Тағзым

ЖАУЫЗДЫҚ ТОЗАҒЫНДА КYЙМЕГЕН



326

Мен ол кісімен жасы тоқсаннан асқанда танысып, әңгімелескен едім.
Рахмет Жүсіпұлы Момынов ақсақалдың ойы нақ, сөзі жүйелі әрі шұрайлы екен. Елу-алпыс жыл бұрын өтіп кеткен оқиғаларды тізгіндеуі, адам аттарынан жа­ңылмауы ғажап-ақ.
– Менің туған жерім Көкшетау аймағы, Қызылту өңірі, Бидайық деген жер, – деп бастаған еді Рахаң сонда әңгімесін. – Жасымда ауыл молдасынан дәріс алып, ескіше ептеп хат таныдым. Қазан төңкерісі кезінде біз де көп жаңалықтан тысқары шет жатқан ел болатынбыз. Мектеп, кітапхана, пошта дегендерің атымен жоқ. Алайда, «Таң атпайын десе де, күн қоймайды» деген ғой, жаңа заман толқыны біздің тұйықтағы ауылымызға да жеткен. Сол жаңа толқынның асау жалына мен де жармасқам. Алуан түрлі оқулардан өттім. Сот, прокуратура органдарында қызмет істедім. Қаржыгер де, тарихшы да болдым. Сөйтіп, мен де өзімді елге жаппай теңдік, әділдік, бақыт әкелмек жаңа тұрмыс-салттың бір мықты темірқазығындай сезіне бастағам-ды. Бірақ миллиондарға жазықсыз жапа шектірген, өмірлерін мезгілсіз қиған, өлмегендеріне запыран құстырған бәлшебектік қуғын-сүргін мені де қанды арнасына жоңқадай ұшырып қағып түсірген еді. Әйтеуір, өлмей әрең қалдым.
– Сіз, ақсақал, репрессияға бір емес, екі рет ұшырапсыз. Сонда сізге тағылған айып есті адамның жанын түршіктіргендей тым сөлекет-ақ…
Десек те, сол бір қиын-қыстау күндерде тағдыр сізді халқымыздың талай аяулы азаматымен тоқай­ластырған да екен…
– Иә, ол солай. Әңгімемді қазақ­тың ерекше сыршыл, жаны нәзік ақыны Мағжан Жұмабаевтан бас­тайын. Мен 1919 жылы Омбы қаласында мұғалімдер даярлайтын үш айлық курста оқыдым. Әйгілі жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің ағасы Махмұт, Қызылорда облысында бірінші хатшы болған Еркін Әуелбековтің әкесі Нұржан курстастарым болды. Сонда бізге Мағжан Жұмабаев қазақ тілі мен әдебиетінен, Смағұл Сәдуақасов жаратылыстану, география, тарих пәндерінен дәріс үйретті. Курсымыздың жетекшісі Мұхтар Саматов болды. Кейін республикалық колхозучетта бастық болып тұрған жерінде 1938 жылы репрессияға ұшырап, оның да ғұмыры нахақтан-нахақ тым ерте қиылып кетті ғой.
Оқудан кейін ауылда, одан Петропавлда сот, прокуратура органдарында жұмыс істеп жүрдім. Қызметтен қалт етіп қол босағанда мұғалімдер техникумына қарай жүгіретінбіз: сол кездегі облыстық прокурор Сәтіқұлов та, оның көмекшісі Көтібаров та. Мен болса да сол кеңсенің секретарь-хатшысымын. Бізді Мағжан Жұмабаевтың халқымыздың арғы-бергі әдебиетін, тарихын жетік білетіндігі, соларын сананы толқытып, жүректі шымырлатып айта білетін хас шеберлігі қызықтыратын. Сүттей ұйып тыңдай бергіміз келетін.
Көтібаров Жанғабыл тарихтан мәлім кәдуілгі атақты би Көтібардың шөбересі еді. Мен оны кейін, 1937 жылы Алматыда кездестірдім. Астана түбіндегі Қастек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған екен. «Көн қатса қалыбына барады» деп, қызметімнен босатты, – деді мұңайып, – жиі айналдырып жүр. Білмеймін, артының немен тынарын». Адамды қан-жоса қып қынадай қырған індет аясын ба, ол да кетті. Азаматтардың басы доптай тебілген науқаннан Сәтіқұлов та қалмады…
– Халқымыздың Мағжандай ардақтысын, Раха, сіз тым ертеден білген екенсіз-ау.
– Қалай дегенмен бір аймақтанбыз ғой. Жас айырмашылығымыз да шамалы. Мағаңның үйлену тарихында да алмағайып заман сыры бар-ау деп ойлаймын.
– Қызық екен.
– Қызық ештеңесі жоқ. «Үш күннен кейін көрге де үйренетін» адам баласының жарық сәуле тір­шілік үшін күресетін өмірге деген құштарлығы ғана болар.
Қасымда Манап, Темір деген кісілер бар, кооператив құрып, ауданнан жылқы алып, үш вагонға тиеп, пайда таппақ ниетпен Самараға бет алмаймыз ба. Жолшыбай Челябіге тоқтағанбыз. Осы жерде, вокзал
басында, мен Мағжанды кездес­тірдім. Ұмытпасам, мезгіл 1922 жылдың күзі болатын.
Мән-жай былай екен. Техни­кум­дағы кезекті сабағынан кейін үйіне келе жатқан жолында Мағжанға біреулер саған ұлтшылсың деген айып тағылды, ұсталғалы жатырсың дейді. Қитұрқы уақыттың сыры өзіне жақсы мәлім Мағаң үйіне бармастан, қалтасында пұлы, қолында заты жоғына қарамастан, кейін бұрылады да, пойызға отырып, Челябіден бір-ақ шығады.
