Мәдениет

Жыр бәйгесінде – жас ақындар

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының мұрындық болуымен елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздік күні мен Тұңғыш Президент күніне арналған «Тәуелсіздігім – теңдігім, егемендігім – елдігім» атты жас ақындар айтысы өтті.

Суырыпсалма ақындар «Тәуелсіздігім – тұғырым», «Алашым – ардағым», «Рухани жаңғыру – мұратым», «Туған жер – тұрағым», «Тілім – тұмарым» тақырыптарын, сонымен қатар, еңселі елорданың кешегісі мен бүгінін жырға қосты.
– Ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздері арқылы тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттап, ел егемендігі жолындағы Елбасының атқарған игі істерін ұлықтау, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын паш ету, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным, талғамын ұлт руханиятына бағыттау, қазақтың төл өнері, құдіретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру, қолданыс аясын кеңейту – бұл айтысты өткізудегі басты мақсат. Сондай-ақ, жақында ғана жазба ақындар арасында да жыр-мүшәйраларын өткізген болатынбыз, – дейді Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев тілшілерге берген сұхбатында.
Алматы, Арқалық, Семей, Қызылорда, Павлодар, Шымкент қалалары мен Торғай, Шығыс Қазақстан өңірлерінің намысын қорғаған Қуаныш Нұржанов, Тоба Өтепбаев, Нәрия Ақбабақызы сынды 19 бен 29 жас аралығындағы 9 ақын сөз жарыстырды. Шашасына шаң жұқпаған жас ақындардың жыр додасын тамашалауға жиналған көрермен Жастар сарайының залына лық толды. Ақындардың шабытын шақырып, атой салып, қиқулап отырған көрермен арасында зиялы қауым өкілдері де болды.
Айтыс сахнасы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жыршы-термеші Айгүл Елшібаеваның ән шашуымен шымылдық түрді. Сахнаға алғашқы жұп болып шығысқазақстандық Нәрия Ақбабақызы мен қызылордалық Мұхамеджан Мансұров сөз сайыс­тырды. Бір-бірін жарасымды әзіл-қалжыңмен қағытып отырған жұп қыз бен жігіттің айтысын жасап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Келесі кезекте торғайлық Тоба Өтепбаев пен Қызылорда ақыны Төрехан Совет айтысты. Табан астында суырыпсалып айтысқан бұл жұп арасында тақырыптан ауытқып, бір-бірінің шымбайына тиетін сөздерге де жол беріп алды. Тоба Өтепбаев қарсыласының есімін сөз етіп, «Төрехан деген атыңның салмағы болғанымен, ол атқа ла­йық қауқарың жоқ» деп еді, Төрехан Совет: «Кенесары хан, Абылай хан сынды бабаларым барда мен неге осал болуым керек?» деп өлеңмен өріп жауап берді. Төреханның айтуынша, ол осы айтыс­тағы ең жас ақын болса, Тоба солардың ең ересегі көрінеді. Осыны нысанасына алған Төрехан қарсыласына «Өрімдей жастардың арасында не істеп жүрсің?» деп қо­йып қалды. Бірақ Тоба ақын да қарап қалмады, «Сен сияқты жүгермектерді жөнге салатын мен сияқты бір үлкеннің болғаны дұрыс» деп жауап қайтарды. Бұл айтыста Тоба Өтепбаевтың айтысын жоғары бағалаған қазылар алқасы бірыңғай 10 ұпайдан берді.
Айтыскер ақын Аманжол Әлтаев тізгіндеген жыр кешінде Қонысбай Әбілов бастаған Қалқаман Сарин, Балғынбек Имашев сынды бірқатар қазақтың сөз өнерінің мерейін асырып жүрген азулы ақындар от ауызды, орақ тілді жас айтыскерлердің шабысына қазылық жасады.
Салиқалы ой, салмақты сөз айтып, жыр бәйгесінде ат оздырған Тоба Өтепбаев І орынды қанжығасына байлады. Ал ІІ орынды Шымкент ақыны Аян Ниязбеков, ІІІ орынды керекулік Нұрқанат Қайрат иеленсе, торғайлық Айбар Рағатов арнайы жүлдені еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Астана қаласы әкімінің атынан арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұрдәулет Кәкішев

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button