Sport

Көшпенділер ойынында – екіншіміз

ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қырғыз елінде дүбірлетіп өтті. Байрақты бәсекеде 74 мемлекеттің екі мыңға жуық спортшысы 37 спорт түрі бойынша бақ сынады.

Дүбірлі додада 72 медальды қоржынға салған Қазақстан спортшылары жалпы командалық есепте екінші орынды қанжығалады. Оның 18-і – алтын, 24-і – күміс, 30-ы қола болды. Ал бірінші орынды 103 медальмен Қырғызстан иеленсе, үшінші орын 56 медальмен ресейлік спортшыларға бұйырды.
Осыған орай Көшпенділер ойынын қорытындылау мақсатында кеше ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мен Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында әлеуметтік желілерде қызу талқыланған қазақ көкпаршыларының мәселесі де сөз болды.

– Біздің көкпаршылардың жеңілгені осыншалықты үлкен дау болғанына таң қалып отырмын. Иә, әрине, көкпар – қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық ойыны. Бірақ жапон балуандары өздерінің дзюдо спорты бойынша қазақ балуанынан ұтылғанда немесе футбол отаны Бразилия аяқдопшылары басқа елге жол бергенде олардың халқы неге даурықпады? Оның үстіне көшпенділер ойынына біздің көкпаршылардың жастар құрамасы барып, ересектерге қарсы өнер көрсеткен болатын. Соған қарамастан спортшыларымыз елді жерге қаратпады, командалық есепте үшінші орынды иеленді. Егер ересектер құрамасын апарғанымызда олар сөзсіз жеңіске жетер еді. Сондықтан бұған түсіністікпен қарау керек, – деген Бекболат Тілеухан сөз арасында ұлттық спортты дамытуға лайықты азамат болса, өзінің орнын босатуға дайын екенін ашық айтты.
Ал өз кезегінде Серік Жарасбаев ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақ спортшыларының жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті. «Мысалы, өткен жылы спортшыларымыз үшінші орынға табан тіресе, биыл екінші орынды еншіледі. Бұл да жаман жетістік емес» деді ол.
Айта кету керек, келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойыны екі жылдан кейін Түркияда өткізілетін болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button