Сол кезде Петропавлда, Мағаңдар жүрген ортада, Жәмила, Зылиха деген екі бойжеткен болды. Екеуі де оқыған, ақылды, көрікті және біршама ауқатты тұрмысты жерден. Ағамыздың әруағы алдында күнәһар болмайын, бірақ Мағаңның әуелде Жәмилаға ықыласы көбірек ауған секілді еді. Оған арнап жазған өлеңі де бар. «Жәмила, неге жүдеусің, бетіңде тамшы қан жоқ қой» деп келетін. Өлеңнің әдемі әуені болатын. Петропавл, Көкшетау, Омбы жастары ойын-сауықтарда әуелете шырқатып айтып жүретінбіз. Челябіге келген соң, жағдайы тығырыққа тірелген Мағжан осылай да осылай өмірден қол ұстасып бірге өтейік деп, Жәмилаға хабар салады. Бірақ ол әрі-сәрі күйде толқып, жігіт артынан баруға асыға қоймайды. Ақшасыз, киім-кешексіз жүрген адамның бөтен қалада көп тосуға халі бар ма. Мағаң жағдайын айтып Зылихаға хат жазады. Зықаң хабар алысымен буыншақ-түйіншегін арқалап, қалтаны ақшаға сықайтып, ардақты азаматтың артынан тез жетеді…
– Жас келген соң қиын екен, – дейді Рахаң әңгімесін жалғай түсіп, – қазір газет-журналдарды там-тұмдап қана оқимын, қағазға ұзақ қарауға көзім шыдамайды. Соның өзінде де Мағжанға байланысты естеліктер шығып жатқанын үйдегі балалар арқылы білемін. Сондықтан жұрт айтқанды қайталап жатпай-ақ қояйын. Тек мына бір жайға ғана назар аудармақпын.
Әр жерден түртпек көріп жүдеп жүрген Мағжанды көрнекті жазушымыз Сәбит Мұқанов Алматыға шақыртып алады ғой. Үйінде қонақ қылып қадірлеп күтеді. Мағжанның «Тоқсанның тобы» деген жаңа поэмасын бастыруға көмектеседі. Бұл поэманың мазмұны былай: біз халықтың бәрін бірдей, яғни, жүз деп жырлап келдік. Сөйтсек, тоқсан бар да, он бар екен. Анау он тоқсаннан аулақ. Мен оннан аулақпын, тоқсанмен біргемін.
Поэма жарық көргенде, жастық қызбалықтан ба, солақай заман әсерінен бе, ақын Ә.Тәжібаев қарсы сын жазады. Бұл шыны ма, әлде көлгірсу ме? Қойнына тыққан тас бар шығар, деп келеді сөзінің ләмі. Мен мұны Ә.Тәжібаевтай ірі ақынның атына кір келтіру үшін айтып отырғам жоқ. Тар заманның қыспағы құрбан боп кеткендерді ғана емес, тірі қалған, аман жүргендерге де оңай тимеген-ді. Соның астарында жалған түсінік, бүтін дүниені қақ жарып, ақ, қара бояумен бопсалау қарадүрсін пайым жатыр. Міне, сол шындық үшін айтып отырмын. Адам баласы тек шындық арқылы ғана тазарып, жақсарады ғой.
Мен Мағжанды соңғы рет 1938 жылдың ақпан айында Алматының түрмесінде көрдім. Жоқ, астапыралла, өзін көргем жоқ, елесімен, әруағымен кездестім.
– Апырай, ә, қалай болып еді?
– Алғаш ұсталған кезім еді.
– Айыбыңыз?
– Атақты 58-статьяның бірнеше тармағымен.
– Біз енді ондайды түсіне қой­маймыз ғой.
– Жер бетінде бұдан оңай ұғы­латын қылмыс кодексі жоқ шығар. Мысалы, екінші тармақ дегеніміз – көтеріліс, жетіншісі – бүлдіру, аран­дату, сегізіншісі – террор, тоғызыншысы – диверсия, оныншысы – саяси ұйым құру, он біріншісі – совет өкіметіне қарсы үгіт жүргізу.
– Сұмдық-ай, соның бәрін сіздің бір басыңызға үйіп-төкті ме?
– Әрине. Сол себепті де төрт тергеуші сегіз күн бойы тікемнен тік тұрғызып қойып жауап алды. Өздері кезектесіп демалып келеді. Маған демалыс жоқ.
– Адам арын аяққа таптап соншама қорлағандай бір негіз бар ма еді?
– Ой, шырағым-ай, бұ дүниеде адамға шыбын жаннан артық қымбат не болсын. Бірақ азаптамай, қинамай ала салса жақсы ғой соны. Ол да бір рақат өлім ғой. Өлтірмейді, тірі де емессің. Сан азап қорлықтан есің шыға есеңгірейсің. Адамсың ба, әлде бір ессіз мақұлықсың ба, өзің де білмей қаласың. Индиядағы Бомбей қаласынан Англиядағы Лондон қаласына жер астынан үңгір қазып жалғамақ болдым деу, күлден оқ-дәрі жасамақ болдым деу осындай адам санасынан ерік кетіп, әбден таусылып сарсылғандықтың белгісі емес пе…
Ол кезде халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Темірбек Жүр­ге­новтің республикалық оқу-ағарту халық комиссары болғанын біле­сіңдер. Темкеңмен таныстығым тәп-тәуір еді. Алматының қазіргі Абай атындағы педагогика инсти­тутын бітіріп, кафедрада ассистент боп жүрген жерімнен қуылып, оқу-ағарту комиссариатына қыз­метке тұрғанмын. Ересектер мектебі бас­қармасының, яғни, сауат­сыз­дықты жою штабының басшысы болдым. Содан жақсы білемін. Темкең Қа­зақ­станда ең алғаш кәмпескеге ілік­кен аса ірі 700 байдың бірі Қара дегеннің баласы еді ғой. Екі аға­сы кезінде Бостандық ауданында ашар­шылыққа қарсы дүрбелеңге қатыс­қан. Өзі қиын-қыстау жылдары Қазақстаннан қашып, әуелі Тәжікстанды, сосын Өзбекстанды паналаған. Өзбек­стан­да ірі қызмет атқарған. Кісіге қа­раған көзі от шашып тұрушы еді мар­­құмның. Оны Қазақстанға ша­қырт­­қанда, қай­дан шықтың деп тегіңе тиіспейміз, халқыңа білімің мен адал қызметің керек, кел, жаңа заман орнатуға көмектес деген. Ол сосын келген ғой. Ақыры тегін қаз­балап маза бермей жүріп бір күні ұстамай ма.
– Кешіріңіз, Раха, сөзіңізді бөл­геніме. Комиссариатқа қызметке тұрмас бұрын институт кафедрасында ассистент болып жүрген жерімнен қуылдым дедіңіз ғой.
