Жаңалықтар

«ЖАЗЫП ҚОЙҒАН ХАТПЕН ТЕҢ»



ERA_7066

Кеудесі алтын сандық қазыналы қариямен дидарласу бір ғанибет.

Бұрнағы күні «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің ақ дастарханында Ұлы Отан соғысының майдангері, көрнекті журналист, «Алеф» еврей мәдени-ағарту, қоғамдық-саяси қоғамының төрағасы Моисей Михайлович Гольдберг қонақта болып, емен-жарқын шырайда ғибратты әңгіме өрбітті.

Талай зобалаңды көзімен көрген бекзат болмыс иесінің жасы бүгінде тоқсанды алқымдап қалса да санасы сергек, қайраты әлі қалпында. Заманында игі жақсылардың алдын көрген, тәлімін алған, өзі де солармен терезесі тең дәрежеде сөйлесіп, білім тоқайластырған санаткер журналистің айтар әңгімесі  естір құлаққа сіңімді, дәмділеу. Әр нәрсенің басын бір шалмай, жүйелеп сөйлейтін майдангер өзі көзімен көріп, бел ортасында жүрген сұм соғысты емес, одан кейінгі бейбіт өмір туралы байыпты сөз қозғады. Қарт қаламгер жазу өнеріне балалық шағынан құштар болған. Кітапты да құнығып оқыған. Сол шақтары өзі туып-өскен өлкеде шығатын жасөспірімдерге арналған «Пионерская правда» секілді  газеттерде алғашқы дүниесі жарық көрген. Бұл   қаламды қадір тұтқан дарынды балаға кәдімгідей қанат бітірген. Жалпы, жазу өнеріне талпынған адамның жүрек қылында бір нәзік мұң жатады. Біздің кейіпкеріміздің әкесі колхоз төрағасы болып жүргенде жалған жаламен ұсталып, із-түзсіз кетеді. Осы зілдей уайым оның бойынан әлі күнге дейін өшпегенін, әкеге деген сағынышының басылмағанын сөз арасында сығымдап айтып қалды. «Рас айтсам, әкемнің сүйегі қайда қалғанын білмеймін. Кейінірек, көп жылдар өткен соң туған ауылға барғанда оның көзін көрген тұстастарынан сұрадым. Ешкім жарытып ештеңе айтпады. Сонда да әкемнің бейнесі есімнен бір сәт кеткен емес» деп, ол терең күрсінді. Әкесі жаламен айдалып кеткеннен кейін анасы мен жалғыз қарындасы үшеуі сонау Украинадан Қазақ еліне, оның ішінде Керекуге қоныс аударады. Осы өлкеден 1943 жылы әскер қатарына шақырылады.

– Жыл сайын 9 мамырды асыға күтемін. Өйткені, ол мен үшін қос бірдей қуанышты қатар алып келеді. Біріншіден, бұл барлық жұрт қастер тұтатын Ұлы Жеңіс мерекесі болса, екіншіден, соғыста алған жарақатымнан айығып, Павлодарға оралып, облыстық «Большевистский путь» газетінде журналистік  еңбек жолым басталды, – деп сөз сабақтады қаламгер.

Иә, осылай басталған бір аяқ жолдың кейін даңғылға айналып,1955 жылы Кеңес Одағы кезінде барлық ресми ақпаратты елге тарататын орталық саналған ТАСС-тың Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі болды. Мұндай ауқымы ірі мекемеге ол кезде көптің бірі емес, сыннан сүрінбей өткен саңлақтардың ғана бағы жанып, қызметке алынатын. Сол кездері еліміздің солтүстік облыстарында «тың игеру» науқаны басталды. Неғұрлым, «тыңды» жеделдетсек, соғұрлым «коммунизмге» бұрын жетеміз деген СОКП Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущёв  Ақмола өлкесіне сапарлап келген кезде жас журналист Моисей онымен жүздесіп, салиқалы сұхбат жүргізген. Ол жайында ардагердің сол кездесуді бейнелейтін бас хатшымен бірге түскен фотосуреттері бар. Сурет демекші, аға буын әріптесіміздің ел білетін, тіпті, атағы әлемге жайылған бірқатар айтулы тұлғалармен түскен суреттерінің өзі бір қараға татырлық екен.

Ұлан-ғайыр қазақ жерінде 70 жылдан аса уақыт-тан бері тұрып жатқан ақсақал халқымыздың көрнекті тұлғаларымен сыйлас, сырлас болған­дығын да аса бір жылылықпен  айтып өтті. Әсіресе, Халық Қаһарманы Әзербайжан Мәмбетов туралы, оның ғажайып өнері жайлы тамсана сөйледі. Кезінде осы қазақ режиссеріне Мәскеудің зиялы қауым өкілдерінің өзі жоғары баға беріп, оны тік тұрып сыйлайтындығына таң қалғанын жасырмады.

Моисей Михайловичтің Ташкенттен қоныс аударған қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген Руслан Тұрынтаев деген скрипкашы өреннің аса дарынды қабілетін көріп, оның Мәскеу консерваториясында сапалы білім алуына ел ағаларының назарын аударып, қол ұшын созғаны да – кісілігі мол жанның көреген қасиеті деп ұғынған жөн. Сол талантты жігіт бүгінгі таңда бүкіл әлем өнерпаздарының алдында жүрген жүйріктердің бірі саналады.

«Қазыналы қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп айтқан Шал ақын туған өңірде бәйтеректей бой тартқан қаламгерден тағылымды сөз көп айтылды. Біз оны мақалаға ықшамдап қана алдық. Сөз арасында қария журналистердің қойған сұрақтарына да жауап берді. «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Аяған Сандыбай ардагерге естелік сый ұсынды. Осы киелі жердің дәмі тартып, нанын адал жеген өзге ұлттың өкілі болса да қазақтың ары мен жаны үшін басын бәйгеге тігіп, ізгілікті іс жасаған Дмитрий Снегин, Герольд Белгер секілді  дүниеден озған текті тұлғалар болды. Бүгінгі таңда осы ардақты есімдердің қатарына  көзі тірі соғыс ардагері, қарт қаламгер Моисей Михайлович Гольдбергті де қосуға болады…

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button