Қала мен Сала

Астанадан ауылға дейін…

Астана
SCAT әуе компаниясы Астана–Вильнюс бағытында рейс ашып, жолаушыларды қуантты. Бұдан былай елордалық жолау­шылар бейсенбі, жексенбі күндері жайлы Boeing-737 ұшағымен Литва астанасына 4 сағат 40 минутта ұшып жетеді. Астана–Вильнюс–Астана бағытының ең төменгі тарифі 200 еуроны құрайды.

Ақтөбе облысы
Ақтөбе қаласында еліміз бо­йынша «Қазпоштаның» 4-інші сандық кеңсесі ашылды. Елді елеңдеткені, пошта бөлімшесіне келушілерге құлтемір қыз­мет көрсете бастады. Бұрынғы қызметтен бір ерекшелігі, тұр­ғындар бірнеше минуттың ішінде коммуналдық төлемдерді төлеп, пош­талық сәлемдеме жібере алады.

Батыс Қазақстан облысы
Өңірде биыл киік саны 1,5 есеге артып, 140 мыңға жетті. Сәуір айында 5 ауданның аумағын әуеден шолып, 50 сағат бойы ұшып, жүйрік жануарларды санаған мамандардың жағымды жаңалығы осындай.

Қарағанды облысы
Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы ауылында сауапты іс жасалды. Аудандағы мемлекеттік қызметшілер, журналис­тер және ауыл ақсақалдарының бас болуымен биыл 200 жылдық мерейтойы тойланатын Шортанбай жыраудың бейітінің басына 160 түп ағаш отырғызылды.

Қызылорда облысы
Қызылорда қаласындағы Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 орта мектеп-гимназиясына бір ғасыр толды. 1918 жылы мұсылман мектебі болып ашылған білім ұясынан әйгілі академик Шахмардан Есенов, жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджанов, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, медицина майталманы Тұрғанбай Маханов және тағы басқалар түлеп ұшты.

Маңғыстау облысы
Кеше облыс орталығы Ақтау қаласында елорданың 20 жылдығына арналған үш күндік бірегей жоба өз мәресіне жетті. Астаналық әртістердің гастролі Абай Құнанбаев атындағы мәдениет сарайында «Елордадан елге сәлем!» атты концертпен қорытындыланды.

Оңтүстік Қазақстан облысы
Шәуілдір елді мекенінде жаңа ықшам аудан бой көтереді. Қазіргі кезде жалпы құны 311 млн теңгені құрайтын 24 пәтерлі 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр. 2018 жылдың соңында пайдалануға берілетін 2-3 бөлмелі пәтерлер агроном, инженер, мұғалім, дәрігер сияқты мамандық иелеріне беріледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button