– Иә, ол былай болып еді. Сол жылдарда Брайнин, Шафиров де­ген­дердің «Алашорда тарихының очеркі» деген еңбегі жарық көрді. Қысқаша мазмұнына жүгінсек, ұлт азаматтары, зиялылары бәрі түгел контрреволюцияшыл деп көрсетпек болған. Бір шағын ортадағы әңгімеде мен кітап жөнінде қарсы пікір айттым. Ұлт оқығандарына талғау­сыз күйе жаға беруге болмайды, адас­қандары да, адасып барып тура жолға шыққандары да бар дедім. Адас­ты дегендердің өзіне сын көзімен қарау керек дегенді айттым. Мысалы, Міржақып Дулатов «Оян, қазақ», Ахмет Байтұрсынов «Есіл жұртым» деген шығармаларында халықты өнер-білімге шақырды, самодержавие езгісіне қарсылық білдірді, бостандық жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстың күші болды. Объективті, прогрессивті рөл атқарды деп дәлелдедім. Ертеңінде-ақ бұл әңгімені аса қырағы пысықтар Республика Орталық Комитетіне жеткізе қояды. Ақырында мен аспирантурадан қуылдым. Сол кезде мені Темкең оқу-ағарту комиссариатына қызметке шақыртып алған еді…
– Қазір сан алуан бұлтартпас құжат­тар арқылы сталиндік реп­рессия­ның қандай айла-шарғы, күш қолданып болмағанды болды, жоқты бар деп айтқызғанын білген үстіне біліп жатырсыңдар. Жүргенов контрреволюциялық ұлтшылдық ұйым құрдық, соған жазушы Ғабит Мүсіреповтің ұсынысымен Момыновты да тарттым, депті-мыс. Белгілі ғұлама ғалым Санжар Аспандияров та Момынов жастар арасында үгіт жүргізіп, баулыды, сосын біз оларды ұйымға тарттық, деп мойындапты-мыс. Мен тергеушілерден аталған кісілермен беттестірулерін талап еттім. Ондай беттесу Аспандияров екеуміздің арамызда болды да. Ә деп сөз басталғаннан мен оған: «Егер әлдекімді үгіттеген болсам, ол жігіттің аты-жөні кім, қай жақтың адамы, қайда жұмыс істейді?» – деп, сұрақты үсті-үстіне бастырмалатып жіберсем керек. Таңырқау ма, сүйсіну ме, білмеймін, профессор Аспандияров бетіме жаутаңдай қарап қалды. Бірақ ләм деп жақ ашпастан үнсіз отыра берді. Тізгінді қолдан шығарып алдым ба деп састы ма, тергеуші ес жиып, маған қарап ақырды: Сенің оған тікелей сұрақ қоюға қақың жоқ. Сұрақты мен арқылы қойып, жауапты да мен арқылы аласың деді. Ол кезде өзімді біршама мықты санайтынмын, содан ба, мен де жұлып алғандай, бетпе-бет кездесу сенімен емес, онымен, демеймін бе, өжеттеніп. Тергеуші күйгелектеніп, енді профессорға шүйлікті. Бұрынғы берген жауабыңды мойындайсың ба, деп әлсін-әлі зіркілдеп қояды. Аспандияров міз бақпастан сазарып үнсіз отыра берді.

kfuthm

Тергеушіміз жасы отыздар шама­сындағы орыс жігіті болатын. Біздің айғақты ештеңе айтпағанымызға қарамастан хаттамаға олар мақұл­дады деп өтірік жазып қойды. Мен одан енді Жүргеновпен беттестіруді талап еттім. Бірақ, ол талабым орындалмады. Кейін жылдар өтіп ақталған соң, әлгі хаттамалармен таныс­қа­нымда қағаз шетіне «Жүргеновпен беттестіру мүмкін емес» деп жазып қойған екен. Сірә, бұл кезде елім деп еңіреп туған асыл ер жендет қолынан шейіт боп кетті ме екен, білмедім…
Таққан айыптарын мойындата алмағаннан кейін, менің ісімді Одақ­тық прокуратураның әскери комиссариатына жібереді. Ондағылар қайыра тексеруге кейін қайтарады. Сүйтіп, мені енді Алматы облыстық сотының саяси істер жөніндегі арнайы комиссиясы қарады. Комиссия төрағасы Беспалко екен. Мен Ақмоланың №3 учаскесінде халық соты боп тұрған кезімде, Беспалко округтік сотта істейтін. Көз таныс­тықтың арқасы ма, әлде, өзі шынында әділ кісі ме, ол айыпкердің талабын орындау керек деп ісімді қарамай, тергеу орындарына қайта­рып жібереді. Сталиндік репрессия болмаса, босап-ақ кететін жәй ғой. Сөйтіп, ісім НКВД-ға қайтып келді. Енді ешқайда бере алмайды. Республикалық прокуратурадан Курапов деген келіп менімен екі күн әңгімелесті. Тергеу орындары сізді аса ірі қылмыскер деп отыр, мойындайсыз ба, дейді ғой баяғы. Туғанымды айттым, өскенімді айттым. Әйелді қалыңсыз алдым, төңкеріс әкелген жаңа заманға бар жан-тәніммен құлай берілгенім сонша, тұңғыш ұлымның атын Кеңес қойдым дедім.
Курапов қабақ шытпады, рен­жімеді. Нәтижесін тергеуші Алда­оңғаровтан білерсің деп шығып кетті. Ертеңінде Алдаоңғаровтың алдына келдім. Бұл ғажапты қараңыз, мен онымен кезінде Қазан қаласында тоғыз айлық қаржы-банк курсында бірге оқығанмын. Тағдыр әне, ешкімнің ешуақытта ақыл-ойы жет­пейтін есебіне салып жіберді де, оны тергеуші, ал мені оның ал­дындағы айыпкер етіп шығарды.
Мен оған ойымды ашық та батыл айттым: Көріп отырсың, қылмыс жоқ, жазық жоқ, неге босат­пай­сыңдар? Сонда ол да: «Е, бізге кіруге есік ашық, шығуға есік жоқ, – деп күбілтектемей турасынан бір-ақ тартты. – Бізде ешбір адам мынаның жазығы жоқ деп айта алмайды. Айт­қан адам не жұмыссыз қаңғып кетеді, не басын жұтады. Мен сен туралы жа­зықсыз екен деп айтқанмен одан саған да, маған да түк пайда жоқ. Ең дұрысы, қолымнан келгенше жеңіл­­дік бергізу жағын қарастырып көрейін…»
Адамға саяси айып тағып, басыңа пәле салудың сан алуан жолы болған дедім ғой. Үштік немесе ерекше кеңес дейтіні де сондайдың бір түрі еді. Менің ісімді ерекше кеңес қарап, бес жылға кесті. Тергеудің ауыр азабында бақандай екі жарым жыл ғұмырым өткен екен, соны да қоса есептеді. Мұның өзін ескі танысым Алдаоңғаровтан келген жақсылыққа балап, енді оған әйеліммен кездесуге көмектес деп қолқа салдым. Ол хат жаз, жеткізіп берейін деді. Мен жаздым. Ол оқыды. «Жоқ, бұл күйінде жіберуге болмайды деді, мы­науың ұзынсонар аянышты хат. Мұны оқып әйелің де, бала-шағаң да жы­лайды. Қысқа жаз. «Аманбыз, кө­рісіп қалармыз» деген сияқты. Про-
­пуск керек болса, Курапов ар­қы­лы сұрауды ескерт. Қанша қуса да қай­тып келе берсін, мазалай берсін…»
Көзкөрген ескі дос уәдесінде тұ­рады. Хатты алысымен Рахаңның жұбайы Қалипаш асығып Алматыға жетеді. Есік жағалап, терезе сығалап, Кураповты іздейді. Табады да, бірақ ол сөйлеспек түгіл, маңайлатпай қуып тастайды. Қалипаш бетінен қайтпайды, бүгін қуса, ертең сол ізбен қайтып барады. Осылайша сенделіп үш ай жүреді. Ақырында Курапов оны қабылдайды. Кездесуге екі рұқсат қағаз жазып береді. Араға үш күн салып Қалипаш асыл жары Рахаңмен түрме аузында екі рет кез­десіп, күйеуінің амандығын көріп, жағдайын біліп қайтады.
