Басты ақпаратБілім

Мектеп асханасы тартымды ма?

Оқу жылы басталысымен-ақ мектептердегі бала тамақтануына қатысты түйткілдер үнемі айтылады. Оқу-ағарту министрлігі, Астана қалалық Білім басқармасы осы ретте жаңа талаптың, басқа жүйенің енгізілетінін, күрмеуі көп мәселенің  шешілетінін үнемі айтып жүр. Бірақ, әзірге бұл проблеманың түйіні тарқайтын түрі жоқ. «Астана ақшамы» газеті бұл мәселені үнемі қозғаумен келеді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда мектептердегі асханалардың қызметі дұрыс тамақтану талаптарына жауап бермейді.

Тегін тамақтың сапасы қандай?

Бұдан бұрын да жазылғанындай, былтыр желтоқсан айында Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы бастауыш сыныптарға берілетін тегін тамақтың сапасы төмендеп кеткенін мәлімдеген еді.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиевтің сөзіне қарағанда, мектеп асханасындағы ас мәзірін қайта қарау керек. Қазір мәзірлердің сапасы төмендеп кеткен.

«Мемлекеттің бір балаға деп бөлетін ақшасы жетпегендіктен кәсіпкерлер үнемдеуге көшеді. Олар өздерін шығынға батырып жұмыс істемейді ғой. Олар бұл іске пайда табу үшін барып отыр» дейді ол.

Елорда мектептеріндегі бастауыш сыныптарға мемлекет есебінен тегін берілетін тамақтың мәзір құны 30 пайыз өсетіні туралы өткен жылдың желтоқсан айының басында айтылды. Осылайша 2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап бастауыш сыныптағы бір оқушының күн сайын тамақтануына қазіргі 449,5 теңгенің орнына 581 теңге бөлінуде. Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиевтің сөзіне қарағанда, кейінгі 3-4 жылдың ішінде бір балаға 449 теңге қарастырылған.

«Қарасаңыз, тамақ бағасы жылына бірнеше рет қымбаттап жатыр. Бізде мектептерге тамақтандыру қызметін ұсынатын кәсіпорындардың қауымдастықтары бар. Олардың айтуынша, бүгінгі таңда бір балаға шаққандағы тамақтандыру қаражаты кемінде 1000 теңге болу керек. Бұл мәселені біз көтерген кезде 1 қарашадан бастап 600 теңгеге, одан кейін 2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап 1000 теңгеге көтеру керек еді. Бізге сондай уәде берілген. Бірақ қазір 449 теңге сол қалпы қалып отыр. Бұл кәсіпкерлер құқығына ғана қатысты мәселе емес. Тамақтандыру тиісті деңгейде болмаса, балалардың физиологиялық дамуына зиян келуі мүмкін. Мектеп асханасындағы ас мәзірін қайта қарау керек. Қазір мәзірлердің сапасы төмендеп кеткен. Мемлекеттің бір балаға деп бөлетін ақшасы жетпегендіктен кәсіпкерлер үнемдеуге көшеді. Олар өздерін шығынға батырып жұмыс істемейді ғой. Олар бұл іске пайда табу үшін барып отыр» деді палата өкілі.

Сонда қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова жаңа жылдан бастап бастауыш сыныптарды тамақтандыруға бюджеттен бөлінетін қаржы көбейетінін жеткізген болатын.

Енді тамақтандыру құнын 2023 жылдың қаңтарынан бастап 30 пайыз көтеру жоспарланып отыр. Қазір бір баланы тамақтандыруға күн сайын 449 теңге 50 тиын бөлінсе, қаңтардан бастап 584 теңге болады. Бұл – орташа баға. Өңірлердегі бағаны қарадық. Ең үлкен баға 600 теңгенің айналасында болып шықты» деген болатын Римма Иманғазинова.

Халық қалаулылары не дейді?

Жуырда ғана Астана қалалық мәслихаты хатшысы Ерлан ­Каналимов мектеп асханасындағы ас мәзіріне қатысты ұсыныс айтты. Астана қаласы мәслихатының әлеу­меттік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында бас қаланың білім беру мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыру жұмысы қаралды.

