Әлеумет

Алаяқтықтың ежелгі және қазіргі схемалары

Бүгінде қаржылық алаяқтық және қаржы пирамидасын құрудың ­тәсілдері жаңа деңгейге көтеріліп, күрделене бастады. Бұл туралы біз «Қазақстанның қаржы мәдениеті» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің және «Сапалы сауда» тұтынушылар одағы» өңірлік қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юрий Лимен әңгімелестік.

– Қазіргі кезде өзіңіз жетекшілік етіп отырған қордың қыз­меті туралы толығырақ айтып беріңізші.

– «Қазақстанның қаржы мәдениеті» қоғамдық қоры өз жұмысын 2021 жылдан бастады. Сол кезде адамдар өз өтінішін қалдырып, алаяқтық пен қаржы пирамидасының белгілерін өз бетінше анықтауға үйренуі үшін stop-piramida.kz сайтын құрдық. Сайтқа Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жосықсыз ұйымдарының қара тізімі, жеке сот орындаушыларының ақпарат базасы арқылы әлеует­ті серіктестердің ақпаратын тексеру мүмкіндігі сияқты бірнеше қолданыстағы ресурс қосылды. Содан соң Instagram парақшасы құрылды, ол зардап шеккендердің өтінішін қабылдауға мүмкіндік берді. Сөйтіп, олармен жұмыс істей бастадық.

Депутат ретінде мен заң жо­­балары жоспарына қаржы пирамидасын жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу туралы бастамашыл ұсыныс енгіздім. Көптеген талқылаудан кейін бұл жаза қабылданды. Бірқатар түзету пікірталас деңгейінде қалды, біз оларды қабылдау үшін әлі де күресеміз. Дропперлер, яғни алаяқтар қолма-қол ақша алу үшін пайдаланатын адамдар туралы мәселе өткір, сондықтан кейбір заңдарды әлі де нақтылау қажет. Біздің қызметіміз – скам-жобаларды, жалған инвестициялық жобаларды зерделеу бойынша өтініштер қабылдау. Қазіргі уақытта мен осы бағытта барынша жұмыс істеп жатырмын. Бұған электрондық саудада тұтынушыларды қорғау мәселесін де қосуға болады. Бізге, негізінен, тұтынушылар интернетте онлайн-сатып алу кезінде өз құқығының бұзылатыны туралы көп шағымданады.

– Қазір көп азамат байерлердің қызметіне жүгініп, шетелден тауар сатып алуда. Бірақ мұнда да алаяқтар кездесіп қалып жатады. Бұл адамның, мысалы, Қытайға, Америкаға барып, тауар сатып алып, әкеліп жүрген ресми өкіл, әлде алаяқ екенін қалай ажыратуға болады?

– Бізде байерлерге қатысты шағым көп болды. Өкініштісі сол, біз осы нарықтың мамандарымен байланысқа шыққанда, олардың кейбірі өздері сататын тауарға жауап беретінін білмейді. «Мен сол жерден алдым, осында әкелдім, егер түсі сәйкес келмесе, неге мен оған жауап беруім керек?» дейтіндер кездеседі. Кейде сатып алушылар маған «байерден тауар сатып алғым келеді, оның алаяқ еместігін тексеріп беріңізші» деп хабарласады. Мен оны қалай тексеремін? Байер адал болуы да мүмкін, кейде тауар кеденде тұрып қалады. Мұндай жағдай болмайды деп мен айта алмаймын ғой.

– Бірақ мейлінше сақ болу керек дейсіз бе, алаяқтардың қандай да бір белгілері бар ма?

– Қылмыскерлер, негізі, өте айлакер келеді. Жыл басында біз алаяқтықтың мынадай белгілерін атағанбыз: олар алдын ала төлемді 100 пайыз төлеуді талап етеді, жөнелтпес бұрын тауардың суретін жібермейді, шот туралы ақпаратты көрсетпейді немесе ол жабық болады, шоттары бірнеше рет өзгеруі де мүмкін. Ал қазір қаласаңыз, олардың физикалық мекенжайын тексере аласыз, алаяқтар көбіне қаладан тыс, адам аз баратын үлкен ғимарат орналасқан жерді мекенжай ретінде көрсете салуы, жеке кәсіпкерден шот-фактура жасап алуы мүмкін. Себебі неде? «Сіздің ЖК жалға аламыз» деген хабарландыруды көрген кейбір алаяқ сіздің ресми бизнесіңіздің атын жамылып, есеп айырыса бастайды. Бізде ЖК-ны заңсыз жалға беру туралы жеңіспен аяқталған сот процестері болды, бұл шығынды бүгінде сол кәсіпорындар төлеп отыр. Сондықтан кез келген тауарды сенімді сатушыдан сатып алған дұрыс, әрине.

– Байерлерді немесе өмірде жоқ сатушыларды қылмыс­тық жауапкершілікке тарту дұрыс па?