– Раха, сіз бір әңгімеңізде абақ­ты­ның торында халқымыздың атақты академик ғалымы Мұхаметжан Қаратаевпен де кездестім деп едіңіз.
– Иә, ісімді ерекше комиссия қараған кезде мені НКВД түрмесінен жалпы түрмеге ауыстырған болатын. Сарай тәрізденген иіс-қоңыс лас бөлмеде елу шақты адамбыз. Бір күні үстімізге екі жігіт кіріп келді. Біреуі Мұхаметжан, тани кеттім. Екеуміз пединститутта қатар оқығанбыз. Ол – әдебиетші. Мен – тарихшы. Түрмеде адамдар қанша жерден ескі көзтаныстар болғанымен кездескенде бірден ақтарыла кетпейді. Там-тұмдап сөйлесіп, жағдай білістік. Мұхаметжан әлгі 58-статьяның пәленбай тармағы бойынша көр­сетілген айыптауларды түгел мойындапты. Тергеу хаттамасына қол қойыпты. Ісін Мәскеудің әскери прокуратурасы бекітіп, сотқа беріпті. Сол сот болатын күнді күтіп жүрген ыңғайы бар екен. Алдағы екі-үш күнде басталып қалар дейді.
Мұхаметжанмен әзілдесіп, ойнап-күлген сәттеріміз де болған-ды. Соған арқа сүйедім бе, неде болса деп тік кеттім:
– Осыншама жалған айыптауларды мойындаудың не керегі бар еді? – дедім, – Одан халқыңа пайда келе ме? Әйел, бала-шағаңа, жолдас-жораларыңа пайда келе ме? Жоқ әлде, өзіңе пайда келе ме?
– Енді қайтейін, зорлап айтқызды ғой, – деді Мұхаң.
– Соны айт, зорлағандарын айт.
– Арыз жазуым керек пе?
– Жоқ. Жазғанмен үлгермейсің. Сот алдында айт.
Ол осы пәтуаға келіскен. Шынында, сот алдында бұрынғы тергеушілер зорлап айтқызған сөздерінен бас тартады. Іс бұзылып, қайта тексерілген.
Қара дауыл үйірген, қанды су топан айдаған заманалар толқындарын артқа тастап, Мұхаңмен алпысыншы жылдардың басында Алматыда кездестім, Жазушылар одағындағы кеңсесіне іздеп барғам. Мені көріп қатты қуанды. Үйіне телефон шалып, Рахаң келді, шәй дайындап қой деп әйеліне ескертіп те жатыр. Мұндайда өткен күндер еске алынбай тұрмайды ғой. «Егер сонда өтірік айыптарын мойындай салсам, кім біледі…» – деп күрсінеді Мұхаң.
Осы жылдарда Темірбек Жүр­геновтің әйелі Дәмешпен де кездестім. Ол кісі түрмеден босаған соң, Қарағанды, Теміртау қалала­рында жұмыс істеген ғой. Белгілі АЛЖИР-де (Акмолинский лагерь жен изменников Родины – Ө.А.) сегіз жыл отырып шыққан. «Ащыны дәмін татқан біледі» деп тегін айтылған ба, мені көргеннен-ақ, бірден: «Көмек керек пе?» – деп сұрады. Рахмет айтып, рухы берік қасиетті ана алдында іштей тебіреніп тұрдым. Небір соғыс апатынан, небір табиғат зұлматынан, іштен, сырттан келетін індет атаулыдан ауыртпалықтың ең басты азабын көтеретін де, халықты біржола құрып кетуден аман алып қалатын да, жоқтың орнын толтырып, өсіріп-өндіретін де Ана сенсің ғой деп ойладым. Сендердің босқа төгілген көп қанды жастарыңда еркектердің өркөкіректігінің, даңғойлығының, өзімшілдігінің кесірі де мол-ау, сол үшін де алдарыңда мәңгі қарыздар һәм кінәліміз-ау деп тебірендім…
– Әңгімеңіздің бір иірімінде, Раха, ақын Мағжан Жұмабаевтың түрмеде елесімен, әруағымен кездестім деп едіңіз.
– Төрт тергеуші кезектесе отырып, тікемнен тік қойып сегіз күн қатарынан ес жиғызбай жауап алды дедім ғой. Тоғызыншы күні түнгі екілердің шамасында буыным талып құлап түстім. Мені сүйреп камераға алып келді. Мұнда төрт кісі жатыр. Үшеуі – қазақ, біреуі – орыс. Қазақтар Есім Байғосқин, Зарап Темірбеков – «Лениншіл жастың» редакторы, республика комсомол Орталық комитетінің бюро мүшесі болған. Сосын Қалменов – бұрынғы жергілікті өнеркәсіп министрі.
Есім Байғосқин қазақ оқыған зиялыларының бірі еді. Дәл қандай қызмет атқарғаны есімде жоқ. Оның үстінен біреулер бұны ұйымға сол кезде Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы Ұзақбай Құлымбетов тартқан деп көрсеткен екен. Ол, иә, солай болғаны рас еді, деп мойындай салса керек. Зарап Темірбеков болса, ол да сені Қайсар Тәштитов (сол кезде Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші секретары – Ө.А.) азғырды дегенге келісе кеткенге ұқсайды.
Бесінші кереует бос тұр екен.
– Сен бұған жатпа, – деді Есім Байғосқин, – Есіктегі ұры көз – волчоктан көрініп тұрады. Бұл төсекте Мағжан Жұмабаев жатты. Оны осыдан жарты сағат бұрын әкеткен. Сені осында жіберулеріне қарағанда, сірә, ол енді мұнда қайтып келмейтін шығар. Сен көп күн ұйқы көрмей сілейіп тұр екенсің. Сондықтан, тасалау жерге жатып біраз демалып ал.
