19 шаршы метрге дейін арттыру.

 Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button