ЖаңалықтарҚала тіршілігі

ЖҰРТ ҚЫЗЫҚҚАН ЖӘРМЕҢКЕ



ERM_3915

Ауылдың азық-түлігі Астанадағы ауыл­ша­руашылық жәрмеңкесіне келушілердің зор сұранысына ие болып отыр.

Жеміс-жидек, көкөніс, ақ тағамның түр-түрі, қойдың, жыл­қының еті – мұнда бәрі жетерлік. Астаналықтар қы­рыққабатты қаптап, шие, құлпынайды жәші­гімен әкетіп жатыр. Балқаш пен Аты­рау­­дың әйгілі балығы да осы жерден табылады.

Астанада жұма, сенбі, жек­сенбіде ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу игі дәс­түрге айналған. Апта сайын осы күндері Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы ор­талық стадион мен «Думан» ойын-сауық орталығының автотұрақ аумағында тауар өндірушілердің саудасы қызады. Жәрмеңкедегі азық-түліктің бәрі Ақмола және Қарағанды облысының керуенімен жеткізіледі. Жергілікті кәсіпорын өнім­дері де сатылымға түсіп келеді. Жалпы, мұндағы баға қала нарығынан 10-15 па­йызға төмен.

Біз сөзге тартқан Ұлжан Айғазиева есімді астаналық тұрғынның жәрмеңкеге бірінші келуі екен. Азық-түлікті бұрын «Шапағат» базарынан алатын ол өзі тұратын үйіне жақын, яғни сол жағалауда осындай жәрмеңкенің ашылғанына қуанышты екенін жасырмады. «Жақсы болды. Енді сонау жақтан ап-ауыр дорбаны арқалап жүрмеймін. Бұл жәрмеңке де басқалардан кем емес. Қаймағы мен сары майы ерекше ұнады. Жеміс-жидектің де сапасы көңі­лім­нен шықты» деген Ұлжан 15 мыңға сауда жасағанын да жеткізді.

Ауылшаруашылық жәр­меңкесінде азық-түлік өнімдеріне таңдау кең. Жұ­мыртқаның түрлі сорттары Степняк, Ақкөл қалаларынан, Малиновка ауылынан әке­лінеді. 10 данасы 180-300 теңге аралығында сатылып жатыр.

Қалың көпшілік жәрмеңкеге сүт өнімдері үшін келетінін айтты. Біз сол сүт өнімдері сатылып жатқан сөрелерге жақындап, тұрақты тұтыну­шылардың сөзіне құлақ ас­тық. Қараөткелдің қымы­зын, Көкшетаудың сары майын мақтап жатқан жұрт­шы­лық­тың көңіл-күйінен бұл жәрмеңкенің көпшілікке жақ­қанын ұққандай болдық.

– Төрт-түлік малымыздың рақатын, маңдай теріміздің жемісін осы жәрмеңкеден көреміз. Саудамызға рұқсат берген Астана қаласы әкімдігіне рақмет! Жәрмеңкеге жент, қай­мақ, құрт-ірімшік, май, қымыз секілді өнімдерімізді әкелдік. Мұның бәрін әйелім, екі келінім, қызым дайындайды. Ағайын-туыс төрт отбасы бірігіп, осы шаруаны жүргізіп, нәпақа тауып жатқан жайымыз бар. Халық риза. Апта емес, араға күн салып келетін тұтынушылар да пайда болды, – дейді сатушы Бауыржан Таласбаев. Шаруа қожайыны ауылдағы мал басын жасыруды жөн санады. «Санын айтсам, өліп қалуы мүмкін» деп ырымдады үлкен кісі.

Астаналықтарға бұл жерден 500 теңгеге 1 литр қымыз немесе 1 кг ірімшік алуға мүмкіндігі бар. Ал, ауылдың нағыз қою қаймағы орташа есеппен мың теңгеден сатылып жатыр. Қаймақ кезегінде тұрғандардың көптігіне қарап, оның сапасының жақсы екенін аңғармай қоймайсың.
Жәрмеңкедегі бағаларды кәдімгі базардағымен салыстыра келе, азғантай ғана айыр­ма­шылық байқадық. Соның бірі осы балыққа тиесілі. Мұндағы балықтың бағасы 100-200 теңгеге арзан болып шықты. Оның үстіне, «Думан» бойындағы жәрмеңке дәл осы балығымен танымал екен. Саудагер Әбілғазы айналдырған үш сағаттың ішінде 200 келі балық саудалап үлгеріпті. Ең көп өтетіні – сазан мен шортан дейді ол. Біздің алдымызда Ольга Анатольевна есімді апа 6 келі сазан балығын алып жатты. Ол жәрмеңкеге апта сайын бір келеді. «Орталықтағыдай кезек көп емес, керегіңді асықпай жүріп еркін таңдайсың» дейді.

Расымен, жәрмеңкені аралау барысында ұзын-сонар кезекті байқамадық. Сөрелердің арасы кең. Десек те, бұл жәрмеңкенің саудасы жүрмейді деген сөз емес. Мәселен, сәуірден бастап ауылшаруашылық жәрмеңкесі 36 рет ұйымдастырылған. Сол аралықта 670 тоннаға жуық өнім иесін тапты. Ал, өткен аптадағы біз барған жәрмеңкенің қорытындысы бойынша 32 мил­лион теңгені құрайтын 64 тонна өнім сатылыпты. Демек, елордалық тұрғынның дастарханы құнарлы тағамдарға толып, көңілі марқайып қалғаны сөзсіз.

Мәдина ЖАҚЫП




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button