– Мағжанның айыбы не екен? – деп сұрадым мен одан.
– Мен бұдан бұрын он жыл сот жазасын тарттым, – депті Мағжан
жауабында. – Қазақстанға келгеніме көп болған жоқ. Содан бері не іс жүзінде, не сөз жүзінде түк істегем жоқ. Бірдеңе тындырып үлгеретіндей болғам жоқ…
«Шын жыласа екі көзден қан шығады» дейді дана халық. Адам әртүрлі. Қайраттысы да бар, жасығы да кездеседі. Алайда, мен бұл жерде сталиндік репрессия құрбандарының атына әлдебір осалдық танытқандары үшін кінә арту ойынан аулақпын. Бірақ бәрінен де шындық қымбат емес пе. Және сол шындық түптеп келгенде, жазықсыз жапа шеккен құрбанды емес, соған қарсы, соның адамдық болмысын аласартуға қарсы небір сұмдық айла-шарғы қолданған жендеттің қанішер қаскөйлігін әшкерелейді ғой.

Осы тұрғыдан түрме қыспағында отырған адамдар мінезіндегі кейбір құбылыс-көріністеріне тоқтала кетпекпін. Мәселен, сол Темірбеков пен Қалменов сананың сарсаңға түсіп әбден сандалғанының белгісі де: Біз жазықсызбыз. Сонда да таққан айыптарын мойындай берейік. Неғұрлым нахақ жазаланғандар көп болса, асыра сілтеушілік болады. Асыра сілтеушілік көп болса, соңынан түзеу келеді, деген жасық ойға құлап жүрді. Ойың бір жасыған соң, аржағында шатасып алжуға да айналатын көрінесің. Неге біздің бала-шағамыз жылап-сықтап жүргенде басқалардікі аман-есен жүреді, олар бізден артық па? – деген де сөздер естілетін. Мысалы, Қалменов: Мен Жүсіпбек Арыстановтың (сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы – Ө.А.) үстінен көрсетіп ем, бірақ оны әлі күнге дейін ұстамай жатыр, – деп мұңайды. Сонда Есім Байғосқин құлағыма сыбырлап: Сен қиын жағдайдан өтіпсің. Біз былықтық қой, былықтық, – дегенін ешуақыт ұмытпақ емеспін.

Жайшылықта он айтқанды ұқпайтын адам түрмеде бір көріп, бір естігенін мәңгі есте сақтап қалатын сияқты. Мысалы, морзе әліппесін де қолма-қол үйреніп алдым. Оң жағыңда кім бар, сол жағыңда кім отыр, қабырғаны ақырын тықылдатып сөйлесе бересің. Өз жайыңды айтасың. Оның халін білесің. Тергеудегі күндердің бірінде көрші камерадағы Шәрәпи Әлжановпен сөйлестім. Пединституттың прфессоры, ақмолалық жігіт еді. Сол айтты, он күн азапқа шыдамадым, сені ұйымға тарттым деп көрсеттім, бәрін былықтырдым деді. Мен оған тергеуші сен туралы маған ештеңе айтқан жоқ дедім. Ол: Молодец, жеңіл құтылып жатыр екенсің, – деп, өзінше мені мақтап та қойды. Сосын: Сәкеңдер (Сәкен Сейфуллин – Ө.А.) жан баласын қаралап бір адамның үстінен несиен сөз айтпапты, – дегенді үстеді. –Қайтсек те оны жалған сөйлетеміз деп қайта-қайта карцерде ұстап қатты азаптап қорлапты да. Ал карцердің не екенін өзің де жақсы білетін шығарсың…»
Жасым тоқсаннан асты. Адамның бір иығында әзәзілі, бір иығында періштесі болады, бірі адамды әртүрлі жексұрын істерге баруға азғырса, екіншісі «жоқ, олай етпе», – деп араша түсіп сақтандырып отырады деген ұғымда ар-ождан мәселесі бар ғой. Адамның жаратылыс табиғатындағы іштарлық, қызғаныш көре алмаушылық заманның ағымына қарай саясатпен, сыңаржақ түсінік, ұр да жық ұрандармен бүркемеленсе, ең үлкен індет сол. Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжанов бір ауылдан еді. Замандас. Ағайындас. Бар айырмасы біріншісі тұрмысты әулеттен, екіншісі кедей отбасынан. Сол Смағұловтың сол Ғаббасқа: «Сенің кісі болуың үшін менің өлуім керек пе?», – деп қынжыла айтқанын да естіген ем.
Ахмет Байтұрсынов алғашқы сот айдауынан қайтып келе жатып, Новосібірде қаржысы таусылып бөгеліп қалады. Мәскеуге Әлихан Бөкейхановқа жағдайын айтып хабар салады. Бөкейхановтан да күш кетіп, халі нашарлап тұрған кез. Сонда да ол Қызыл Крест қоғамының төрағасы Пешковаға барады. Жолда қалып, пұшайман боп тұрған бір халықтың үміт артар азаматына жәрдем көрсетуін өтінеді. Пешкова сонда алтын ақша есебінен Байтұрсыновқа 75 сом қаржы бөлген ғой.
Сол ғұлама Байтұрсынов оқу-ағарту комиссары Жүргеновке жиі келіп-кетіп жүретін. Мұны көрген «қырағы белсенділер» мұнда бір күдік бар, министр халық жауымен тегіннен тегін ауыз жаласып жүрген жоқ, деп бықсытпай ма… Кейін Жүргенов ұсталғанда кабинетінде тінту жүргізіледі. Комиссардың өз құзырымен жұмсалатын қоры болады ғой. Соны тауып қараса, Ахмет Байтұрсыновқа кейде 300 сом, кейде 200 сом қаржы жазып беріп, көмектесіп тұрады екен. Ахаңа қазақ тілінің грамматикасын жаса, кейбір ғалымсымақтар олай жұлқылап, былай жұлқылап тілімізді бүлдіріп жатыр, дейді екен ғой. Ахаң сол еңбегін бітірсін, жағдай туғызайын деп көмектеседі екен ғой. Ал іші тар күншілдердің, иегінің астындағыдан әріні көрмейтін тас кеуде надандардың сөзі әлгіндей: «Ойбай, Жүргенов халық жауымен ауыз жаласып жүр».
– Тергеу кезінде адамның өзін қалай ұстауы керек деген мәселе күрделі ғой деймін. Алдап-арбағаны қайсы, қорқытқаны қайсы, басы сергелдеңге түскен адам соның жігін айыра қоюы оңай ма. Сіздің сол қиын-қыстау күндерде қылкөпірден иілмей өтуіңізге кезінде сот, прокуратура органдарында қызмет істеген тәжірибеңіздің себі тиюі де мүмкін ғой. Солай емес пе, Раха?
