Басты ақпаратҚала мен Сала

ГҮЛДЕНЕ БЕР, АСТАНА!

Елорда төрінде жайқалған  қызыл-жасыл гүлдер көздің жауын алады. Қаламызды ерекше сұлулыққа бөлеп, сәні мен салтанатын  жарастырып  тұр.  Жаз шықса болды,  көшелерге  гүлдің небір түрлері отырғызылып, айнала құлпырып шыға келеді.

ERM_4189

Жылдағы дәстүр бойынша бас қалада гүл отырғызу жұмыстары мамыр айында басталды. Қа­ланың жасыл желегіне жауап­ты «Астана көгалдандыру» АҚ мекемесі биыл 162 288 шаршы метр жерге гүл отырғызып үлгерді. Оның ішінде біржылдық және көпжылдық өсімдіктер, 25 мыңға жуық раушан гүлінің көшеті бар. Ал, қала гүлбақтары мен көше гүлзарларын әрлеу үшін 7 млн 700 мыңнан астам гүл егілген.

– Әсем шаһардың шырайын келтіру үшін нәзік гүлдердің бабы барынша күтімді қажет етеді. Биыл Алматы ауданында – 50 мың шаршы метр, Есіл ауданында – 90 мың шаршы метр, Сарыарқа ауданында 20 мың шаршы метр жерге гүл егілді. Біздің мекеме елорданың жас көшеттерін отырғызып қана қоймай, оны бағып-қағумен айналысады. Сондықтан, жүк­телген міндеттерді орындау үшін мекеме құрамында көгал­дандыру құрылысы, күрделі құрылыс, тәлімбақ, жылыжай шаруашылығы, ландшафтық жобалау шеберханасы, бас инженер қызметі сияқты 15 қызмет түрі іске қосылған.

Біз елорданың қатаң топы­рақты-климаттық жағдай­ларын ескере отырып, ірі ағаштарды жер кесегімен қоса жерсіндіру технологиясын қолданамыз. Яғни, ағаш арнайы контейнерлермен тасымалданып, егілу жерінің топырағы 100% ауыс­тырылады, – дейді «Астана көгал­дандыру құрылысы» АҚ бас агрономы Аманжол Кебекбаев.

ERM_6629

ДЕРЕК
Қаланың жасыл желегіне жауапты «Астана көгал­дан­дыру» АҚ меке­месі биыл 162 288 шаршы метр жерге гүл отыр­ғызып үлгерді.
Биыл Алматы ауданында – 50 мың шаршы метр, Есіл ауданында – 90 мың шаршы метр, Сарыарқа ауданында 20 мың шаршы метр жерге гүл егілді.

Иә, кез келген жоба идеядан басталады. Сол секілді елор­да­лық гүл өсірушілер қаланы сән­­деуде адам мен табиғат, технология мен дәстүр, зат пен түр арасындағы үйлесімдікке баса назар аударады. Нәтижесінде гүл өсірудің нағыз технология­сы қалыптасты.

Саябақты безендіруге жауап­ты қызметкер Гүлнәр Сыз­ды­қованың айтуынша, гүлдердің бәрі жылыжайда өсіріледі. Ашық алаңдағы үлкен-үлкен гүлтө­сем­нің жасалуы оңай шаруа емес. Отырғызылған гүлдердің түр-түсінің өзінен мерекелік салтанат сезілуі тиіс. Ол үшін түстерді тиімді қолданып, гүл кілемдердің оюын айқындап алады. Ажарын ашу үшін ақ мәрмәрдің қиыршық тастарын төсейді. Ұлттық бояу­ымызды көрсететін оюларды білікті де білімді дизайнерлеріміз жасайтынын алға тартады.

