Басты ақпарат

Астанада апорт өсе ме?

Ғалымдардың пайымдауынша, мәдени алма сұрыптары, негізінен, жабайы алма түрлерінен шығарылған. Олар – орман алмасы, кавказ алмасы, қытай алмасы, сиверс алмасы, недзевский алмасы, қырғыз алмасы және тағы басқа. Қазақстанда негізінен сиверс, недзевский және қыр­ғыз алмалары жиі кездеседі.

Елорда жері жеміске қаншалықты ыңғайлы?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтқандай, алма атаулының арғы атасы сиверс алмасы Іле Алатауының бөктерінен басқа жерде өспейді. Тек сол жерге ғана бейімделген алманың бұл түрін қолдан өсіріп, көбейту де мүмкін емес көрінеді. Сондықтан оның тек бұтағын кесіп алып, көбейтіп отырған екен. Іле Алатауында миллиондаған жыл бұрын пайда болған сиверс алмасы тамыр жүйесінің жақсы дамуының, топырақ жағдайы­ның түрлі факторларына төзімділігінің арқасында осы уақыт ішінде небір табиғи катаклизмнен де өткенін айтады ғалымдар.
Ал егілгеннен кейін 15 жылдан соң ғана жеміс беретін апорт алмасы біздің елге Жерорта теңізі жағалауы жағынан әкелінген деседі. Авторы белгісіз көрінеді. Оның екі түрі, яғни «қан қызыл апорт» және күнделікті көріп жүрген «александровский» деп аталатын апорт біздің елде жақсы өсетіндердің қатарынан. 1960-70-жылдары апорттың бір алмасының салмағы орта есеппен алғанда 600 грамм, тіпті бір келіге дейін барыпты. Осылайша, апорт Алматының брендіне айналған. Қазір тек бірен-саран болмаса ондай үлкен алманы кезіктіру екіталай. Оның бірден-бір себебі Кеңес Одағы ыдырап, жер жекенің қолына өтіп жатқан кезде Алатау етегіндегі бақтың көбі оталған. Осылайша, көп жеміс түрінен айырылып қалыппыз. Аты аңызға айналған апорт алмасы қазір тек Алматы өңіріндегі жеке саяжай, бақтарда ғана сақталыпты-мыс. Оның үстіне, апорт жолға шыдамайды, тасымалданбайды, көп сақталмайды. Сондықтан да апорт астаналықтардың аузына тие бермейтін көрінеді. Алайда көпшіліктің көкейінде «неге елордада да апорт алмасын өсірмеске?» деген сауал туындауы мүмкін. Бұл сұраққа С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Агрономия факультеті Егіншілік және өсімдік шаруашылығы кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруа­шылығы ғылымының кандидаты Арысгүл Тұрбекова былай деп жауап берді:
– Елордада апорт өспейді. Әйтсе де, кейбір кісілер осында өсіріп жатқандарын айтады. Бірақ оның апортқа ұқсағанымен, қаншалықты нақты екені әзірге белгісіз. Жалпы, апорт ық жерде және жағдайы жасалған жерлерде отырғызса ғана, оның өзінде де 2-3 түп қана өсуі мүмкін.

