Басты ақпаратҚала мен Сала

Төтенше жағдайға тұрақты дайындық керек

Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Қуанар Базарбаев онлайн-брифинг берді.

Астана  қаласындағы тұрғын үйлерде жиі өрт тұ­танып, тұрғындардың  қауіпсіз­дігін қорғау міндеті тұрады. Ара-тұра табиғат тосын мінез танытып, соның салдарынан адамдарды құтқару қажеттілігі туындайды. Қарап тұрсаңыз, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері үнемі сергек жүріп, физикалық тұрғыда бабында болуы тиіс. Екінші жағынан, бұл саланың сапасын арттыруда заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету маңызды. Брифинг барысында осындай сан салалы жұмыстың мән-маңызын түсініп, жауапкершілігін салмақтадық.

– 2022 жылы елорда аумағында 846 төтенше жағдай тіркелді. Оның ішінде табиғи сипаттағысы – 12, техногендік сипатта 834 жағдай орын алды. «112» шұғыл телефон нөміріне түрлі сипаттағы 589122-ден астам қоңырау түсті. Қала тұрғындарына sms-пен 308 хабарлама таратылды.

Департамент бөлімшелері авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 5502 рет шықты. Нәтижесінде жеке құраммен 581 адам құтқарылды, 173 адам эвакуацияланды, 47 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілді, – деді басқарма бастығы.

Өрт – тілсіз жау. Өйткені лау­лаған өрт мүлікті жұтып, тіпті адамның тынысын тарылтып, ажал құштыруы әбден мүмкін. Былтыр 831 өрт тіркеліп, 176 миллион теңгенін материалдық шығыны келген. Оның негізгі себебін Қуанар Базарбаев былай түсіндірді: «Электр жабдығын орнату кезінде техникалық пайдалану ережесін бұзу және жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан орын алады».

Өрт сөндіруші Асқар Забикулин кәсіби қызмет кезінде ерлік көрсетіп, қаза тапты. Бұл оқиға қалың жұртты қайғыртып, төтенше жағдай саласының қызметкерін әлеуметтік тұрғыда қорғап, олардың жалақысын көтеруді талдап-талқылағаны есімізде. Әрине, оның ерлігін дәріптеу мақсатында Астананың бір көшесіне есімін беру ұйғарылды. Мұнымен жүздеген сала мамандарының жағдайы шешілді ме? Бұл сұраққа тиісті сала басшылары мен Үкімет жауап іздеп жатқаны анық.

Елордада өрт қауіпсіздігін 1500-ден астам адам, 13 өрт сөндіру бөлімі қамтамасыз етеді. 2 өрт сөндіру депосының құрылысы жүруде. «Көктал», «Үркер» тұрғын аумағы мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалы ауданындағы №28 көше бойында тағы бір депо салу үшін ЖСҚ әзірленуде.

Наурыз айынан бастап өрт сөндірушілердің жоғары жалақы алады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин хабарлады.  Оның айтуынша, жалақы әртүрлі санаттарға байланысты өседі, төменгі буындағы қызметкерлердің айлығы 180 мың теңгеге дейін көтеріледі.

Өткен жылы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды үйлестіру және уақытылы жою мақсатында қалалық Төтенше жағдайлар комиссиясының 11-отырысы өткізіліпті.

Департамент қызметкерлері ұзындығы 40 шақырым құрайтын 16 қарлы учаскесінің ситуациялық картасын жасап, қысқы кезеңде су айдынында қауіпсіздікті арттыру мақсатында профилактикалық және практикалық жұмыстарды жүргізуді жолға қойыпты.

– Мұз қатысымен ең қауіпті учаскелерде (12 оқу-жаттығу) 348 рейд іс-шарасын бірлесіп жүзеге асырдық. Оның барысында тұрғындармен (2310) мұздағы қауіпсіздік ережесін сақтау бойынша үгіт-насихат материалы (4045 дана) таратылып, нұсқама берілді. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп қала су айдындарының қауіпті учаскелері бойында «мұзға шығуға тыйым салынады» деген 133 ескерту белгісі орнатылды. Жүргізілген профилактикалық жұмыстың нәтижесінде адамдардың қаза болуына жол берілмеді, жедел ден қою күштері мен құралдарымен 4 адам құтқарылды, – деді ведомство басшысы.

2022 жылғы су тасқыны кезеңіне жолдарды аралау нәтижесінде 25 су тасқыны қауіпті учаске анықтап, құтқару бөлімшелерімен 52307 метр куб еріген және жерасты сулары сорылып, тазартылады.

Өрт сөндіру қызметінде 193 техника бар. 2021-2022 жылдары екінші қаржы лизингі шеңберінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен 48 техника жеткізілді.

Генерал-майор Қуанар Базарбаев төтенше жағдай кезінде тұрғындар арнайы операцияларға кедергі келтірмей, қиындықты еңсеру мәдениетін қалыптастыру да маңызды екенін атады.

Расында, өрт шыққан кезде арнайы техника тоқтайтын орын таппай, аса құнды бірнеше минутын жоғалтып алатынын көзбен көріп жүрміз.

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button