Басты ақпарат

Жатақханаға – жаңа серпін

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Қосымша білім беру гранттарын бөлу және жаңадан жатақханалар салу мыңдаған жас қазақстандықтар үшін қолайлы мүмкіндіктерге жол ашады.
Жаңа әлеуметтік бастамалар, ең алдымен, жастар мен жас отбасыларға жасалған қамқорлық, қомақты қолдау болатыны айқын. «Бес әлеуметтік бастаманы» толық көлемде іске асыру – барлық деңгейдегі атқарушы органдардың басты міндеті. Жалқаулыққа, салғырттыққа, немқұрайлыққа енді төзуге болмайды. Осы стратегиялық маңыз­ды іс тапсырылған тұлғалар халықтың қатаң бақылауында болады.

Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Жатақханадан орын алу кез келген студентке қиындық туғызып келгені жасырын емес. Көптеген студенттер оны өз бетімен шешуге мәжбүр болуда және бұл оларға айтарлықтай шығын келтіреді. Ал жатақханадағы орындар бірінші кезекте көбінесе студенттердің жеңілдігі бар санатына жататындарға (көп балалы отбасылардан шыққандар, ата-анасыз қалғандар, табысы төмен отбасылардың балалары және т.б.) бөлінеді. Білім және ғылым министрлігінен алынған ақпарат бойынша бүгінгі күні еліміздегі жоғары оқу орындарында 530 мың студент білім алады. Соның ішінде 38 %-ы басқа қала­лардан келгендер және жа­­тақханаға мұқтаж екен.
Мемлекет басшысы бұл міндетті шешу үшін жо­ғары оқу орындары, кол­ледждер мен девелопер­лік компаниялар мемлекет және жекеменшік серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауға тапсырма бергені белгілі. «Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың со­ңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді» деді Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялаған кезде.

Жоба қалай жүзеге асырылады?

Университеттер, колледждер және инвесторлар үшін бұл механизмнің тартымдылығы соншалық, олардың шығындары мемлекеттің кепілдік беруі есебінен жатақханалар салуға жұмсалған инвес­тициялардың бөлігін бір­тіндеп қайтарып берумен аяқталады. Жобаны іске асырудың алдын ала жасалған тізбесі мынадай:
– бірінші кезеңде жоғары оқу орны, колледж немесе жеке серіктес жатақхана жобасын дайындайды;
– екінші кезеңде бағдарламаның операторы болып саналатын «Қаржы орталығы» АҚ-пен шарт жасасады;
– үшінші кезеңде шарттың негізінде жоғары оқу орындары, колледждер (немесе жеке серіктес) банктен несие алып, құрылыс компаниясын жалдап, жатақхананы тұр­ғызады.
Айтарлығы, жатақхана қолданысқа беріліп, іске қосылған күннен бастап тараптар бір төсек орынға тиісті есептелген соманы белгілі бір мерзімнің ішінде алады және құрылыс жүргізуге жұмсаған шы­ғынын өтейді. Университеттерде, колледждерде немесе жекеменшік серіктестіктерде жер учаскесі болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізе отырып, жер учаскесін бөліп береді. Өз кезегінде «Қаржы орталығы» АҚ нормативтерді есептеу, шарттарды әзірлеу мен жасау, төлем жүргізу үшін жауап береді.

5 жылда 15 жатақхана салынды

Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша 2013-2017 жылдарға барлығы 18 студенттік жатақханалар құрылысы жоспарланған. Олардың 16-сы – Білім және ғылым министрлігіне, 1-еуі – Ауыл шаруашылығы ми­­нистрлігіне, 1-еуі Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі. Бүгінге дейін Білім және ғылым министрлігінің тізіміндегі 16 жатақхананың 15-і (7025 орынға арналған) пайдалануға берілді. Соның ішінде: 2013 жылы – 2 жатақхана (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ – 135 орын; Қорқыт ата атындағы ҚМУ – 400 орын); 2014 жылы – 3 жатақхана (ҚарМТУ – 822 орын; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 274 орын; Нұр-Мүбәрак университеті – 610 орын); 2015 жылы – 7 жатақхана (Павлодар мемлекеттік пединституты – 500 орын; М.Ломоносов атындағы ММУ-дың қазақстандық филиалы – 500 орын; ҚызПУ – 450 орын; Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты – 500 орын; Ш.Серікбаев атындағы ШҚМУ – 500 орын; С.Торайғыров атындағы ПМУ – 500 орын; М.Әуезов атындағы ОҚМУ – 588 орын); 2016 жылы – 2 жатақхана (Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ – 344 орын; Ш.Уәлиханов атындағы КМУ – 310 орын); 2017 жылы 1 жатақхана (С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ – 592 орын) пайдалануға берілді. Ал биыл Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Астана қаласында 500 орындық жатақхана салуды жоспарлап отыр. Яғни елордалық студенттерге 2018 жылы жаңа оқу жылының басында жаңа жатақхана тапсырылады.

Алматыда сұраныс көп

Құзырлы министрліктің ресми деректеріне сүйенсек, Қазақстан бойынша өзге қалалардан келген сту­денттердің жалпы са­ны 204869 адамды құ­райды екен. Соның ішінде 101614-і жатақханаға мұқтаж. Студенттердің 67780-і жоғары оқу орындарының жатақханасында тұрады. Яғни оларды жатақханамен қамтамасыз ету 66 %-ды құрайды. Атап айтарлығы, жатақханаға мұқтаж жастардың дені, негізінен, мемлекеттік жоғары оқу орындарында шоғырланған. Еліміз бойынша жатақханаға қолы жетпей жүрген ең көп сту­денттердің «көшін» Ал­маты қаласы (7707 адам) бастап тұр. Екінші орында – Қарағанды облысы (5072 адам). Одан кейінгі орындарды Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстары иеленген.
Қазіргі кезде Білім және ғылым министрлігіне ба­ғынатын мемлекеттік университеттер (30 жо­ғары оқу орнының 28-і) шаруашылық жүргізу құқығындағы республи­калық мемлекеттік кәсіп­орын ретінде жұмыс іс­тейді. Олар мемлекеттік меншік нысаны болып табылады. Мұндай фактор студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету тек жаңа жатақханалар салу арқылы ғана мүмкін екендігін көрсетеді. Бүгінгі күні жоғары оқу орындарының қажеттіліктеріне сәйкес, студенттік жатақханалар мен оқу корпустарының ғимаратын салу, жөндеу­ден өткізу бойынша басымдық берілген инвестициялық жобалар тізіміне 16 жоба енгізілген. Соның ішінде 11-і жатақханалар құрылысына жатады. 16 жобаның ішінде 3 инвес­тициялық жоба бойынша жобалық-­сметалық құжаттама дайындалған. Жалпы құны 3,6 млрд теңгеге 2 жатақхана мен 1 оқу корпусының ғимараты бой көтереді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button