Елорданың жері тұзды болса да…

Жалпы, бас қалада жеміс-жидектің 14 түрі өсіріледі. Бірақ қаланың топырағы тұзды болғандықтан, осындағы саяжай қожайындары 4-5 жыл жеміс берген алма ағашының артынша қурап қалатынын айтады. Оның бір себебі жеміс ағашы тамыр жайып келе жатқанда бір ұшы жердің тұзды қабатына немесе ерекше тұзды жерасты суына тигенде бірден қурап қалуы мүмкін. Дегенмен қаланың барлық жері дәл осындай деп айтуға болмайды. Сондықтан тәжірибе барысында мамандар жеміс ағашын тұзды жерасты суының қаншалықты тереңде жатқанын жан-жақты зерттеп барып отырғызады екен. Мәселен, 1 мамыр Қазақстан халқы бірлігі мерекесіне орай елордадағы Ботаникалық бақ алдына Атыраудан әкелінген 800 түп алма ағашы егілді. Бұл жерге ресейлік ғалымдармен бірлесе зерттеу жүргізіліп, қажетті тыңайтқыштар қосылыпты. Оның 700 түбі бұрыннан белгілі сұрыптар болса, қалған 100 түп – жаңа сұрып. Ол Атыраудың Махамбет ауданындағы «Агро өнімдері» тәлімбағында жасалыпты. Будандастырушылар бұл сұрыпты Елбасы мен елорданың құрметіне «Nur-Sultan» деп атаған. Атыраудың топырағы бұл жерге қарағанда анағұрлым тұздырақ болса да, соған қарамастан онда небір жеміс түрлері өсіріліп жатқан көрінеді. Сондықтан осында егілген алма ағаштары 2 жылдан кейін жеміс беруі тиіс деп отыр мамандар. Болжам бойынша, мұндағы 1 гектар жерден 20 тонна алма өседі деп жоспарлануда.
Айта кету керек, Сейфуллин мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында алма ағашы өсіп тұр екен. Бір түп ағаш жемісті молынан беретін көрінеді. Бірақ бірен-саран адам болмаса, тұрғындар бұдан бейхабар тәрізді. Былтыр күзде осы ағашты кездейсоқ көріп қалып, кішкентай қызыл алманың қызығын көрген Нәзира Сайлауқызы бұл жемістің көлемі шағын болғанмен, шырыны көп екенін, ал қайнатпасы бал татитынын айтады. Бір қызығы, жаздың соңында, күзге қарай жеміс беретін бұл ағаштың былтырғыдан терілмей қалған алмалары әлі де бұтақтарында ілініп тұр екен. Мұның қандай сұрып екені, қашан егілгені әзірге белгісіз. Дегенмен жемісі терілмей, қараусыз тұрса да өнім беріп жатқанына қарағанда елорданың климатын жатсынбайтын сияқты. Осыған ұқсас алма ағаштарын Шалқыма көшесі мен «Бәйтерек» монументінің Қонаев көшесі жағындағы талдардың арасынан да кезіктіруге болады. Тек олардың өнімі аздау.

Ормандағы алма ағаштары неге өнім бермейді?

2012-2013 жылдары елордадағы жасыл белдеудің Оңтүстік батыс бөлігіне 2150 түп алма ағашы эксперимент түрінде егілген болатын. Бірақ өкінішке қарай, алма ағаштарының сұрыптары орман шаруашылығының жобасына қосылмапты. Өйткені жаз айларындағы вегетация кезінде алма ағаштар жақсы өскенімен, қыстың күндері қояндар оның бір жыл бойы өскен бұталарын жеп қояды екен. Бұған «Астана орманы» ЖШС мамандары түрлі қорғау әдістерін қолданып көріпті. Мәселен, қыс алдында алма ағаштарының діңдерін қамыспен орап қойған. Бірақ бұл қарекет ағаштың бойы аласа болғанда нәтиже бергенімен, бойлап өсіп, жеміс беретін бөрікбасы дами бастағанда оны қамыспен байлау мүмкін болмай кетіпті. Сондықтан егілген алма ағаштары бүгінге дейін жеміс бермеген.
– Жоспар бойынша бұл ағаштар 2017 жылдан бастап жеміс бере бастауы тиіс еді. Бұған қояндар өзіндік кесірін тигізіп жатыр. Осы ретте «қояндармен неге күрес жүргізілмейді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Алайда біздің орман толығымен жасанды орман болғандықтан, онда жануарлар әлемі өте аз. Қоян өздігінен пайда болып жатқан орман биоценозінің бірі болғандықтан, біз оның көзін жоя алмаймыз. Ал жабайы ормандарда қояндардың санын реттейтін жануарлар көп болады. Сондықтан да ондай ормандарда жеміс ағаштарына аса зиян келмейді. Қазіргі уақытта біздің орманда қояндардың табиғи жаулары түлкі, қарсақтар да пайда болып жатқанмен, олардың саны әлі де тым аз. Сол себепті де алма ағаштарын орман өсіру жобасына енгізуді кейінге қалдыруға тура келіп тұр, – дейді «Астана орманы» ЖШС бас агрономы Ардақ Хасенов. – Біздің өндірістік тәжірибенің нәтижесі бойынша елорданың жасыл белдеуінің территориясында теліп будандастырылған алма ағашының қысқа төзімді сұрыптарын өсіруге толық мүмкіндік бар. Мұндай көшеттерді қаламыздың ағаш пен бұталарды өсіруге қолайлы топырағы бар жерлерге, яғни саябақ, бау-бақша және жеке үйлердің жанындағы учаскелерге отырғызып, жеміс алуға болады. Тек оңтүстік жақтан әкелінген алма көшеттері елорданың қысына шыдамайды. Сондықтан алма көшеттерін сатып алғанда сақ болу керек. Жалпы, ағаш отырғызу оңай жұмыс емес, бірақ отырғызылған ағашты өсіру одан да қиын.

