Елорда тынысы

Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн

Астанада «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы өтіп жатыр. Іс-шараның аясында Мәжіліс депутаттары Снежана Имашева мен Қарақат Әбден және Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы мүшелері «Үміт» дағдарыс орталығында болды.

«Үміт» дағдарыс орталығында өткен отырыста ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚП Президенті жанындағы әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы Ұлттық комиссияның мүшесі С.Имашева заң жобасын әзірлеуде өзге елдердің де тәжірибесі ескерілгенін айтып өтті.

– Заң жобасын әзірлеу барысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Көптеген пікірлер, ұсыныстар келіп түсті, оның барлығы ескерілді. Ең басты мақсатымыз – зорлық-зомбылықты азайту. Әзірге еш мемлекет бұл мәселені түбегейлі шешкен жоқ. Кей елдер енді қарастырып жатыр, енді бірінде бұл тақырып жабулы. Дегенмен біз отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде белгілі бір нәтижеге жеткен елдердің үздік тәжірибесін ескердік, – деді С.Имашева.

Отырыста сөз алған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы Ұлттық комиссияның мүшесі Қ.Әбден отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары еліміздің бүкіл аймағында талқыланғанын және жергілікті комиссия бұл бағытта жұмысын ширату керектігіне тоқталды.

Отырысқа қатысқандар республикалық әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жергілікті комиссиямен бірлесіп, ақпараттық-консультативтік көмек көрсетуі және олардың отырысына онлайн режиміне қатысу мүмкіндігі қарастырылуы керек екенін айтты.

Қалалық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Сәркенова да кешенді жұмыс жасалуды қолдайды.

– Зорлық-зомбылық жасаушы агрессормен жұмыс жүргізілуі керек. Оған мұндай әрекет үшін қарастырылған жауапкершілік туралы айтылып, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе мәжбүрлі түрде психологқа бару ұсынылуы қажет. Бұл бағытта кешенді жоспар жасалуда, – деді ол.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button