Басты ақпаратРуханият

Жазушының жаңа белесі

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі жазушы, баспагер-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрлыбек Мәмесейіттің жетпіс жылдық мерейтойы атап өтілді. Іс-шара аясында қабырғалы суреткердің шығармашылығына арналған «Заман және қаламгер: әдебиет пен журналистиканың жаңа міндеттері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болды.

Қазақ әдебиетіне өз тақырыбымен келіп, ерекше қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер жоталы жетпіске жаңа белеспен көтеріліп отыр. Бүгінге дейін жазушының 20-ға тарта прозалық кітабы жарық көрген. Соның ішінде Қытайдағы қазақ әдебие­тінің негізін салушылардың бірі, күрескер ақын Таңжарық туралы жазған екі кітаптан тұратын роман-дилогиясын айрықша айтуға болады.
Жиында алғаш болып сөз алған университет ректоры Ерлан Сыдықов жазушыны мерей­тойымен құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Қазіргі әдебиетіміздегі аузы дуалы ақсақалдардың бірі Әнес Сарай қаламдас інісі туралы жылы лебізін білдірді.
– Тұрлыбекпен «Жа­зушы» баспасында он бес жылдай бірге істедім. Оның әдебиетке келуі, қалыптасуы сол баспада өтті деп ойлаймын. Алғашқы әңгімелерімен таныла бастағаны да көз алдымда. Жазушыда гео­графиялық фактор деген болады. Кез келген қаламгер өзінің туған жеріне жанымен, қанымен тартылып тұрады. Себебі суреткердің өмірді тануы, соның суреті, сондағы адамдардың мінез-құлқы, табиғатының құбылыстары оны білдіртпей тәрбиелейді. Сені отырған қауым «Тау жыршысы» деп айтып жатыр. Бұл – тауып айтылған теңеу. Тау – мәңгілік тақырып. Оны ешкім жырлап тауыса алмайды. Өзім сенің табиғатқа жақындығыңды жоғары бағалаймын, – деді ол.
Сондай-ақ академик Сейіт Қасқабасов, жазушы Шәрбану Бейсенова, Әлібек Асқаров, Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай, Намазалы Омашев, Жанболат Аупбаев секілді азаматтар сөз зергерінің азаматтығы мен шығармашылығы туралы тағылымды ой сабақтады. Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілік «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың, ақын Дәулеткерей Кәпұлы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетовтің құттықтауын оқып берді. Жиынның екінші бөлімі конференцияға ұласып, жан-жақтан келген ғалымдар қаламгер шығармашылығын уақыт ты­нысымен үндестіріп, ғылыми саралады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button