Басты ақпаратҰлт ұпайы

Қазақ өркениетін зерттемесек, көштен қаламыз

Қазақ мемлекеті, қазақ мәдениеті, қазақ жазуы, қазақ тарихы, қазақ жері, қазақ қалалары – осының бәрі, тұтастай алғанда, қазақ өркениетінің негізін құрайды. Ел, мемлекет болып өрлеуіміз тікелей осы ұғымдарға байланысты. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, академик Еренғайып Омаров қазақ өркениеті мәселесімен біраз жылдан бері айналысып, «Қазақ өркениеті» тұжырымдамасын ұсынды. Белгілі ғалыммен сол төңіректе әңгімелестік.

ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН САҚТАЙДЫ

– Еренғайып Сәліпұлы, біраз жылдан бері қазақ өркениеті мәселесін зерттеп келесіз. Тіпті «Қазақ өркениеті» тұжырымдамасын ұсынып, монография­лар жаздыңыз. Мемлекет, ұлт болып дамуымызда бұл ұғымның үлкен маңызы барын сезіп отырмыз. Десек те бұл жайлы өзіңіз айтып берсеңіз.

– Өркениет теориясы қазіргі кезде үлкен бір әлемдік ғылыми және саяси идеяға айналды. Егер біз бұл идеяны байқамайтын болсақ, онда қазіргі кездегі әлемдік ғылымның негізгі даму беталысы мен ғылыми даму болашағы мәселесінен көз жазып қалуымыз мүмкін. Екіншіден, қазақ өркениеті мәселесін зерттеу замана талабынан туындап отыр. Оны өзіміз, қазақтар, зерттемесек, басқа елдің ғалымдары айналысады. Ал олардың бұл мәселені қай тұрғыда зерттейтінін кім білсін?! Жасыратыны жоқ, егемендік алғанша қазақтың тарихын басқа елдің ғалымдары жазып келді емес пе?!

Қазіргі жаһандану заманында өркениетті әлем өркениеті жоқ халықты мүлдем жұтып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан әр елдің өзіне тән мызғымас тірегі – өркениеті болуы керек. Өркениет бар болса жандандырып, ұмыт болып бара жатса еске түсіріп, жас ұрпақтың қанына сіңіру қажет. Қазақта өркениет бар, шүкір. Кейін өкінбейік десек, қазақ елі, қазақ мемлекеті сақталсын деп тілесек, сол өркениет құрдымға кетпей тұрғанда қимылдап қалуымыз керек.

Өркениет – әрі нәзік, әрі ау­қымды ұғым. Оның құрамына мемлекет, мәдениет, жазу, тарих, жер кіреді. Жері, мемлекеті, өз жазуы жоқ ел өркениетті елге жатпайды. Қазір ұлттық рухты көтеріп, ұлттық идеяны анықтайық деп қазақ ғалымдары, зиялылары жар салып жатыр. Бұл туралы баспасөзден оқып та, естіп те жүрміз. Ал ұлт – өркениет субъектісі, өркениеттің қозғаушы күші. Ұлт жоқ жерде өркениет те жоқ. Ұлттық сана тек қана өркениетті елде қалыптасады.

– Сіздің пікіріңізше, ұлттық идеяны қалай қалыптастырып, ұлттық рухты қалай көтереміз?

– Өкінішке қарай, ұлттық идеямыз әлі қалыптасқан жоқ. Әрине, талай жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ ұлттық идея қысқа да нұсқа болуы тиіс сияқты. Алаш идеясы шыққалы 3000 жылдың шамасы болған шығар. Кезінде Геродот «сақтардың ішінде Алаш деген көне халық бар» деп жазып кетті. Ұлттық идея өркениет негізінде құрылып, халықты ұлт ретінде біріктіріп, оны жарқын болашаққа жетелеуі тиіс.

Тәуелсіздік заманында туған ұрпақ ұлы өркениеттің сынығы екенімізді біліп өссе деймін. Бұл тарапта күні кеше ғана дүниеден озған Американың ғалымы әрі мемлекет қайраткері Генри Киссинджердің «Қазақстан – өркениеттер бесігі» деген сөзін еске түсіре кетсек артық болмас. Меніңше, қазіргі маңызды іс – ұлттық идеяны байрақ қып көтеретін жастарды тәрбиелеу.