Мамандардың пікірінше, елорданы көркейтуге көбіне біржылдық өсімдіктер қолда­нылады. Сол гүлдердің тамыры жайқалғанға дейінгі күтімі бірнеше кезеңдерді қамтиды, аса төзімділікті қажет етеді. Гүлзарларды сапалы екпе гүл көшеттерімен қамтамасыз ету үшін елордада 2 жылыжай кешені жұмыс істейді. Онда 3 174 700 біржылдық және 800 000 кілем тәрізді гүл көшеттері өсіріледі. Жылыжайда шырайгүлдің 16, бар­қытгүлдің 3, алиссиумның 2, арыстан ауыздың 5, виоланың 11, нарқайсардың 5 түсі бар. Жалпы, 85 түрлі гүлдің тұқымы егіледі екен.
Әрине, гүл өсірудің машақаты көп. Жерді өңдеу, тұқымды егу, суару, желдету, қопсыту, отау, тыңайту, таңбалау секілді жұмыстарға 1800 адам тынымсыз еңбек етеді. 253 арнаулы техника жұмылдырылады. Бір ғана қалемшелеу әдісімен өсірілетін алуан гүлдердің жиынтық саны 800 000-нан асатын көрінеді. Олардың қатарында альтернантера, седум, цинерария, эхеверия, қамыс, сенеция, бозот және тағы басқа гүлдердің түр-түрлері бар. Қаланың сәнін келтіріп тұрған піл, керік, тасбақа, хоккей ойыншысы, «Табиғатты аяла» композициясы, жер шары, түйелер, құмыра, футбол добы және басқа да жасыл мүсіндердің денесі осы гүлдермен безендіріледі.

Бүгінде «Президенттiк бақ», «Арай», «Жерұйық» сая­бақ­­тары, «Ақорда», «Қазақ елі» алаңдары мен «Шабыт» шығармашылық сарайы, «Студенттер» саябағы мен қалалық әкімдік, Абай ескерткішінің аумағы және тағы басқа жерлер жайнап тұр.

МАМАН ПІКІРІ
Нұргүл ҚАЙРАТҚЫЗЫ, флорист:
БҰЛ ФЕСТИВАЛЬ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК…
Жыл сайын елордада өтетін гүлдер көрмесіне тұрақты қатысып келемін. Ал биылғы жылы Астанада тұңғыш рет өткен гүлдер фестивалін тамашалау үшін Алматыдан келіп қа­тыстым. Шараға қа­ланы көріктендіруге, жасылдандыруға атсалысып жүрген дизайнерлер мен флористер шақырылды. Онда біз өзіміздің гүлден жасаған композицияларымызды қала тұрғындарына ұсындық. Астана ме­рекесі қарсаңында өткен фестиваль тек көрме ғана емес, айтулы жиында алуан гүлдің түрлері сатылды. Гүл баптаумен айналысатын мамандар гүл шоқтарын қалай безендіруді үйретті. Икебана жа­сауды үйрететін шеберлік сыныптарға қатысқысы келген қонақтардың қарасы көп болады. Маған Голландия, Ресей, Германия елдерінен келген гүл өсіруші шеберлермен тәжірибе алмасқан ұнайды.
цветы

Атап өткен жөн, жыл сайын маусым айында қалада гүлдер фестивалі ұйымдастырылады. Биылғы фестиваль «Гүлдене бер, менің Қазақстаным!» деген атаумен өтті. Дәстүрлі шара өзге фестивальдерден ерекшеленді. Мұнда 32 мыңнан астам гүлмен жасалған «Дельфин», «Тірі та­биғат», «Шляпа» секілді фи­гуралардың композициясы ұсы­нылды. Сонымен қатар, қала қонақтары иісі керемет сабындар дайындауды үйренді. Біржылдық өсімдіктерді бағып-қағудың тың тәсілдерін үйреніп, гүл базарынан жергілікті және шетелде өсетін гүл көшеттерін сатып алуға мүмкіндік туды. Халық «Гүлді асхана» бағдарламасы бойынша гүлдердің қалпына ұқсатылып жасалған, тіл үйірер тағамдардан ауыз тиді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button