Мәдениет

Жазушы жолы

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Дос­жанның туған күніне орай «Қарымды қаламгер» атты еске алу кеші өтті.

Әдеби кешке жазушымен көзі тірісінде бірге жүрген достары, жақын сыйласқан қаламдас інілері, қысқасы, қабырғалы сөз зергерінің шы­ғармаларын сүйіп оқитын оқыр­­­мандары жиналды.
Кеш барысында университетте бірге оқыған досы, белгілі қаламгер Сұлтан Оразалы жазушының жас шағынан қызықты естеліктер айтты. «Екеу­міз де университетке мектептен кейін келіп түскен жасөрім бозбаламыз. Ал қал­ғандары әскерден келген, ауылда бір-екі жыл жұмыс істеген сақайып қалған жігіттер еді. Екінші курстан кейін екеуміз жатақханадан шығып, пәтер жалдап тұрдық. Міне, осылай басталған достығымыз оның көзі жұмыл­ғанға дейін ажыраған жоқ. Дүкенбай жас кезінен ғажайып еңбекқор болды. Сол қасиетінің арқасында салиқалы еңбектер жазды. Мен Дүкештің жайраңдап жүрген жақсы кездерін де, қайғы жұтып, қиналған кездерін де, еңбегі еленіп, мерейі тасыған шақтарын да білемін. Бір жылдары сөзге қалып, жазықсыз жалаға да ұшырады. Бірақ бұл – жазушының жолы. Қалам ұстаған ұлылардың бә­рінің тағдыры оңай болмаған. Қиындықты да, қайғыны да, жамандық пен жақсылықты да қатар көрмеген адамнан жақсы жазушы шықпайды. Оның жаны да, жүрегі де кең болатын» деп асыл досын сағынышпен еске алды. Белгілі прозашы Шәрбану Бейсенованың Дүкенбай ағамыздың ертеде жазылған бір әңгімесіне тоқталды. «Жоғары сыныптың оқулығында қаламгердің «Қымыз» деген әңгімесі бар. Осы көркем дүниені немерелеріме түсіндіру үшін бірге оқыдым. Шағын ғана әңгімеде қаншама ұлттық дүниетанымымыз жатыр. Қымызды баптаудың, оны ашытудың, сақтаудың әдіс­тері керемет баяндалған. Мені жазушының қазақы тұрмысты жақсы білетіндігі қайран қалдырды. Маған Дүкенбайдың осы шығармасы қатты әсер етті» деп ойын қорытты.
Одан кейін Сәт Тоқпақбаев, Жарылқап Бейсенбайұлы, Көпен Әмірбек, Ораз Қауғабай, Айгүл Кемелбаева секілді белгілі тұлғалар сөз алып, кемел суреткердің шығарма­шылығы мен адами болмысы жайында ой өрбітті. Сондай-ақ, кеш барысында Сәуле Досжанның сөзіне жазылған Қайрат Темірғалиевтің «Сағыныш» деп аталған әнін белгілі жырау Елмұра Жаңабергенова орындап, жақындарының ардақты азаматқа деген сағыныш жеткізді.
Бір сөзбен түйіп айтқанда, қазақ әдебиетінің асыл қазынасын сүбелі туындыларымен байытқан қаламгердің екінші өмірі мәңгілікке жалғасып барады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button