Басты ақпаратЕлорда тынысы

Желаяқтар жарысы

Астана қаласында алғаш рет күміс деңгейдегі Astana Meeting World indoor tour турнирі өтті. Мұндай деңгейдегі жарыс ТМД елдері арасында Қазақстан алғаш рет өткізді. Астана қаласының әкімдігі ұйытқы болған спорттық іс-шараға 100-ге жуық жеңіл атлет қатысты. 

Турнирдің салтанатты ашылуында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов және Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясы президенті Даниал Ахметов ашты.

– Astana Silver Grand Prix Meeting турниріне қатысу үшін Астанаға әлемнің үздік жеңіл атлеттері арнайы келді. Қазақстан АҚШ, Германия, Франция, Сербия, Словакия және Чехиямен бірге жеңіл атлетика сериясының күміс деңгейін ұйымдастырушылар құрамына енді, – деді федерация президенті Даниал Ахметов.

Бұл турнир отандық жеңіл атлетиканы дамытуда үлкен серпін беріп, спортшылар арасындағы бәсекелестікті арттырады.

– Халықаралық деңгейдегі турнирге әлемнің 15 елінен кіл мықты спортшылар қатысты. Бұл отандық жеңіл атлеттердің деңгейін өсіріп, жаңа буынның қалыптасуына оң әсер етеді, – деді министр Асхат Оралов.

Турнирге қатысушылар жеңіл атлетиканың 10 түрінен өзара мықтыны анықтады.

Байрақты бәсеке ерлер арасында 60 метрге кедергімен жүгіру сайысынан басталды. Жарыстың бұл түрінде кубалық Роджерс Ирибарн (нәтижесі 7.62 секунд) отандасымыз
Давид Ефремовтан (7.65 секунд) бірнеше милесекундқа озып, жеңіске жетті.

Еске сала кетейік, турнир аясында дәл осы тәртіпте Давид Ефремов алдын ала жүгіру кезінде 7,62 секунд нәтижесімен Қазақстан рекордын жаңартты.

Ерлер арасында 400 метрге жүгіруден отандасымыз Михаил Литвин 46.41 секундта мәрені бірінші кессе, Андрей Соколов 46.74 секунд нәтижесімен 2-орынға тұрақтады. Бразилиялық Александр Руссо 47.70 секунд нәтижесін көрсетіп, үшінші орынды місе тұтты.

Әйелдер арасында 60 метр жүгіруден отандасымыз Ольга Сафронова (7. 30 секунд) португалиялық Ариалис Гандуллаға (7.18 секунд) есе жіберіп мәре сызығын екінші болып кесті. Үшінші орынға аустралиялық Магдалена Линдер (7.43 секунд) жайғасты.

Әйелдер арасында ұзындыққа секіруде 6.32 метрді бағындырған өзбекстандық Дарья Резничен дараланды. Қазақстандық Анастасия Рыпакова (5.89 метр) пен Алина Чистякова (5.84 метр) екінші үшінші орынды өзара бөлісті.

Ерлер арасында 800 метрге жүгіруден 1-орынға хорватия­лық Марино Блудек (1:48.23) нәтижесімен, кениялық Николас Киплангат 1:48.31 нәтижесімен 2-орынға, ал үшінші орынға словениялық Жан Вукович 1:48.72 нәтижесімен жүлделі орындарды алды.

Қызықтың көкесі 1500 метр қашықтықта өрбіді. Африка құрлығының желаяқтары еуропалықтардан жылдам екенін тағы дәлелдеді. Кениялық Джаринтер Мвасья (4:14.26 секунд) мәреге бірінші келсе, оның артынша эфиопиялық Хирут Мешеша (4:14.40 секунд) келді. Ал португалиялық Камила Гомес 4:26.63 нәтижесімен 3-орын иеленді.

Турнирдің тартысты додасының бірі – әйелдер арасында биіктікке секіруде орын алды. Биікке құсша серпілгендер арасында қазақстандық спортшылардың мерейі биік болды. Сөйтіп, бірінші орынды Надежда Дубовицая (1.93 метр), екінші орынды Кристина Овчинникова (1.89 метр), үшінші орынды Елизавета Матвеева (1.89 метр) алды.

Әйелдер арасында 400 метр қашықтықта Элина Михина (55.14 секунд) үздік болса, екінші және үшінші орынды Александра Залюбовская (55.28 секунд) пен Кристина Кондрашова (55.87секунд) иеленді.

Ерлер арасында 60 метрге жүгіруден америкалық Макл Роджерс топ жарды. Ол аталмыш қашықтықты 6.664 секунд ішінде жүгіріп өтті. Екінші орынға тағы бір АҚШ спортшысы Демек Кемп (6.665) жайғасты. Үздік үштікті португалиялық Фредерико Курвело қорытындылады. Оның көрсеткіші – 6.75 секунд.

Ерлер арасында 3000 метрге жүгіруден Эфиопияның өкілі Али Абдилмана (7:52.43) алдына жан салмай, мәреге бірінші келді. Англиялық Александр Джордж (8:07.55) екінші орын, қазақстандық Алексей ­Гусаровқа (8:27.10) үшінші орын бұйырды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button