– Әрине, себі тиді. Заңдылық сақталмаған жерде ол формальді сипат алады да, көбіне ары таза адал адамдардың тергеуші қолдан жасаған айла-амалға оңай шырмалып қалатыны болады.
– Ендеше, Раха, өзіңіздің сот қызметіңізден де әңгіме өрбітсеңіз.
– Болсын. Мынадай бір екі жайға тоқталып көрейін. Бірі ұлы кәмпескеге дейін болған еді. Онда да қазаққа кең тараған есім Мәриям Жагорқызы төңірегіне қатысты болған соң ғана айтамын.
Ол кезде соттың қарайтыны мал ұрлығы, әйел теңдігі, кедейдің байға кеткен қақысы сияқты мәселелер. Мәриям Жагорқызының Андрей, Степан деген екі ағасы бар. Қазақ арасына ертеден сіңісіп қазақ боп кеткен деуге болады. Қыста жылқы, жазда қой сояды. Қымыз ашытады. Қонақасы береді.
Мал иесі сиырын жоғалтып іздейді. Степанның қорасына келсе, анау жайратып мал сойып жатыр екен. Әлгінің іздеп жүрген сиыры. Сол жерде жанжал шығып, Степан қылмысын жасырмақ ниетпен мал иесін балтамен шауып өлтіріп жібереді.
Сол жұмысқа байланысты Мәриям мені үйге де, кеңсеге де әлденеше іздеп келді. Түрлі ұсыныс жасады. Ойы, әрине, ағасын жазадан құтқарып қалу ғой. Мәриям отыздар шамасында, салт ат мініп, ит жүгіртіп, құс салып жүрген кезі. Қылығы, өнері демесең, қарапайым ғана әйел. Ол уақытта кісі өлтіргенге ең ауыр жаза – сегіз жыл. Степанның айыбы мойнына қойылып, сегіз жылға кесілді.
Мәрияммен кейін Жүргенов оны Алматыға алдырғанда тағы кездестім. Бірақ, ол мені танымады. Әлде, кезінде ағасының шаруасына көмектеспегенім үшін өкпелеп, әдейі танымаған болды ма, білмеймін.
Екіншісі – кәмпескеден кейін халықты жаппай ашаршылық нәубетіне қарай итермелей бастаған кезде болған іс. Қазақстан басшылығына Голощекин тағайындалып, ол Ресейдегі зауыттар мен фабрикалар капиталистерден тартып алынды. Қазақстандағы қанаушылар ірі мал иелері, олар неге талтаңдап жүреді дейді ғой. Сол пәрменмен 700 ірі байдың кәмпескеге іліккенін жоғарыда айтып өттім. Оларды жер аударды. Бірақ мыңғырған малды не колхозға беріп, не басқашалай ұйымдастыра алмады. Дайындық шала, негіз жоқ. Сонша мал өлім-жітімге ұшырап іріп-шіріп бара жатқан соң, кедей шаруалардың меншігіне бөліп берген болды. Олардың көпшілігі қолдарына тиген малды тегін олжа көріп, бейберекет ішіп-жеді. Сатты. Бақпаса мал кетеді деп ит-құсқа жем болды. Малдың қораба ұйытқысы бұзылды. Қызығы мен маңызы кетті. Елдің малға деген ықыласы суыды. Кәмпескеге дейінгі 47 миллион малдан кәмпескеден кейін 3 миллионы ғана қалған.
Иә, әуелі ірі байлардан басталды да, одан соң құлақтарға кезек келді, сосын орта шаруаға ауыз салынды. Оған да құлақсың деген айдар тағылды. Ақыры ашаршылық болды. Ашаршылық неге болмасын, өмірі қара егін салып көрмегендердің өзі астық салығын төлеуге тиісті еді. Астық салығын «төлемеген» сондай бір әйелдің ісін қарадым. Майбалық деген жерде тұрады екен. Күйеуі жоқ, үш баласы бар. Қоғамдық айыптаушы – «Жаңаарқа» газетінің редакторы Әбдірахман Айсарин. Оның тұжырымы: аяма, қыр, жой. Ол кезде соттың бір артықшылығы ешкімге тәуелді емес, өзі дербес. Мен қоғамдық айыптаушының айтқанын істемедім. Әлгі әйелдің мал-мүлкінен кәмпескеге аздап алған болып, бір ат, үш сиыр, оншақты қойын, үйін, арбасын өзінде қалдырдым. Бірақ бұл істі облыстық сот бұзып, мені жұмыстан шығарып жіберді. Ал әлгі әйелді қайта соттауға барса, мал-мүлкінен жұрнақ та қалмаған екен. Түбі опа бермейтін дүние деп көзін құртып жіберген ғой….
– Сіз ғой, Раха, заңның ұңғыл-шұңғылын біраз білдіңіз. Ал қаншама жазықсыздың ондайдан хабары да болмады. Әйтпесе, болмағанды болды деп өзіне-өзі жала жабуға бара ма кісі.
– Оның рас, шырағым. Тергеудің бір қызған шағында, әбден ашынсам керек, сендерге өтірік былшыл ма керегі дегенім. Олай болса, мені жасырын ұйымға тартқан Надежда Константиновна Крупская, онымен бірге түскен суретім бар. Үйде қалды ма, әлде сендерде ме, білмедім. Ал шындық керек болса, мен ешқандай ұйымды білмеймін. Мені ешкім ешқайда тартқан жоқ.
– Надежда Константиновнамен бірге суретке түскеніңіз рас па еді?
– 1936 жылы ақпанда Мәскеуде еліміздегі сауатсыздықты жою мәселесі жөнінде кеңес өтті. Республика өкілі ретінде мен де президиумға сайландым. Орным Крупскаямен қатар келді. Ол кезде оқу-ағарту министрі Луначарскиден кейін болған екінші кісі – Бубнов. Орынбасары – Крупская. Алғашқы күнгі мәжіліс арасындағы үзілісте біреу Надежда Константиновнаға бізбен суретке түсіңіз деп қолқа салды. Ол кісі ықыласпен келісе кетті.
Ұлт өкілдері атынан мен Надежда Константиновнаға гүл ұсындым. Қолынан сүйдім…
Әрине, менің мұндай жауабымнан жаналғыш тергеушілерімнің тайсақтамауы мүмкін емес еді.
– Бірақ, сонда да құтыла алмадыңыз ғой. Бес жылға кесілдіңіз.