– Мұндай жағдайда міндетті түрде кәсіби қорғаушыны жалдап, сотқа жүгіну керек. Нақты оқиғаны айтар болсам, адам сауда желілерінің бірінен сүт сатып алды, сөйтсе, оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Біз түсініктемеде әрекетке қысқаша нұсқаулық жаздық. Олар бізге «бұл жерде дүкеннің қатысы қанша, мүмкін зауыт сапасыз өнім жеткізген шығар?» деген жауап қайтарды. Заң бойынша тауарға сауда желісі жауапты, ол сапалы өнімді сатуы керек, оны қайдан алғаны маңызды емес. Міне, байерлермен де дәл солай.

2023 жылдың 10 айында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті 19 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты

Егер адам шетелдік тауарларды сатушылармен сатып алу кезінде өзін сақтандырғысы келсе, онда қағазға не сатып алуға уәде бергенін, қандай мөлшерде, қандай түс­те, қандай мерзімде, қандай сомаға қою керегін жазып алуы керек. Нақтырақ айтқанда, сатып алу-сатудың үлгілік шартын жасауы тиіс. Онда барлық сәтті көрсету керек. Әсіресе өнім қымбат болса. Мысалы, жалған зат (подделка) жеткізілген жағдайда, құжаттарға сәйкес, жасалған шарт бойынша барлығы өндіріп алынады.

– Ал егер мұндай келісім болмаса ше?

– Онда сотқа жүгініп, хат алмасу, скрининг, фотосурет, дауыс хабарламалары арқылы дәлелдеу қажет. Алаяқтық фактілерін дәлелдеу оңайырақ. Біраз жүгіруге тура келеді. Хат алмасуды растау үшін сіз ұялы байланыс операторына барып, осы SIM-карта сізге тиесілі екені туралы анықтама аласыз. Егер бұл Telegram-арнасында болса және сіздің нөміріңіз болмаса, онда бұл хат-хабарлар жарамайды. Сондықтан алданбауды қаласаңыз, іскерлік айналым ережесін сақтаңыз. Қыруар қаржыдан айырылғыңыз келмесе, өзіңізді қорғау үшін 10 минут уақытыңызды бөлгеніңіз жөн. Ал бізде адамдар көбіне оған уақыт кетіргісі келмейді, сосын мемлекетті кінәлайды.

– Көп адам тауарларды акция мен жаппай сатылым кезінде сатып алады. Бұл уақытта алаяқтар белсенді әрекет етеді. Солардан қалай қорғануға болады?

– Сіз өзіңізді жаһандық акциялардан емес, өзіңізден қорғауыңыз керек. Неліктен? Өйткені бірдеңе сатып алатын кезде адамдар «мен осыны қалаймын» және «басқа ештеңе естігім келмейді» деген сөздерді айтады. Мысалы, кейбіреулер қашықтан қол жеткізу бағдарламасын орнатып, несиені мақұлдау үшін SMS-кодты бөгде біреуге хабарлап қояды, бұдан кейін оған ешкім көмектесе алмайды.

«Сатып алғым келеді» мен «қайдан сатып алғым келеді» дегеннің аражігін ажырата білген жөн. Егер басқа нұсқалар, яғни ресми сатушылар немесе түсініксіздеу жеке кәсіпкерлер пайда болса, сіз ондағы бағаның қаншалықты арзан екенін қарауыңыз керек. Мысалы, жеңілдік 10 пайыз болса, көңілге қонады, ал егер 20-30 пайыз арзан болса, күмән туын­дауы мүмкін. Ірі компаниялар үлкен жеңілдік жасай алады. Өйткені олардың сатып алу көлемі ауқымды, айналымы үлкен, сәйкесінше, қоймада әрдайым заттар қалып қояды, сондықтан оны босату үшін акциялар жүргізеді. Тауар құны арзан болса, көп адам тәуекелге барады. Ал қымбат затты сатып алғанда, оған кепілдік, лицензия талап етуге тиіссіз, қандай да бір жағдай туындай қалса, сіз тұтынушы ретінде құқығыңызды қорғай алатыныңызға сенімді болуыңыз керек.

– Жақында сіз белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлермен кездестіңіз. Егде адамдар, шынымен де, алаяқтардың құрығына жиі түсе ме?

– Егде адамдарға келетін болсақ, жасына байланысты оларға эмоция тұрғысынан әсер ету әлдеқайда оңай. Бүкіл ТМД-да ұзақ уақыт бойы қоңырау шалып, жақынының апатқа ұшырағанын немесе ауыр қылмыс жасағанын естіртіп, шұғыл көмек көрсету үшін ақша беріп жіберуі керегін айту әдісі қолданылғанын білеміз. Мұндайды естіген егде адам қажетті соманы ала сала, ­алды-артына қарамай, тіпті ұялы телефонын да ұмытып, үйден атып шығады. Алаяқ оның туыс­тары қоңырау шалуға тырысса, ол қоңырауларға жауап бере алмайтындай және өздігінен ешкіммен хабарласа алмайтындай етіп алдап, белгісіз жерге шақырады. Қарт кісіде артық жинақ ақшаның болатынын білетін қулар осындай әрекетке барады.

