Мәдениет

Әлмашұлының театр әлемі

Астанадағы Оқушылар сарайында өткен жұма-сенбі күндері Қостанай облыс­тық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлының қос бірдей қойылымын көрсетіп, елордалық көрермендерге рухани тарту жасады.

Қарымды қаламгердің ал­ғашқы күні қойылған – «Қайырымды қаладағы қарлы­ғаштар» драма-абстракциясы өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдас­тырған «Тәуелсіздік толғауы» байқауында бәйге алған. Бұл туындыда қазақ елінің азаттығының тұғырлы болуы жолындағы жанқиярлық күрес пен Астананың сәулетті қала болып тұрғызылуы, осы жолдағы қиыншылықтар мен кедергілер сөз болды. Пьесаның бас кейіпкері – Сәулеткер жігіт арқылы қилы-қилы қиындықтар мен тартыстар желіленеді. Қойылымда қазақ елінің қала салу жолындағы арманы Әбунасыр әл-Фараби, абыз Ахмет Ясауи, тіпті хан Абылай заманында көкейді толқытқаны туралы кейіпкерлер арқылы әсерлі баяндалған. Спектакльдің премьерасы тамыздың соңында Қостанайда өткен. Бұл шығарма елорда­ның 20 жылдық то­йына тамаша тарту болды деп айта аламыз. Оны сахнаға шығарған режиссер – Ержан Қауланов.
Келесі күні театр әртістері көрермендерге суреткердің «Мұңмен алысқан адам» драма-элегиясын ұсынды. Бұл қойылымда өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы аласапыранда амалсыз туған елден ауған бір отбасының аянышты тағдыры арқылы бүкіл қазақ бастан кешкен ауыр жағдайы бейнеленген. Бас кейіпкер Асан қария жасы сексеннен асқанда туған еліне оралуды армандайды. Алайда оған үлкен ұлы Марат қарсылық танытады. Екінші баласы Елжанның әкесінің ақырғы арманын орындағысы келеді. Осы жерде Марат пен Елжанның арасындағы пікір тайталасы арқылы қазіргі жастардың екі түрлі ойлайтын болмысын ақтарады. Дәлірек айтқанда, ойлы туынды дәл бүгінгі күннің бей­несін бедерлейді. Пьесада көзге көрінбейтін тағы бір ке­йіпкер бар. Ол – ақша.
Үлкен ұлы Марат Париждегі бизнесін тастап, Қазақстанға оралғысы келмейді. Асан қарияның елге сағынышпен оралғанда, оның алдынан шығатын көріністерде жү­ректі ауыртпай қоймады. Қарттың ауылда істейтін жұ­мысы жоқ, ішкілікке салынып, азып-тозып жүрген қазақ жігітімен арасындағы сөз қағысуларда ащы шындықпен берілген. Жағымсыз кейіпкер арқылы халқымыздың кейбір мінездерін қатты сынаған тұс­тары да болды. Бірақ соның бәрі спектакльге жан беріп тұрды. Спектакль басынан аяғына дейін мұңды сазбен өріліп отырады. Кейбір тұстарында көзге еріксіз жас аласыз. Ақыры, Асан қарияға туған жерінен топырақ бұйырады. Пьесада ойнаған актерлардың шеберлігі де олардың сомдаған рөлдерінен анық байқалып тұрды. Айта кете­йік, бұл драма-эле­гия­ны белгілі режиссер Ерса­йын Төлеубай қойды.
Қойылым соңында сахнаға екі күні бойы жұртшылықтың рухани шөлін қандырған қос туындының авторы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы шығып, сонау Тобыл жерінен ат терлетіп келген театр ұжымына алғысын білдірді.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button