Рух – Ахмет Байтұрсынұлының анықтамасы бойынша халықтың жаны. Ал өзіміз рухты қалай түсінуіміз керек, жас ұрпақтың рухын қалай көтереміз? Бұл мәселенің маңызы өте зор, себебі Қазақстанның жаңа мемлекет екенін сылтауратып, қазақтар бұған дейін мемлекет құрмаған деген сөздер оқта-текте айтылып қалып та жатыр. Рух – туған жер, туған ел, ана тілі, ата тарихы, ұлт менталитеті ұғымдарымен, түйіндеп айтқанда, Отанмен тағдырлас. Өркениет тарихында рухты халықтардың аты қалды, заты қалды. Рухты халық – жасампаз халық, тарихи рухтың еңсесі биік, есесі мол екенін ертедегі гректер, римдіктер, византиялықтар, ежелгі ғұндар, сақтар және түріктер білді. Дешті Қыпшақ өз рухының мықтылығы арқасында Еуропа және Кавказ халықтарын қыпшақ тілінде сөйлетті ғой. Қыпшақ тілінің грамматикасы (1581 ж.) жазылып, сөздіктері шықты, соның дәлелі – «Кодекс Куманикус» сөздігі (1303 ж.). Сол заманда шыққан Қыпшақ әнұранының (гимн) нотасы бізге дейін 700 жылдан кейін жетіп, әлемдік премьерасы 2019 жылы 26 қарашада Астанада өтті.

Ал біздің қазақ, Шоқан айт­қандай, даланың рыцары – серісі, сайын даланың иесі. Екіншіден, қазақ – үш жүзден құралған құрама халық емес, тұтас халық. Біз бір атадан тараған үш баланың, үш атаның ұлымыз. Түбіміз бір, түбіріміз бір Азия сахарасындағы іргелі халықпыз. Белгілі отандық ғалым Сәбетқазы Ақатай өз мақаласында ұлттық рухты қазақша өмір сүру дәстүрімен байланыс­тырады. Ұлттың шынайы рухы қазақтардың бес қаруынан, өнерінен – домбырасынан, қобызынан айқын көрiнедi. Сақтар кеме жасап, қалалар салған. Ертедегі сақтар бірінші болып асау атты қолға үйретіп, салт атты әскер ұйымдастыра білген. Жылқыны қолға үйрету адамзат үшін үлкен ерлік болды дейді Арнольд Джозеф Тойнби. Қазақтар әскери-демократиялық өркениет өкілі екенін ескерсек, олардың бойында батырлық пен батылдық рухы ежелден басым болған деп айта аламыз.

Қазақтың ұлттық идеясын қалыптастыру – алда тұрған келелі мәселе. Рухты көтеретін тек қана ұлттық идея. Ертедегі Рим империясы құлдыраған заманда «Рим – мәңгілік қала» деген ұлттық идеясының арқасында тағы 5-6 ғасыр өмір сүрді. Рим құлаған соң оны Ресей қағып алып, «Москва – третий Рим» деген ұлттық идея қалыптастырды. Қазақтың ұлттық идеяларының бірі – Алаш идея­сына шамамен үш мыңжыл болғандықтан, Римнің ұлттық идеясынан да жасы үлкен болып тұр. Ұлттық идеяны қазақ өркениетінің тұрақтылығын сақтайтын бірден-бір құрал ретінде қарастыруымыз керек.

БАТЫСТАН ЕНГЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТТІ ЭРОЗИЯҒА ҰШЫРАТУЫ МҮМКІН

– Қазіргі жаһандану заманында елімізге Батыстың ықпалын қалай бағалайсыз?

– Халқымыздың ежелден қалыптасқан дәстүрлi мәдениетi мен ұлттық рухына Батыс құндылығын байқап енгізу керек, оның озығы да, тозығы да бар. Батыстан енген жаңашылдық салдарынан дәстүрлi мәдениеттiң эрозияға ұшырауы барысында құндылықтар жүйе­сiндегi өзгерiстердi кезінде зар заман ақындары мен Абай жырлаған едi. Халқымыздың бойындағы жат қылықтарды саралай келе, «ел қыдырып ас iшiп», арын сататын, ел бұзатын тентектердi Абай «пысықтар» деп атап, оның типiн ерекшелейдi. Бірақ мұны серілікпен шатастырмайық.

Пысық деген ант шықты,

Бiр сөз үшiн жау болып,

Бiр күн үшiн дос болып,

Жүз құбылған салт шықты.

Ұлы ақынның бұл сөздерi бүгiнде де өзiнiң өзегiн жоғалт­қан жоқ. Ұзаққа созылған трансформация кезеңдерінен соң ұлттық рух пен дәстүрлi құндылықтар жүйесi үлкен өзгерiске ұшырауда. Ежелден қазақтар уәде мен антқа берік халық еді. Енді, міне, берiктiк өтiрiк пен сатқындыққа, ер мiнездiлiк пысықтыққа, үлкенге деген құрмет көргенсiздiкке, төзiмдiлiк шыдамсыздыққа, қарапайымдылық даңғойлыққа айналды. Бiрнеше ғасыр бойғы отаршылдық пен тоталитаризм­нiң салдарынан ұлттық рух танымастай трансформацияланып, санаға құлдық вирус терең ұялап барады, соған тосқауыл қою керек.

