Руханият

Жыл он екі ай амалдары

16-22 наурыз – Бес қонақ. Бес күн бұлың, кейде боран болады.
27-28 наурыз – Құс қанаты. Қалықтап қар жауады. Халық бұл ырымды «Қардың басын қар алар, ханның басын қара алар» деседі. Осы қармен бірге жыл құсы ілесе келеді. Кейде жаңбырға да ұласады.
4-5 сәуір – От амалы. Қыстың бір күндік соңғы бораны. Мұнан кейін қыс малға отты біржола береді.
18-19 сәуір – Қызыр қамшысы. Аспанда алғаш рет найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Кейде бір күндік суық та түседі. Отау- отау болып көкте жүзген жаздың бұлты шығады.
28-29 сәуір – Бүршік жарған. Бір күндік суық. Тобылғы, қараған бүршігін жарады.
9 мамыр – Қызыл жұмыртқа. Бір күндік салқын. Осы күні адал құстар қаз-үйрек жұмыртқасын жарып, қызыл-шақа балапанын шығарады.
17-24 – Құралай. Осы күндері желі мен жаңбырымен қоса киік лағын өргізеді.
29-31 мамыр – Үркердің батуы. Үркер шалшыққа батса, яғни, осы күндері жаңбыр болса, жаз жаңбырлы болады деген болжам бар. Осыдан бір аптадан кейін шілденің ыстығы басталады. Ол 40 күнге созылмақ.


15-17 сарша – Үркердің тол­ғағы. Арқаның табиғаты бұ­зылмай тұрғанда бұл шамада аптаға созылатын жаңбыр болған. Шілденің аптабынан кейінгі осы жауынды халық асыға күткен.
14-15 тамыз – Таразының тууы. Халық арасында «таразы туа таң суыр» деген мәтел бар. Күз нышаны алғашқы суық білінеді. Бұлт қоюлана түседі.
21-22 қыркүйек – Сүмбіле жұлдызының тууы. Ел арасында «Сүмбіле туа су суыр» деген мәтел бар. Қабағын түйген күз жаңбырлатып кетеді.
4-5 қазан Боқырау деп аталады. Алғашқы суық бой көрсетіп, боққа қырау тұрады.
14-19 қазан Ақыраптың алты күні деп аталады. Бұл күндері қазақ жұлдызшылары тезектің өте майда күлін сағат сайын ұшырып отырып, желдің бағытын, күшін, бұлттың жо­ғары-төмендігін, алғашқы ұш­қын қардың жобасын байқап, қыстың алты айындағы ауа райын болжаған.
18-19 қараша – Қараша қаздың қайтуы. Жаңбыр соңы көктайғаққа ұласады.
4-5 ақпан – (М.Әуезов жел­тоқсанды ақпан айы дейді) – Қырбастың қызылы. Алғашқы аяз, кей жылдары аяз күрт көтеріліп, 30-35 жетеді.
17-22 желтоқсан – Теке бұрқыл. Арқаның атақты бораны. Осы шамада арқар мен киік жұптасады.
1-2 қаңтар – Күн таласы. Күн бойын көтереді дейді ел. Жапалақтап, қар жауады. (Кейде жаңбыр да сіркірейді)
17-27 қаңтар – Сары аяз. Қыс шілдесі деп те аталады. Аяздың шарықтау шегі.
3-5 наурыз Үт – Үркер ауған. Тас төбеге шарықтап шыққан үркер жұлдызы төбеден сәл батысқа қарай сырғиды. Осыдан кейін Арқада 30 градустан асар аяз болмайды. Бұл күндері бірер күндік бұрқасын жүріп өтеді.
5-7 наурыз – Толқыма. Алғаш­қы жылымық, Үркер жамбасқа түсері.
17-19 наурыз – Май боран. Бес қонақтың бір күні. Босаға жұлдызының тууына орай Босаға басы деп те аталады.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button