Шетел жемісіне тәуелділіктен қалай арылуға болады?

Әр адам бір жылда, яғни 365 күн ішінде 100 келі жеміс-жидек дақылын тұтынуы тиіс. Бұл – біздің ас қорыту қабілетімізге байланысты еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгі әр адамның өсуі, әрі қарай жетілуі үшін тағам институты мен дәрігерлер ұсынған кеңес негізінде бекітілген норматив. Сондықтан еліміздегі 18 миллион адамның әрқайсысын жеміс-жидекпен қамтамасыз ету үшін кем дегенде жылына 800 мың тонна жеміс-жидек өсірілуі керек. Алайда 2017 жылғы есепке сәйкес, Қазақстан бойынша алманың 74 пайызы сырттан сатылып алыныпты.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, алма өсіруден әлем бойынша АҚШ пен Қытай көш бастап тұр. Іргеміз тиіп тұрғандықтан, Қытай алмалары бізге көп тасымалданады. Содан соң Ресей, Өзбекстан, Қырғыз­стан, Тәжікстан, Түркияның алмалары әкелінеді. Алайда Қытай өнімі десе, сапасына күмәнмен қарап, санамызда қорқыныштың қылаң беретіні де жасырын емес.
Қытай алмасының біздің базарларды жаулап алғаны өтірік емес. Дегенмен әлі де елді отандық өніммен толық қамтамасыз ететін мүмкіндігіміз бар екенін айтады сарапшылар. Ол үшін бақты суармалы жерлерге салу қажет деседі. Алайда суармалы жерлер бізде өте аз, болса да ондай жердің көбі жекенің қолында тәрізді. Бұл жағы қолбайлау болып отырса керек. Сондықтан алдағы уақытта суармалы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару қажет. Өйткені алма – қай жер болса, сол жерге өсе бермейтін кірпияз дақыл.
– Бұл шаруашылық алға басу үшін көшет өсіретін питомник­терді дамытып, дайын өнімді сақтайтын заманауи қоймалар салу керек. Сол сияқты алманы сатудан гөрі оны қайта өңдеуден көбірек пайда табуға болады. Мысалы, шырын өндірісі. Дүкендегі тетропакет шырыны қымбат. Оның үстіне, ол – таза емес, әртүрлі дәмдеуіштер қосылған химикат. Өкінішке қарай, елімізде тонналап шырын өндіретін зауыт жоқтың қасы. Осы бағыт жақсылап қолға алынып, саланың фитосанитарлық жағдайы жақсартылып, бақ шаруашылығын ұзақ мерзімге қаржыландыру ұйымдастырылса, шетел алмасына тәуелділіктен арыла аламыз, – дейді сарапшылар.
Осыған дейін алма шаруа­шылығына Үкімет тарапынан тиісті деңгейде қолдау көрсетілмеген көрінеді. Мүмкін енді қолға алынар…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button