– Ұлттық идеяны байрақ қылып көтеретін жастарды тәрбиелеу керек деп айттыңыз. Ал «қазіргі жастар кітап оқымайды» деген пікірді жиі ұшыратамыз. Осы орайда Отырар кітапханасы туралы сұрасақ деп отырмыз. Себебі осы мәселені зерттегеніңізді білеміз.

– Отырар кітапханасы өз заманында әлемдегі ең үлкен кітапхана болған. Кітапты өркениетті ел ғана жазады. Себебі кітап пен кітапхана – өркениет категориясы. Отырар кітапханасының мәселесін көтермесек, қазақ өркениеті жабулы қазан күйінде қала береді. Алғашқыда кітапты балшыққа сына жазумен жазып күйдіріп кептірген. Кейін қағаз ойлап тауып, өздері кітап жазып шығара бастаған ежелгі қазақтар – сақтар. Олай дейтінім, Арал теңізінің солтүстігіндегі сақтарды VI ғасырда Аққағаз деген ханшайым басқарған. Кітап жазып, оларды кітапханаларға алғашқылардың бірі болып жинаған өркениетті халық екенбіз, бірақ соны аса қастерлемейміз. Бірде жолым түсіп Александрияға барғанда, алдымен кітапханасына барсам, ішінде кітапқа арналған ескерткіш тұр екен. Сондай ескерткіш Үргеніш қаласында атақты Авеста кітабына қойылған. «Авестаның отаны – қазақ даласы» деген белгілі тарихшы Уахит Шәлекенов. Ойлап қарасақ, көне заманнан бастап кітап жазып, оқып келе жатқан халық екенбіз, сонда өркениеттің діңгегі қазақ даласында көтерілмесе, қай жерде болмақ?

ҰЖЫМДЫҚ РУХ ӘЛСІРЕМЕСЕ, ҚОҒАМ ҚАЙТАДАН ҚАЛПЫНА КЕЛЕДІ

– Қазіргі қазақ қоғамында рухани құндылықтарды материалдық байлық басып кетті. Руханият ең соңғы орынға түсіп кетті. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Қоғам ақыл-есінен адасып, мәңгүрттене бастағанда өзінің руханиятынан айырылып қалады. Рухтың орнын нәпсі басып, сол кезде өркениет іштей ыдырай бастайды. Халықты жаулау арқылы рухты басып тастауға болады. Егер ұжымдық рух әлсіремесе, онда қоғам уақыт өте келе қайтадан қалпына келеді. Кейде қазақ өркениеті туралы сан түрлі ой мен ғалымдар пікірінен кейін көңіліңде мынадай сұрақ туады: неге қазақ мемлекеті мен қазақ өркениеті өзінің күш-қуатынан, пассионарлығынан айырылып, дүниежүзілік көштен оқшау қалған? Гүлденген жер ­жәннаты әркімнің қызғанышын туғызбаушы ма еді, жаулар көбейе бастады.

Аттила заманында гүлденген өлке еді. Еуропа патшалары ғұндармен одақтас болуға тырысатын, балаларын ­Аттила ордасына оқуға, тәрбие алуға жіберетін. Реті келгенде, ­Аттиланың туғанына 2025 жылы 1625 жыл болатынын айта кетейік. Оның 14-атасы Тараз қаласын салған. Ғұндар қалаларды көп салған. Аттилаға қазақ жерінде бір ескерткіш қоюға болатын шығар. Еуропада Францияның Шепп деген қаласында Аттилаға ескерткіш қойылып, Мәдениет министрлігінің қолдауымен музей ашылған.

Қазақ өркениетінің дамуы дүниежүзілік көштен оқшау қалған себебі Шыңғыс ханның жорығынан кейін қалалар қирап, құлдырау басталды. Оған, әрине, одан кейінгі хандардың өзара қырқысуы қосылды. Әркім­нің өзінше тәуелсіз байбатша болғысы келгені де із-түссіз кеткен жоқ, Еуропа мен орыс­тар күшейіп, ақыры соларға жем болдық. Сол кездегі ел билеушілерінің ымырасыздығы мен саяси сауатсыздығы, тіпті асқан жауыздығы да өз кеселін тигізбей қоймады.

– Баланы бесікке бөлеу керек пе, керек емес пе деген дау бар. Бұған сіздің көз­қарасыңыз қандай?