Ерлан Каналимов:

– Мектептегі бастауыш, орта, жоғары сыныптар арасында жасырын сауалнама жүргіздік. Балалардың жартысы мектеп асханасына барғысы келмейді. Сондықтан күн сайын ата-анасынан ақша сұрайды. Өйткені әр күні бірдей тағамдар беріледі, яғни суға піскен макаронды, дәмсіз күрішті алдарына қояды. Атап айтқанда, бұл жағдай кейбір мектептерде кездесетіні расталып отыр. Бұл туралы бақылау топтары, комиссиялар, ата-аналар комитеттері де айтып жатқан шығар. Балалардың қарны тоқ болғанын қалаймыз ғой. Сондықтан тамақтандыру ақысын 585 теңгеге дейін көтеріп жатыр­мыз. Бұл да қолдау ғой? Осы орайда бөлінген қаржыға қарай балаларға барынша пайдасы болуы тиіс. Қалалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінсе де, тамақ оқушылардың қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Мектеп асханаларының ескірген материалдық-техникалық базасы көңілге кірбің ұялататыны анық. Ата-­аналардың айтуынша, балалары мектеп асханаларында тамақ ішпейді, тағам дәмді емес немесе төмен калориялы болғандықтан, балалар оны ұнатпайды. Осы уақытқа дейін жалға алушылар бұл мәселелердің шешімін таппай жүр. Жақын арада әріптестерімізбен бірге бірқатар мектеп асханасын аралап, жергілікті жерлерде жағдайды жақсарту жолын табамыз. Былтыр аумағында дүкендері бар 17 білім беру нысаны тіркелген. Мектеп жанындағы дүкендер балаларға зиян тәттілер мен сусындар сатады. Бұл мәселеге біржола нүкте қою керек. Мектептер табыс жасайтын орын емес, бұл жерде білім беру керек».

Білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов:

– Қаладағы 96 мектепте 200 мыңға жуық оқушы, соның ішінде бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылған. Олардың жалпы саны – 95 655. Соның 90 мыңға жуығы 1-4-сынып оқушысы болса, қалғаны – жеңілдікті санаттарға жататын 5-11-сынып шәкірттері.

Биылғы 1 қаңтардан бастап бір баланы тамақтандыру бағасы 30 пайызға өсті. Былтыр 449 теңге болса, биыл 584 теңгеге ұлғайды. Оған бюджеттен 9,5 миллиард теңге қарастырылды. Ас мәзірі өзгеріссіз қалды. Бірақ бағаның өсуіне азық-түліктің қымбаттауы себеп болды. Қазіргі таңда тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша 96 мектепті қамтитын барлығы 14 жеткізуші жұмылдырылды. Жыл сайын басқарма төрт апталық маусымдық мәзірді Қазақ тағамтану академиясының тағамтану мәселелері институтымен келіседі.

Жыл сайын басқарма 4 апталық маусымдық (жаз, күз, қыс, көктем) мәзірді Қазақ тамақтану академиясының тамақтану мәселелері институтымен келісілетін оқушылардың тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттар негізінде бекітеді. Қаланың әрбір мектебінде сапаны бақылау жөніндегі бракераж комиссиясы жұмыс жасайды (оның құрамына қамқоршылық кеңесінің мүшелері, директор, медицина қызметкері, әлеуметтік педагог және қалауы бойынша ата-аналар (кемінде 10 адам) кіреді). Қазіргі уақытта қалалық бракераждық комиссияның құрамы бекітілді, мониторинг 2023 жылдың ақпан айында басталады. Енді мектептердің буфет өнімдерінің бағасы белгіленеді. Мектеп асханаларындағы бағалар қызмет көрсетушілердің қалауы бойынша ерікті емес, орташа аймақтық бағаларды ескере отырып, қалыптастырылады. Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректер және статистика органдарының мәліметтері негізге алынады. Жеткізушілер мәзірге және конкурстық құжаттамада көрсетілген бағаларға сәйкес қатаң жұмыс істейтін болады. Асханаларының мәзірі жарияланатын «Мектеп мәзірі» платформасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Ата-аналар платформаның арқасында балалардың тамақтануын бақылай алады, тағамдардың фотосуреттері, мәзірлер және білім беру ресурсындағы шығындар арқылы тамақтану мен қызметтердің сапасын бағалай алады. Платформаға елорданың барлық 99 мемлекеттік мектебі қосылған.