Мұндай оқиғалар қазіргі уақытта өте жиі орын алуда. Алаяқтар егде адамдардың аса жауапты болатынын, «азамат­тық борышын өтеу» және «қылмыскерді әшкерелеуге жәрдемдесу» жөнінде өтінген кезде олар сөзсіз сеніп, көмектесуге тырысады. Бұл да алаяқтықтың жиі кездесетін схемасының бірі. Қарағандыда бір әйел тіпті құқық қорғау органдарына көмектесемін деп ойлап, үйін сатып жіберді. Сонымен қатар оның атына бірнеше несие ресімделді.

– Бұл схемалар көпшілікке таңсық емес, осы туралы жиі жазылды, бірақ алданғандар қатары азаяр емес. Неліктен?

– Алаяқтар адамдардың екі осал тұсын: жақыны үшін қатты алаңдайтынын және азаматтық борышын өтеуден бас тартпайтынын біліп алған. Біз белсенді ұзақ өмір сүру орталығында осы схемалар туралы айта бастағанда, көп адам мұндай жағдайды басынан өткергенін немесе тұзаққа түсіп қала жаздағанын жеткізді. Адамдарды кейде «бос жұмыс орындарын ұсынамыз», тіпті жалған сертификат көрсету арқылы чаттардағы, Telegram-арналардағы «тапсырмаларға лайк бассаң, ақша береміз» деп қызықтырады. Мәселен, 10 лайкқа 4000 теңге беріледі. Ақша табуға мүмкіндік деп ойлағандарға «сіз өте жақсы жұмыс істейсіз, біз сізді V.I.P.-чатқа қосамыз, қалайсыз ба?» дейді. Ол: «иә, қалаймын» дейді. Осы чатқа қосылған соң оған тағы басқа тауарлар ұсына бастайды. «Міне, тоңазытқыш, ол дүкенде 300 мың теңге тұрады, енді сіз оны 230 мыңға сатып ала аласыз, өйткені тек сізге жеңілдік бар, содан кейін біз бұл тоңазытқышты 300 мың теңгеге сатамыз, ал 70 мың сіздікі болады» дейді. Осындай қызығушылықпен 5-10 мил­лион теңгеге дейін тауар сатып алатындар болады. Алаяқтар адамды көндіруді жақсы біледі және ойлануға рұқсат бермей, тез арада шешім қабылдауға шақырады. Мұндайда олар «тезірек сатып алмасаңыз, басқа біреу сатып алады» деп айтады. Осындай «табысқа кенелгендер» мақтанып, кадрдың артқы жағында пікір білдіреді. Мұның бәрі ұйымдастырылған нәрсе екенін білмей, кейбір егде адамдар оған тез сеніп қалады. Одан әрі әлгілер «егер сіз одан әрі инвестиция салмасаңыз, барлық ақшаңыз күйіп кетеді» дейді. Адам несие ала бастайды, қарызға батып, өзі салған қаражаттың «күйіп кетуіне» жол бермеуге тырысады. Бірақ алаяқтарға алданғанын кеш түсінеді. Мұндайға көбіне 50-ден асқандар көп алданады. Бұл оқиғаны белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағыларға айтқанда, залда отырғандардың жартысына жуығы күлді, демек олар осы оқиғаны басынан өткерген. Тікелей сұрағанымда, әйелдер мұның рас екенін айтты.

Осы жерде алаяқтардың өте тапқыр және психологиялық тұрғыдан білімді болатынын, олар адамның психикасына қысым жасауда шебер екенін айта кету керек. Егде ата-аналардың осылайша алдануының алдын алу үшін бізге олардың ересек балалары жиі хабарласады. Жақында бір зейнеткер 1,5 миллион теңге ұтып алады, бірақ оны алу үшін алаяқтардың нұсқауы бойынша олардың шотына 150 мың теңге аудару керек болды. Әйел осы соманы қызынан қарызға сұрайды. Ал қызы шикілікті сезген соң бізге хабарласты, ақыры біз әйелді алаяқтардан сақтап қалуға көмектестік.

Алаяқтар адамдарды жеңіл ақшамен және күнделікті төлеммен алдауда. Бірақ айтыңызшы, Қазақстанда күн сайын дивиденд төлейтін кем дегенде бір компания бар ма? Жұмысын дұрыс жолға қойған мекемелерде қаржы кезеңі ай, тоқсан, жарты жыл, жыл деген ұғымдармен өлшенеді.

– Сізге осындай алаяқтардан қалай қорғануға болатыны туралы кеңес сұрап, тұрғындар жиі хабарласа ма?

– Иә. Жақында бір жағдай болды: адам пирамидаға инвестиция салды, біз оның пирамида екенін ұзақ уақыт дәлелдедік, ол ақыры түсінді және содан соң былай дейді: мен пассивті табыс тапқым келеді, маған ұсыныс беріңіз. Қазіргі адамдар қызық, біріншіден, көпшілігі еңбек етіп, маңдай терін төкпей оңай ақша тапқысы келеді, екіншіден, жауапкершіліктен қашады. Болған іске біреуді кінәлағанды ұнатады. Олай болмау керек.

Екатерина Тыщенко

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button