– Иә, 1941 жылдың мамыр, маусым айларында этаппен Красноярск өлкесінің орталығына алып келді. Онда маған екі жерді ұсынды. Енисей қаласы немесе Бирилюса ауданына бар деді. Мен соңғысын қаладым.
Мұнда келген күннің ертеңінде аудандық атқару комитетінің төрағасы Золотухинге бардым. Жағдайымды айттым. Маған тағылған айып үлкен, жиіркенбесеңдер, есеп жұмысын беріңдер, жиіркенсеңдер, осында етік тігетін шеберхана бар екен, содан жұмыс беріңдер дедім. Ол жоғары білімді адамды етікшілікке пайдаланатын біз Қазақстан сияқты бай емеспіз, кеңсе қызметін қарастырамын, ертең кел, деп жылы шығарып салды. Ертеңінде Райпоға бухгалтер етіп орналастырды. Кейінірек аудандық өнеркәсіп комбинатында бухгалтер болдым.
Красноярскіге келіп түскенімде бір жеті уақыт беріп, босатып қоя берген. Алды-артыма қарамастан алдымен поштаға келгем. Үйге хат жазғам. Аман-есен жарыққа шықтым, екі жерді ұсынады, бір шешімге келген соң, анықтап адресімді айтармын, соны күт деп хабар салдым.
Әйел хатты алысымен ұлы мен қызын бірін қолтықтап, бірін жетектеп жолға тартып отырады. Ачинскіге келіп түседі. Ол Енисей қаласы мен Бирилюса ауданының жол айырығында тұр. Осы жерден өлкелік НКВД-ға телефон шалады, Момыновты қайдан іздеймін деп. Олар жөн сілтейді.
Бирилюсада пәтер тауып орналасқан соң, үйге адресімді хабарлайын деп поштаға келсем, ондағылар сізді Ачинскіден бір әйел іздеп жатыр дейді. Біле қойдым жұбайым екенін. Қалай тез деп іштей таңғалып та қоямын. Енді отбасымды алуға Ачинскіге өзім барайын десем, күн сенбі. Рұқсатсыз аттап басуға қақым жоқ. НКВД өкілі Степановқа келсем, аң аулауға кетіп қалыпты. Неде болса, нартәуекел деп аудандық тұтынушылар қоғамының бастығын іздеп таптым. Бұл мекеменің Ачинскіде базалары бар. Екі араға жүк машиналары қатынап тұрады. Мосқалдау кісі екен, жағдайымды айттым. Ачинскіде екі бала жетектеген қазақ әйелі жүр. Соны маған жеткізіп беруге көмектесесіз бе, шопырға берер жартылығым дайын дедім. Ол соңғы сөзімнің тұсында болар-болмас езу тартты да, бірақ үндеген жоқ. Шопырлардың бірін шақыртып алды да, оған менің шаруамды тапсырды.
Сүйтіп бөлме жалдаған үйіме келгеніме арада сағат өткен жоқ, «Рахмет!» дейді таныс дауыс. Әйелім. Балалар өзен жағасында қалды деп мені сыртқа ала жөнелді. Іштей қалай тез, қалай адаспай тапты деп қайранмын. Сұрай-сұрай Мекені де тауып барады деген рас екен-ау деп ойлаймын. Чулум өзені жағасында қалдырып кеткен жерінен балаларымды көріп, төбем көкке жеткендей болды. Көзіме қуаныш жасы үйірілді…
Айдаудан оралып ауылға келсем, мәссаған, ел үстінде қанды қырғын соғыс болып жатқанына қарамастан ағайынның күндестік қырық пышағы әлі қалмапты. Алматыдан қуылған отбасым Омбы мен Есіккөл арасындағы Москаленко станциясында елге жете алмай қалғанда аудандық тұтынушылар қоғамының төрағасы Ілияс Сатыбаев деген құрбы-құрдас, жерлес азамат көлік бөліп ауылға жеткізіп салмай ма. Халық жауының әйеліне көмектесті деп азамат содан қатты қуғын көреді. Әрең-пәрең деп жүріп аман қалады. Елге келген соң, әйеліме халық жауының қатыны деп колхоз бастық күн бермейді. Қайдағы ауыр жұмыстарға салып жанын қинайды. Былапыт сөздермен тілдеп қорлық көрсетеді. Өзі қолы сұғанақ, қорқау қасқыр сияқты ішкіш, жегіш, ындыны кең адам екен. Астана көрген, қуғын-сүргіндегі күйеуінің соңынан жүгіріп ысылған әйелім бұлтартпайтын айғақтар жинап, куәлар тартып басқарманың үстінен арыз жазады. Мен келсем, бишараның соты болып жатыр екен. Он жылға кесілді. Содан оралған жоқ…
Мұны айтып отырғаным, біреулер тар заманда да адамгершілігінен айнымайды. Біз әңгіме етіп отырған отызыншы жылдардың індетінде халқымыздың оқыған зиялыларынан тым көп айырылып өте-мөте орны толмай үңірейіп қалуы, өте-мөте ауыр аштыққа ұрынып ойсырап қалуы тегін емес қой. Кемеңгер Абай, ғұлама Шәкәрім қайсыбір қазақ бойындағы ұсақтықты, бер жағы елпектеп тұрғанымен аржағының қуыстығын неге сонша аямай мінеп сынайды. Жаман әдеттерден арылсақ, жақсы бола түсуге талпынсақ деген ұлы да ізгі ниет емес пе.
– Раха, екінші рет қалай сотталғаныңызды айтудың да кезегі келіп қалды ғой деймін.
– Сол өзіміздің күншілдігіміз, іштар қызғаншақтығымыз өңін айналдырды да саяси айып болып тағылды. 58-статьяның 10-тармағымен тоғыз жылға кесілдім де кеттім.
– Сонда ілік еткендері не нәрсе еді?
– Алғашқы айдаудан ақталып келіп, Қызылту аудандық банкте басқарушы болып істеп жүрген кезім. Бір күні қолыма француз жазушысы Анри Барбюстың «Сталин» деген романы түскені ғой. Оқып шықтым. Онда Сталиннің жұпыны тұратынын, ұлы Василийдің диванда ұйықтайтынын, тамақты жұрт қатарлы асханадан ішетінін баяндайтын жерлері бар екен. Соны өзара дос-сыйлас боп араласып жүретін ерлі-зайыпты Несіпбай, Бибі деген жолдастарға әңгімелеп айтып берейін. Олар Рахмет Момынов Сталинді жамандады, қайыршы деді деп тиісті органдарға жеткізе қояды. Әлде, тиісті орындар саяси сенімсіз адам деп мені әлгілерге әдейі аңдытып қойған ба, ол жағын білмедім. Әйтеуір, тоғыз жылды арқалап кете бардым.