– Бұрын біздің ұрпақты қалай тәрбиелегеніміз бүкіл әлемге аян. Аттила заманында еуропалық патшалар мен корольдар балаларын бізге тәрбиеге аманат­сыз-ақ беріп тұрған. Белгілі ғалым Өмірзақ Айтбаевтың айтуына қарағанда, 1980 жылдары КСРО делегация­сының құрамында Англияға барғанда Шекспир музейінен қазақ бесігін көріп таңғалған. Сөйтсе, ағылшынның атақты адамдары балаларын бесікке бөлеп өсіреді екен. Мұндай бесіктерді олар қыпшақ пен қазақ далаларында тапсырыс­пен жасатуы мүмкін, бәлкім, Англия­ның өзінде жасайтын шығар. Мүмкін бесіктерді сақ-сармат­тың перзенті, ­Англияның королі Артур кезінде Англияға әкелген болар.

ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

– Белгілі ғалымсыз. Еліміздегі ғылымның жағдайына келсек. Руханият сияқты оған да қолдау аз сияқты.

– Қазақ ғылымының мүмкіндігі мол. Бірақ мемлекет тарапынан қаржы көп бөліне қоймайды. Жапония сияқты дамыған мемлекеттерде ұлттық қордан 3 пайыздан 5 пайызға дейін қаржы ғылымға бөлінеді. Ал бізде 1 пайызға да жетпейді. Таяуда Қарағандыда шахтада апат болды. Интернеттен оқыдым, бір ғалым метан газы жарылмайтын бір құрал ойлап тауыпты. Бұл туралы сіздің газет те жазды. Бірақ бұл құралды мемлекет менсініп отырған жоқ, яғни қолданбайды. Өндірісте жүрген басшылар ғылыми жаңалық енгізуге мүдделі емес. Жалпы біздің басшылықтың бір қателігі, өндіріске көп көңіл бөлмеді, бәрі сауда-саттықпен кетті. 90-жылдардың ортасында «бұрын қазақтар саудагер емес еді, қазір саудагер болып кеткен бе?!» деп бір таңғалғаным бар.

– Сіздіңше, бұл күнде ғы­лымды қалай дамыту керек?

– Ғылымды дамытудың жолдарының бірі – ұрпақ тәрбиелеу. Келген студентті бірден ғылымға тарту керек. Бірақ бір мәселе, жатақхана жоқ, қайда жататынын білмей жүрген студент бір күні оқуын тастап кетеді, себебі жағдай жоқ. Өзіміз Совет Одағы кезінде оқыдық та, сабақтан жатақхана­ға келеміз немесе кітапханаға кетеміз. Басымыз кітаптан көтерілмейтін. Тәуелсіздік алғаннан кейін сондай жағдайға жеткізе алмадық. Ғылымды дамыту үшін лабораториялар да керек. Кезінде археологтармен жұмыс істедім. Сөйтсем, оларға ақша бөлмейді екен ғой, қазба жұмысын өз ақшасына жасайды. Кейбір салалардағы лабораториялық зерттеулерге құрал да, шикізат та керек. Ал ол жоқ болса, ғылымды қалай дамытамыз?

– Биыл Астана қаласына 25 жыл толды. Бүгінде елордамыз саяси, экономикалық қана емес, рухани орталыққа айналды деп айтып жатамыз. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Астана дегеніміз белгілі бір инфрақұрылымның қарапа­йым жиынтығын білдірмейді. Кез келген шынайы астана халықтың көзқарасын, жан сезімін білдіреді. Астана салуды көздеген адамдар өз халқының тұжырымдамасын, дүниеге көзқарасын, түсінік-түйсігін білуі тиіс. Өйткені бұл қалада жай ғана өмір сүретін сүреңсіз тобыр емес, еркін, шығармашыл әрі мәдениеті жоғары адамдар тұратынын ұмытпаған жөн. Кейде ерекшелік те болады. Астанада мемлекеттің ақыл-ойы болған министрліктер мен Парламент, ірі мәдени ошақтар, ғылыми институттар мен университеттер шоғыр­лануы тиіс. Әрине, Президент Астанада орналасуы керек. Шет мемлекеттердің елшіліктері де сонда орын тебеді. Бұл – оның екінші шарты. Оның келесі шарты – руханилығы. Мемлекеттер астаналарына жүктелмек ең басты функция­лар, міне, осылар.

Айтпақшы, Қазақстан Рес­публикасының жаңа астанасы Астана қаласының атауымен байланысты қызықты бір факт айтайын. Ежелгі Шығыс Түркістанда, Үрімші қаласының шығысынан 80 шақырымға жуық жерде көне қала Тұрфанның қатарында Астана деп аталған ежелгі қала болған. Біздің болжауымызша, көне қала Тұрфан экономикалық мегаполис ретінде қызмет көрсеткен, ал басшылар оның қасындағы Астана деп аталатын қалада тұрған.

Жаңа астана салудан ­Қазақстан халқы ұтты. Бұл – индустрияны, инфрақұрылымды дамытудың жаңа перспективалары, жаңа жұмыс орындары, ең бастысы, шетел капиталын тарту инвестициялары деген сөз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button