Жаңалықтар

ЖЕҢІС КҮНІ ЖЕЛАЯҚТАР ЖАРЫСТЫ



Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай бүгін «Елорда жастары зорлық-зомбылыққа қарсы» ұранымен жеңіл атлетикадан эстафеталық жарыс өтті. Астана қаласы әкімдігіне қарасты Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйытқысымен ұйымдастырылған шараға 500-ден аса адам қатысты.

Эстафета 280-670 метрлік 14 кезеңнен тұрды. Жалпы арақашықтықты қосқанда 6225 метрді құрайтын жарыс Жеңіс даңғылынан басталып, Әлия Молдағұлова көшесіне ұласты. Жас желаяқтар әрі қарай Бейбітшілікке бұрылып, Кенесары көшесінен бірақ шықты. Жол патрульдік полицияның қадағалауымен бұл жерлерде көлік қозғалысы уақытша шектелді.

KBB_8887

Спортшылар Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион алдындағы мәрені кесіп өтті. Қатысушылар аталмыш дистанцияны 15 минут ішінде еңсерді. Бәйгенің көш басынан Гуманитарлық колледж студенттері көрінді. Аталмыш оқу орнының шәкірті, эстафетаның тұрақты қатысушысы Гузель Нұрманова «Бірінші кезеңнен-ақ жүгірушілердің топ басында болдық. Кейін 32 мектеп оқушысымен иық тіресе келдік те, мәреге жақындағанда бәрін едәуір артқа қалдырып, абсолютті чемпиондыққа жеттік. Біздің команда жыл сайын бас жүлдені қанжығаға байлап үйренген. Себебі, денешынықтыру ұстаздары эстафетаның қыр-сырына  әрдайым баулиды» дейді.

KBB_8898
«Бұл – дәстүрлі жарыс. Эстафета 1952 жылдан бері әр мамырдың тоғызында өтіп келеді. Ауа-райы кедергі болған емес. Қар жауса да, жаңбыр құйып тұрса да, күрескерлік жігеріміз жасымаған. Кім жүгіреді демейміз, балалардың дайындығы, спорттық шараларға деген ынтасы қуантарлық» дейді жарыстың бас төрешісі, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Старостин. Оқушылар арасынан 25 мектеп топ жарса, жалпы эстафетаның барлық кезеңі бойынша Гуманитарлық колледж командасы жеңімпаз атанды. Жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан медальдермен марапатталып, естелік сыйлықтарға кенелді.
Сондай-ақ бүгін Киокушинкай-кан каратэ федерациясының тәрбиеленушілері ақ кимономен 2900 метрді жүгіріп өтті. Бұқаралық жүгіріске 500 ден аса каратэші қатысты. Олар Салтанат сарайы, Қорғалжын тас жолы бойымен Тұран даңғылына өтіп, Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда жиналды. Шара соңында қала тұрғындары каратэшілердің өнерін тамашалады.

Мәдина ЖАҚЫП




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button