«Сондай-ақ қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесін енгізуге тоқталғым келеді. Қазіргі уақытта «Balapey», «Төлем», «Е-Асхана»  қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесін  жеткізушілермен елорданың асханаларында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бәсекелестік орта көрсетілетін қызметтердің бағасы мен сапасының теңгеріміне, сондай-ақ оқушылар үшін қолайлылық деңгейін арттыруға жағдай жасайды. Астана қаласында алғаш рет «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске асырылуда, соның арқасында халықтың әлеуметтік осал топтарының  5936 баласы көрінбейтін болып, қалған оқушылардың қасында құқықтарына нұқсан келтірілмейді. Сонымен қатар, «Әлеуметтік әмиян» тамақтану қызметтерін, кіру тобының турникетін, жол жүруді біріктіреді және мұның бәрі «Күнделік» цифрлық білім беру платформасында көрініс табады» деді Н.Еламанов.

Шетелде балалар қалай тамақтанып жүр?

Балалар мен жасөспірімдердің дамуы мен өсуі тамақ пен азықтық заттардың дұрыс балансын қажет етеді. Дұрыс тамақтану балалар мен жасөспірімдерде әртүрлі аурулардың пайда болуына жол бермейді, сонымен қатар олардың өмір бойы дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастырады. Осы себепті шетелдерде мектептегі білім беруден бастап дұрыс тамақтануды қалыптастыру механизмдері жолға қойылған.

Мысалы, Австралияда мектеп асханаларында азық-түлік қауіпсіздігі бойынша бақылаушы жұмыс істейді. Бақылаушы өз қызметін жүзеге асыру үшін арнайы дайындығы және сертификаты болуы керек. Оның міндеттеріне мектеп асханаларының азық-түлік қауіпсіздігінің заңды талаптарына сәйкестігін бақылау, мектеп оқушылары мен қызметкерлеріне тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы ақпарат беру кіреді.

Финляндия – балаларды мектепте тегін тамақпен қамтамасыз еткен әлемдегі бірінші мемлекет. 1948 жылдан бастап оқушыларды тегін тамақтандыру жүйесі жолға қойылған.

Финляндияда мектептегі тамақтану ережелерін белгілейтін арнайы кеңес бар. Бұл елде мектептегі азық-түлікті бақылайтын және бағалау үшін жергілікті әкімдіктер жауапты, тамақтың дәмі мен температурасына да ерекше мән беріледі. Мектеп асханасында мәзірде көрсетілгеннен басқа өнімдерді сатуға тыйым салынады.

Шотландияда 2007 жылы «Мектептерде денсаулықты нығайту және тамақтану туралы» заң қабылданған. Ол мектептегі түскі ас, тамақ пен сусындар үшін стандарттарды белгілейді. Сонымен қатар, мектептерде сатуға тыйым салынған өнімдер мен сусындардың тізімі бекітілген.

Дұрыс тамақтану тәртібі Еуропа мен Азияның елдерінде, сондай-ақ АҚШ мектептерінде де ұйымдастырылған. Мысалы, Италиядағы мектептің тамағына әдетте ет, көкөніс және жеміс қосылған макарон, ал Швецияда салатқа арналған негізгі тағам мен көкөністер кіреді. Оңтүстік Кореяда студенттер күріш, сорпа, кимчи, жеміс-жидек және йогурт сусындарын жейді. Америка Құрама Штаттарында ұлттық мектеп бағдарламасының көмегінде мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Мысалы, бағдарлама арқылы 2016 жылы 13,6 миллиард долларға 30,4 миллионнан астам бала жеңілдетілген бағамен немесе тегін түскі аспен қамтамасыз етілген.

Эстонияда үкімет әрбір тағам үшін 1 еуро көлемінде субсидия береді. Қалған шығындарды жергілікті билік органы немесе баланың қамқоршылары яки екі тарап өтейді. Польшада да бастауыш мектеп асханалары да ішінара субсидияланады. Атап айтқанда, ата-аналар тамаққа ақша төлейді.

P.S: Мектепте тамақтануды жақсы ұйымдас­тыру – уақытының көбін мектепте өткізетін оқушы үшін денсаулығын жақсартудың кепілі. Мектептегі тамақтану жүйесін жаңғырту – білім беру саласының маңызды міндеттерінің бірі.

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button