Бұл жолы «Воркутлагқа» тап болдым. Мұнда кілең бандиттер, рецидивистер. Саясилар жоқтың қасы. Рас, бұрын ірі қызмет атқарған Кузнецов деген болды. 25 жылға кесілген екен. Әйелінен келген хатты оқып ренжитін, жарықтық. Мынаны қарашы, дейтін, жағдайымыз нашар деп жазыпты. Құдайым-ау, менің жағдайымнан ауыр жағдай бар ма, соны неге ойламайды. Сен қалайсың деудің орнына, дем берудің орнына жағдайымыз нашар деп жазады.
Мәскеуден, Ленинградтан комиссиялар келгенде бұрынғы беделді басшыға жандары аши ма, денсаулығы әлсіз екен, қыр үстіне шығып жеңілдеу жұмыс істесін деп кетеді. НКВД адамдары: Жоқ, болмайды, жер астынан шығармаймыз, білсін әділ жазаның не екенін, деп кен қазудан босатпайды.
Саясилар ұры-қары бұзықтармен бірге қамалған жерде жағдайларының қандай болатынын баспасөзден, әдебиеттен білесіңдер ғой. Бұл да болса бағым шығар, бірде «Воркутлагтың» бастығы генерал Дураковский келе қалды. Кезінде Жапонияның соғыста жеңіліп, тізе бүккендігі жөніндегі актіге совет жақтан қол қойғандардың бірі екен. Қабылдауына жазылып алдына бардым.
– Немен айыпталдың? – деп сұрады.
– 58-статьяның 10-тармағы.
Ол күмілжіп қалды. Осы кезде НКВД адамы ызғарланып:
– Совет өкіметіне қарсы үгіт жүргізген, – дегені ғой.
Дураковский жұлып алғандай:
– Егер екі адам куә болып қол қойса, мына тап сені де жаһаннамға жіберіп, көзіңді құрта салу қиын емес, – деп салды оған. Сосын маған қайта бұрылып:
– Тілегің не? – деп сұрады.
– Өзім сияқты саяси тұтқындар бар жерде болсам екен.
– Жаз. Жаза бер, – деді ол. Жаздым. Ақыры басқа лагерьге ауыстырылдым да. Соның өзі де жеңілдік сияқты көрініп еді-ау, өмір-ай десейші.
Тоғыз жылдың бес жылын өтеп, бұл азаптан 1956 жылы біржола құтылып шықтым…
Шырғалаңы мол неткен күрделі ғұмыр! Бір басында бүкіл замана сыры, уақыт белгілері тұнып тұрғандай. Төңкерістен соң есейді. Сауатын ашты, білімге ұмтылды. Халық соты боп ел мүддесін қорғады. Оқу-ағарту ісінде белсеніп, бұқараны сауаттандырамын деп күресті. Өзінше партия саясатын жақтап толып жатқан мақалалар, арнайы еңбектер жазды. Қаржылық құпиясын меңгеріп, халықтың бір тиынын екеу етемін деп талпынды. Заманның кері ағыны – сталиндік репрессия азамат басын тәлкекке салып олай да лақтырды, былай да лақтырды. Бірақ ол сонда да қайыспады, мойымады. Азаматтық қадыр-қасиетін жоғалтпады, биік ұстай білді.
Немерелерінің алды отыз жастан асқан Рахмет ақсақал тағдыр тәлкегіне қанша ұшыраса да, балаларына жақсы тәрбие бере алды. Тұңғышы Кеңестен үш немере сүйді. Солардың үлкені Мұхтар – Мәскеу мемлекеттік университетінің математика факультетін, аспирантурасын бітіріп, жоғары математикадан сабақ береді. Айгүл Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Бақытгүл – Мәскеу Мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған, жоғары оқу орнында ұстаз. Екінші ұлы Марат – техника ғылымдарының кандидаты, Қарағанды политехникалық университетінде ұстаз. Кенжесі Шолпан – тарихшы-ғалым.
– Біздің халқымызда адам басына іс түскенде, қиыншылық көргенде «Арты қайырлы болсын» деп жұбатады ғой. Шаңырағым қанша шайқалса да құламай, соның төріндегі әркімнің қабілеті ашылып, бүгінгідей берекелі тұрмысқа жетуіміз, алдымен 1969 жылы марқұм болған бәйбішем Қалипаштың арқасы ғой деп ойлаймын. Иә, бұл күнде репрессияға ұшырағандардың көрген қиындығы азды-көпті айтылып та, жазылып та жатыр ғой. Ал олардың отбасы шеккен жәбір-жапада шек жоқ. Мен де Мәриям, Роза, Рая атты үш бірдей бүлдіршін қыздарымнан айырылдым. Олар көз жұмарда қалай қиналды, мына жарық дүние қанішерлеріне қандай лағнет айтып өтті, кім білсін…
Жасым тоқсаннан асып барады. Осы әңгіме маған керек пе? Жоқ.
Сендерге, шындықты білгісі келетін кейінгі ұрпаққа керек. Жеке басқа табынудың нендей зардап әкелгенін, сөкет істерде кімнің басшы, кімнің қосшы болғанын, зорлық-зомбылық, өтірік жала адамды адамгершіліктен аздыратынын білу, соларды білу арқылы кемшіліктен, кесірліктен, күнәдан тазарып арылу үшін керек.
Үрей деген жаман нәрсе. Көңіліне үрей бір ұялаған адам қорқақ келеді. Мен осы айтқандарымды кезінде жазсам қайтеді деп бір оқталдым да, бірақ кімге керек деп ойладым. Ең бастысы, өзімнен де бұрын бала-шаға кейінгі ұрпаққа зияны тиіп кетер ме деп қорықтым. Көзді таңған қара шүберек, ауыздағы тығын алынған мынадай еркін, жарқын заман келгенде бойымнан күш-қуат кетіп, жазу-сызуға әлім азайып қалғанын сезіп өкінгендей болып жүруші едім. Өзіңді кездестіріп, кейінгіге бір пайдасы тиер-ау деп ішімдегімді ақтарғаныма қуанып отырмын, шырағым.
Мен жасы тоқсаннан асқан баба көрдім…
Уақыт – сынап қой. Арада өткен көп жылдан кейін, еліміздің бас қаласы Астанада оның кенже қызы, тарихшы-ғалым Шолпанның сырқатынан айыққан қуанышында Алаштың қайраткер азаматы, бұл күнде бақилық боп кеткен, сол бір күрескер асыл бабаны іштей толғана есіме тағы бір алған едім.

Өтен АХМЕТ,
жазушы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button